Екпеден бас тарту құқығын бермек
Қынжылтатыны сол, адамзаттың көз алдындағы айғақтарға қарамастан, Қазақстанда да COVID-19 вирусының бар екеніне шүбә келтіретіндер жетеді. Олардың айтуынша, «бұл – адам денесіне чип енгізу үшін әлем алпауыттары ойлап тапқан сылтау». «Қастандық теориясымен» (теория заговора) тығыз астасып жатқан идеяны, әсіресе Ресей қоздыруда. Кеңес кезінен белгілі киноактер, режиссер Никита Михалков, танымал модель және тележүргізуші Виктория Боня, бірқатар саясаттанушы, қоғам белсенділері мен блогерлер осы теорияны тықпалаумен келеді. Өкінішке қарай, қазақстандық ақпарат айдынында солтүстік көршінің ықпалы зор. Салдарынан, негізінен Ресей бастаған ТМД елдерінің тұрғындары Билл Гейтстің қызметіне және «адамзатқа қарсы қылмыстарына» тергеу жүргізуді талап еткен жаһандық петицияға қол қоюшылар санын бір ай ішінде жарты миллионнан асырды (We Call For Investigations Into The Bill & Melinda Gates Foundation For Medical Malpractice & Crimes Against Humanity, бүгінде 586 820 адам қол қойған). Осы теорияны ілгерілетушілер саны Қазақстанда да көп болып тұр. Олар әлеуметтік желілерде және мессенджерлер арқылы елді екпе салғызбауға үндеді. Бұлардың екпіні мен тепкінінің тегеурінді болғаны сонша, Парламент депутаттарына өткен жылы өз қарауына берілген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің үкіметтік жобасын қайта қарауға тура келді. Өйткені онда халықты аса қауіпті індеттерге қарсы жаппай әрі міндетті вакцинациялау туралы айтылған. 11 маусымдағы отырыста Сенат Денсаулық кодексі жобасын құптап, түзетулер енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Төменгі палата келіссе, құжат «Парламент қабылдады» болып танылады. Сонымен, сенаторлар кодекстің «Қазақстан азаматтарының құқықтары» атты 77-бабы 1-тармағын жаңа 18-тармақшамен толықтыруды ұсынып отыр. Оған сәйкес, қазақстандықтар бұдан былай «емделуден, басқа да медициналық араласулардан, соның ішінде профилактикалық екпелерден бас тартуға құқылы» болады. Бұл ретте қарапайым халық сарапшылардың «қарапайым шприцпен чип енгізу мүмкін емес» деген байсалды дәйектемесіне құлақ аспады. Есіл-дерті екпені тыйғызу болды.Жұртты не алаңдатып жүр?
Сонда Билл Гейтс барша адамзатты чиптеп шығады деген ерсі теорияға сенушілер өз сөзін қалай дәйектейді? Қазақстандық қоғам белсендісі Анарбек Абдуллин Duke University профессоры Линда Лидің зерттеу еңбектеріне жүгіне отырып, жаһандық вакциналар нарығының 92%-ын небәрі 4 ірі фармкомпания (Merck, Sanofi Pasteur, GlaxoSmithKline, Wyeth) меншіктеп алғанына назар аудартады. «Ал вакцинациялау нарығының дамуын анықтайтын басты ойыншылар – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ, сондай-ақ Билл мен Мелинда Гейтс құрған Вакциналар мен иммундау бойынша жаһандық альянс (GAVI). Өткен ХХ ғасырда эпидемиялық аурулардың тұтас түрлері жойылды. Тиісінше, вакцинаға деген сұраныс төмендеді. Әрі қарай адамдар арасында гигиена деңгейінің артуы, өркениет игіліктерінің өркен жаюы және індетке үн қату тәсілдерінің жетілдірілуі эпидемияға қатысты ахуалды бақылауға ұстауға мүмкіндік береді деген сенім болды. Алайда 2000 жылы GAVI құрылғалы әлемде тосыннан шығу-тегі белгісіз вирустар тарала бастады да, вакцинациялау мәселесі қайтадан дүниежүзілік күн тәртібіне шыға келді. Біз азаматпыз, сұрақ қоюға құқылымыз! Адамдардың денсаулығына қамқорлық пен фармбизнестің табыс табуына қамқорлықтың шекарасы, аражігі қай жерде өтеді? Оны бізге кім көрсетеді?», – дейді А.Абдуллин. Ал Станислав Боярин АҚШ президенті Д.Трамптың шешімімен «Американың ДДСҰ-ны қаржыландыруын тоқтатуында бір гәп бар» дейді. «Себебі ДДСҰ мемлекеттердің емес, Билл Гейтстің мүддесін ілгерілетуде белсенділік танытқаны әшкереленуде. Осыған орай, ДДСҰ-ның жемқорлығы үшін оны сотқа беруіміз қажет деп санаймын. Әйтпесе, Б.Гейтс әртүрлі елдердегі заңды үкіметтерді биліктен тайдырып, адамдарды жануарлардан даралар «Тәңір генін» жоюды мақсат тұтып отыр. Мысалы, ол адам денесінің қимылы туралы мәліметтерді пайдаланатын криптовалюталық жүйені тіркеп, патент алды. Ендеше Билл Гейтс пен Майкрософт адамзат туралы әртүрлі ақпарат жинау және жаппай вакцинациялау арқылы әлемдегі билікті жаулап алмай тұрғанда оған қарсы сотқа талап-арыз беру керек. Қазақстан Үкіметі халықты – Билл Гейтс жоспарынан, ал Қазақстанның тәуелсіздігін – трансұлттық корпорациялардың қарау қарекеттерінен қорғауға ниетті ме?» деп сұрайды С.Боярин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке жазған хатында. Ал Асқар Жұмағалиев не дейді? Өз болашағына, елдің ертеңіне алаңдаған азаматтардың көңіліне демеу болып, сеніміне селкеу түсірмеуге барынша талаптану орнына Цифрлық даму министрлігі: «Сіз көтеріп отырған мәселе біздің министрліктің қызмет аясына кірмейді» деген жалтарма жауап қайыра салған.Сауатты халық сан соқпайды
Кейбір түймедей мәселелердің түйедей дәрежеге дейін өсіп, өршуінің бір себебі – шенеуніктердің халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе білмейтіні болса керек. Бұған қоса, денсаулық сақтау органдарын жемқорлық жайлауы, әлдебір компаниялардан сапасыз вакциналардың сатып алынуы, салдарынан оның бірқатар баланың бойындағы тыныш жатқан кеселді қоздырып, сал болып қалуына соқтыруы, дерттің екпеден келгенін сезетін ата-аналардың әділет таппауы, өтемақы ала алмауы, ақыр соңында адамдардың мұндай ем-дом шараларынан үрейленуіне әкелді. «Мен балама биліктің вакцинаны зорлап салғызуына қарсымын!» деді жақында, 6 маусымда заңсыз наразылық акциясына шыққан кейбір ата-ана. Депутаттар халықты тыңдай келе, бас тарту құқығын беруде. Алда COVID-19 індетін тоқтату міндеті тұр. Егер отандық не шетелдік вакцинаның коронавирусқа тиімді қарсы тұра алатыны түпкілікті дәлелденсе, екпені ДДСҰ мақұлдаса, Қазақстан оны егуді міндеттей алмай қалуы мүмкін. Бұл – әрине, елге үлкен қауіп. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз блогында ДДСҰ, ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдардың қызметін тексеру қазақстандық ДСМ құзырына кірмейтінін хабарлады. «Әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан халықты чиптеу туралы ақпарат – фейк. Осыған байланысты меморгандардың ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында орналастырылған ақпаратты пайдалануды ұсынамыз», – деді ведомство басшысы. Не себепті фейк екенін ол дәйектемейді. Ал дәйексіз сөздің мәйегі жоқ. Бұл балаға еш түсіндірусіз «секірме!» деп жеки берумен тең. Министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті иммундаудың басты мақсаты – тиімді вакцина арқылы халықты инфекциялық дерттен қорғау дейді. «Ана сүтімен берілетін табиғи иммунитет 6 айға қарай әлсірей бастайды. Шешесінен бөбекке көшетін антиденелер сәбиді қорғау үшін жеткілікті бола бермейді. Екпелер аса қауіпті, ауыр салдарға және өлімге соқтыратын жұқпалы ауруларға қарсы егіледі. Мысалы, күл ауруында (дифтерия) өлім-жітім 50%-ды құрайды, кесел жүрекке, бүйрекке шабады. В вирустық гепатиті бауыр циррозына, гепатоцеллюлярлық карциномаға дейін өршуі ықтимал. Қызылша пневмонияға, ларингитке, трахеобранхитке, отитке дейін күрделенуі мүмкін. Сіреспе ауруында адамның өлу жағдайы 70-100%-дан асады. Пневмококк инфекциясы сырқат балалардың 28%-ының мерт болуына себеп. Полиомиелит 100% салға соқтырады», – дейді департамент. Меморган Қазақстанға әкелінетін вакциналар сертификатталатынын және преквалифициялаудан өтетінін жеткізді. Бұған қоса, олар Дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы зертханасында сапа қауіпсіздігіне тексерілетін көрінеді. «Кейінгі 20 жылда елде дерттердің азаюы иммундаудың тиімділігін айғақтайды. Қазақстанда қызамық (краснуха) 1998 жылғы 15 346 оқиғадан 2018 жылғы 1 оқиғаға дейін 3 мың есе; паротит 1998 жылғы 5 490 оқиғадан 2018 жылы 38-ге дейін 140 есе; В гепатиті 3 943 оқиғадан 95-ке дейін 40 еседей азайды. 1996 жылдан бері дифтерия, полиомиелит оқиғалары тіркелмеді. Бүгінде әлемде В гепатиті вирусы бар 350 миллион адам өмір сүруде, жыл сайын 250 мың адам өледі. Онымен тек бұрын ауырып айыққандар немесе вакцинацияланған адамдар ғана ауырмайды. Қалған адамдардың барлығына оны жұқтыру қаупі төнеді», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті. Мемлекет өз азаматтарын жаппай вакцинациялау арқылы елде «ұжымдық иммунитет» қалыптастырады. Сарапшылардың айтуынша, екпеден бас тартқандар үлесі тым көбейсе, ол ұлттың ауыр індеттерге қарсы тұру қабілеті төмендейді. Жаппай тараған инфекциямен күрес экономикаға ауыртпалық түсіріп, нұқсан келтіреді. Одан халықтың әл-ауқаты нашарлайды. Кедейшілік батпағына батқан ел індеттің таралуына қолды бір-ақ сілтейді: оған аурудан өле ме, аштан өле ме, енді бәрібір. Латын Америкасы елдері, Бразилия, Азиядағы Үндістан халқы дәл осындай тұйыққа тірелді. Эквадорда коронавирустан өлген адамдардың мүрдесі көшеде жатқанын халықаралық ақпарат құралдары көрсетті. Қазақ елі мұндай зұлматтан аман болсын делік. Құдай «сақтансаң – сақтаймын» деген ғой.Айхан ШӘРІП