Біздің қоғам үшін жаңа тәжірибе саналатын праймериз – ішкі таңдау арқылы партия қатарындағы ең мықтыларды іріктеуге жол ашады. Осыған дейін партиялық тізіммен сайлауға түскен азаматтарға енді іс жүзінде өзінің шын мәнінде мықты әрі сол орынға лайықты екенін дәлелдеуге мүмкіндік туындайды.
Биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін саяси додаға түсу үшін бұрын партия қатарында болмаса да өзінің тындырымды тірліктері арқылы қоғамның дамуына атсалысып жүрген азаматтардың партия қатарына өтіп, праймеризге түсуіне жол ашылмақ. Яғни, бұрын саяси ұйымға мүше ретінде енгізілмеген азаматтардың лайықты бағдарламасы мен нақты ұсыныстары болса, праймеризге қатысып, бағын сынап көруіне жағдай жасалғалы отыр.
Еліміздің көшбасшы партиясы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп қолға алған праймериз нағыз сайлауға дейінгі – сайлау. Қысқаша түйіндегенде, праймериз – негізгі сайлауға абыройлы әрі көптің көңілінен шығатын үміткерлерді шығару үшін саяси ұйымның өз ішінде жасалатын таңдауы. Сондықтан өзін осы праймеризге қатысу арқылы елдің дамуына сүбелі үлес қоса аламын дейтін кез келген белсенді азаматтарды аталған сайлауалды іріктеуге түсіп, бағын сынап көруге шақырамын.
Бүгінде қанша уақыттан бері партия ішінде қызу талқыланып келген праймериз өткізу тәсілі Саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруімен арнайы ереже болып қабылданды. Енді халық қалаулысы болу үшін бірқатар ашық сынақтан мүдірмей өтіп, өз білім-білігіңді дәлелдеуің керек. Елдің өзекті мәселесін көтерген тұғырнама әзірлеп, қызу өтетін пікірталаста жоба-жоспарыңды жіті таныстырып, жеткізуің қажет. Демек, сіз бен бізді алдағы уақытта қызықты әрі маңызды тұғырнамалар мен жалынды пікірталас күтіп тұр.
Мұратәлі ҚАЛМҰРАТОВ,
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы
төрағасының орынбасары