Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша оқушылар сарайы, фитнес клуб, караоке, боулинг орталықтары қайтадан жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ойын-сауық кешендері, сауда үйлері мен барлық базарлар кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Қоғамдық көліктерге де шектеу қойылды. Балабақшаларда тек кезекші топтар қалады. Ал жазғы лагерьлер, кинотеатрлар ашылмайтын болды. Халыққа қызмет орталықтары қайтадан онлайн форматына ауысты. Бүгін облыста тағы 15 адамнан ауру анықталды. Жұқпалы дерттің таралуына байланысты Тайынша қаласы карантинге жабылды.
– Тайынша қаласында үш күнде 4 адам ауруға шалдықты. Осыған байланысты онда қайтадан блок-посттар қойылып, кіріп-шығуға тыйым салынды. Тұрғындардан барынша сақ болуды сұраймыз. Маска киіп, ара қашықтықты сақтаңыздар. Талаптар орындалмаса, карантиндік тәртіпті тағы да күшейтуге мәжбүр боламыз, - деп хабарлады тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов.