5G 2009 жылы пайда болған 4G-дің ізбасары деуге болады. Бұл жүйе 4G-ден мың есеге дейін жылдамырақ. Мәселен, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Сондықтан 5G бізді сапалы видеоларымен, әртүрлі VR-форматтарымен қуантуы әбден мүмкін. Басты мақсат – тек ойын-сауықты дамыту емес. Бұл бизнес үрдісінде жаңа кезеңнің туындауына әсер етпек. Заманауи бизнес әлдеқашан цифрланған, енді оған өнімділіктің жаңа айналымы қажет. Қарапайым тұтынушылар 5G желісінің жылдамдығын қажет ете бермегенімен, жаңа технологияларды енгізгеннен кейін оған деген қажеттілік міндетті түрде пайда болатыны сөзсіз.
Бюджет қаржысы жұмсалмайды
Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5G технологиясын енгізу жоспарланған. Наурыз айында Президенттің қатысуымен өткен мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі кеңесте 5G ірі қалаларда енгізілетіні айтылды. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5G пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. «Қазіргі кезде елімізде смартфондарда пайдаланылып жүрген 4G технологиясы кеңінен тараған. Енді 5G іске қосылатын жиілік спекторы бойынша жұмыстар атқарылуда. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте тестілік аумақтарды қойдық. Тестілеу нәтижесі интернеттің жақсы нәтижесін көрсетті», – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы Қуанышбек Есекеев. Осы орайда, жаңа технологияны дамытуда қаржыны байланыс операторларының өздері салады. «Операторлар 5G енгізуге қаржы салады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде осы тақырыпқа қатысты талқылаулар жүргізілуде», – деді компания басшысы. Бұл тұрғыда 5G желісін бірнеше оператордың бірлесіп пайдалануы туралы ұсыныстар айтылды. Бірлесіп пайдалану өзге елдердің тәжірибесінде бар. Мәселен, Ұлыбританияда British Telecom операторлары елді біртұтас инфрақұрылымды оператор жасауды жоспарлап отыр. АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда желіні бірнеше операторлар арасында аймаққа бөліп, ортақ бір желіні бірігіп пайдалану көзделген екен. Бұл 4G желісінің құрылысында да жиі қолданылып келген. Беларусьте 4G желісі бірыңғай мемлекеттік оператор BeCloud-тың көмегімен салынды, ал Қазақстанда Beeline және Kcell арасында 4G желісін бірігіп пайдалану туралы келісім бар.Ол бізге не береді?
5G мобильді желілерін енгізу – әлемдік тренд. Бұл өз кезегінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Біріншіден, жоғары жылдамдықпен алыстағы ауыл-аймақтар мен қала сыртындағы елді мекендерді қамтамасыз етпек. Интернет жоғары жылдамдықта болса, телемедицинаның дамуына септігін тигізері сөзсіз. Сонымен бірге елдегі мектептердің жартысынан көбі ауылдық елді мекендерде екенін ескерсек, заманауи сандық білім беруде байланыстың бесінші буынының көмегі зор болмақ. Екіншіден, 5G қымбат технология болғанымен, барлық абоненттерге байланыстың бірыңғай сапа деңгейі мен трафикке бағалардың төмендеуі болады. Ал «жаңа желі құрылысына керекті инвестициялар 4G желісімен салыстырғанда төрт-бес есеге қымбат болады», – дейді сарапшылар. Үшіншіден, IT саласының дамуына және мемлекетті цифрландыруға үлес қосады. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, соңғы он жылда елімізде желіні дамыту мен жабдықтауға 1 трлн теңге инвестиция салынған. Оның тең жартысы «Қазақтелеком» АҚ-на тиесілі.5G-дан келер қауіп бар ма?
Жаңа технологияның пайдасымен қатар зияны да ілесе жүрмек. 5G-ге көшу үшін стансалар жиі орнатылмақ. Көпшілік антенна санының артуы адам ағзасына зиян тигізетінін айтуда. Мамандар мұны растайды. Жылдам жұмыс істейтін электромагниттік желінің толқындары адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қомайды. Дәрігерлердің сөзінше, денедегі тіндер аталған толқындарға бейімделгенімен, бас ауруы, қан қысымы мен жүрек соғысы жиілейді екен. Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев адам денсаулығына ұялы байланыс антенналарының әсері туралы айтып, алаңдамауға шақырды. «Әрбір базалық станса үшін тиісті санитарлық паспорт беріледі. Тұрғын үйдің үстіне ұялы байланыс антеннасы міндетті санитарлық аумақ талаптарына сәйкес орнатылады. Сондықтан тұрғындарға алаңдаудың реті жоқ» деген болатын. Тағы бір мәселе, бұрынғы желілерге қарағанда 5G-ге бұзып кіру қиын. Сондықтан қазір бұл мәселе үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Мамандар Қытайдың 5G жабдығы, чиптері, бағдарламасы басқа мемлекеттерде шпиондық жасауға бейімделуі мүмкін деген пікірде. Мәселен, былтыр Австралия өзінің телекоммуникациялық операторларын Huawei және ZTE компанияларының 5G-мен жабдықтауына тыйым салған. Verizon мен оның бәсекелесі AT&T болса, Huawei телефондарын сату жоспарын тоқтатқан болатын.5G-ді қолдана бастады
Былтыр сәуір айында Оңтүстік Кореяның SK Telecom компаниясы бүкіл ел аумағында 5G қызметін іске қосты. Ал Samsung Electronics осы сымсыз интернет желісіне бейімделген телефондарын сата бастады. Ал АҚШ Verizon Communications компаниясы Миннеаполис пен Чикагода 5G сервисін енгізген. Ал AT&T компаниясы 5G-ді өткен жылдың соңында толық іске қосты. Көптеген компания жаңа желіге сәйкес смартфондар шығу ісін бастап кеткен. Біз сөз етіп отырған телекоммуникация жүйесінің бесінші сатысы биыл Еуропада толық енгізілмек. Euronews ақпараты бойынша, Еуропалық комиссия бұл жүйені келесі онжылдықта цифрлы экономика мен қоғамға ең маңызды блок болады және 5G жасанды интеллектінің артуына әсер етеді деген сенімде. «Еуроодақ бұл технология бойынша 2016 жылы жоспар құрып, 2020 жылы 5G 28 мүше-мемлекетте іске қосылатынын айтты. 2014 жылдан бастап одақ 5G технологиясына 700 миллион еуро жұмсады, сонымен қатар жеке сектор 3 млн еуро инвестиция салды» деп жазады Euronews. 2024 жылы әлемде 5G-ге қосылған гаджеттер саны 22 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Не де болса, бұл қазіргі технология заманында қажет екені даусыз. Алайда оны тиімді енгізе білу, қаржыны үнемдей білу және ең бастысы адам денсаулығына кері әсерін тигізбеуін қадағалау басты назарда болуы тиіс деген ойдамыз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ