Таразда қоғамдық көліктер қозғалды
Таразда қоғамдық көліктер қозғалды
400
оқылды
Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мәлім етті.     Жалпы  15-ші маусымнан бастап облыс орталығында қоғамдық көлік қозғалысына  сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін және  17.00-ден 20.00-ге дейін рұқсат етіледі. Қоғамдық көліктер антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал такси қызметін тиісті санитарлық-гигиеналық жағдайды қамтамасыз еткен, материалдық-техникалық мүмкіндіктері бар ресми тіркелген ұйымдар ұсына алады.      Десе де, Жамбылда коронавирус инфекциясымен ауырғандардың саны азаймауына байланысты кейбір сақтық шаралары күшейтілген режимде тұр.

Атап айтсақ, саябақтарға, алаңдарға және скверлерге, жағалауларға қашықтықты және маскалық режимді сақтай отырып, сағат 06.00-ден 22.00-ге дейін баруға ғана рұқсат беріледі. 65 жастан асқан адамдарға, созылмалы аурулары бар «қауіп-қатер» тобына жататын азаматтарға көшеге шықпау ескертіледі. Орын саны 50-ден аспайтын қоғамдық тамақтану нысандарына орындар арасында 2 метр қашықтықты сақтай отырып, сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін белгіленіп отыр. Азық-түлік супермаркеттері мен  дүкендердің жұмысы сағат 8.00-ден  22.00-ге дейін деп бекітілген. Сұлулық салондары, шаштараздар (алдын ала жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Азық-түлік супермаркеттері, дүкендер, қоғамдық көлік аялдамалары (күніне кемінде екі рет) жұмыс істейтін әрбір рейс алдында қоғамдық көліктің жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып өңдеу жүргізуді қамтамасыз ету қажет.

Көлемі 2000 шаршы метрден астам сауда орталықтарының, түнгі клуб, дискотека, қоғамдық монша, сауна, бассейндердің, ойын-сауық орталықтары, фудкорттар, кинотеатрлар, компьютерлік және ойын клубтары, балаларды сауықтыру лагерьлері, діни ұйымдар, 50-ден астам отыратын орындары бар қоғамдық тамақтану объектілері, концерт залдары мен цирк қойылымдары, автомобиль және мал базарларының жұмысына рұқсат жоқ.

Карантиндік жағдайдың тұрақты болуына байланысты Мойынқұм, Меркі, Жуалы аудандарында азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, қоғамдық моншаның жұмысын жандандыруына болады. Бұқаралық отбасылық және спорттық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Шектеулерге немқұрайды  қарағандарға  қолданыстағы заңнама шеңберінде шаралар қабылданады.

Дегенмен, дәріхана, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, автостанциялар, қонақүйлер, автожанармай құю және автогаз құю станциялары, тігін және аяқ киім шеберханалары, байланыс және телекоммуникация қызметтерін көрсету жөніндегі ұйымдар, ауыл шаруашылығы жануарлары үшін жемді сату нүктелері, пошталық, курьерлік қызметтер, мамандандырылған күзет ұйымдары, жеке медициналық орталықтар сынды мекемелердің қалыпты режимде жұмыс жасауларына мүмкіндік бар.

 

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы