Бірақ осы кеңестің негізгі мақсаты – ақжағалыларды бас салып жазалау емес. Қажет болса, сол мемлекеттік қызметкердің құқығын қорғайды. Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде артық жұмыс істеу фактілері тіркелген. Қызылорда қалалық және Жаңақорған аудандық Мемлекеттік кірістер басқармаларында анықталып отыр. Ол аз десеңіз, еңбек демалысында жүрген адамға негізсіз тәртіптік жаза берілген. Ал қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурс өткізгенде кемшіліктер жіберілген. Біздің елде ең маңызды екі сала болса, соның бірі – мемлекеттік кірістер. Салықшылар жауапты қызметте жүріп, «салақтық» танытқаны қалай? Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрман Талқанбаев Мемлекеттік кірістер департаментінің табалдырығын аттаудың өзі мұңға айналғанын айтып қалды. Биыл ақпан айында Президент әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен өңірде артық жұмыс істеу фактілерін жою үшін мониторингтік топтар құрылған. Сол мониторинг тобының мүшелерін Мемлекеттік кірістер департаменті есігінен аттатпаған көрінеді. Кеңес алдында есеп берген Қызылорда облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов кемшіліктерді жоямыз деп уәде етті. Кеңесте Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі кеңестің уәкілі онлайн байланысқа шықты. Шиеліде кей жауаптылар жұмысына жауапкершілік танытпай тұр. Ел Үкіметі COVID-19 індетімен күресудің жолын іздеп жатса, Қарғалы ауылының тұрғыны елді мекенде дүркіретіп той өткізген. Мұның соңы кісі өлімімен аяқталған. Ал ауыл әкімі болса, карантин режимін қамтамасыз ете алмаған екен. Сонымен қатар ауданға қарасты тағы бір ауылдың әкімі карантин кезінде той өткізуге рұқсат берген. Тіпті, елдегі қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, өзі де сол думан-дүрмектің ортасында болған. Ортақшыл ауылының әкімі де оңып тұрған жоқ. Шиелі ауданындағы әдеп жөніндегі уәкіл Тұрмағанбет Жағыпбаровтың сөзінше, осы тақылеттес сын-пікірдің астында қалған Ортақшыл ауылының әкіміне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Карантин кезінде Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналды. Ол төңкерістік тұрғындармен кездесуде «жиіркеніп тұрмын» деп елдің ашуын тудырғаны бар. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен таралып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің назарына алынады. Бұдан әрі ресми орган өз құзыреті шеңберінде аудан әкімінің орынбасарына қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізген.
Тексеру барысында бейнесюжеттен Б.Ысмағұловтың Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының тұрғындарымен кездесу барысында «жиіркеніп тұрмын», «барлығынан жиіркеніп тұрмын» деген сөздер айтқаны анықталып отыр. Осыған сәйкес 2020 жылғы 13 мамырдағы хатпен Шиелі ауданы әкімінің атына Б.Ысмағұловтан түсініктеме алып, хатшылыққа ұсыну сұратылған болатын. Алайда «Шиелі ауданы әкімі аппаратының 2020 жылғы 14 мамырдағы №10/1-3/685 хатына сәйкес, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов Шиелі ауданы әкімінің 2020 жылғы 13 мамырда, №72-өкімімен өз өтінішіне сәйкес атқарып отырған қызметінен босатылғаны хабарланды», – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Сәкен Жұмаев. Сондықтан Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шиелілік экс-шенеунікке қатысты тәртіптік істі тоқтатты. Жалпы, ауданда жыл басынан бері 10 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза көрілген. Атап айтқанда, 6 қызметкерге ескерту, 2 қызметшіге сөгіс, 2 қызметкерге қатаң сөгіс берілген.
Сонымен қатар кеңесте Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Абдуллаевтың тәртіптік ісі қаралды. Қарасай-Қараш Жорабекұлының Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Қызылорда облысы әкімі Г.Әбдіқалықова ханымға» атты жазбасы жарияланғаны анықталды. Жазба мазмұнында Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Абдуллаев қызметтік автокөлікпен Жаңақорған кентінде орналасқан «Таң» мейрамханасына және «Береке» сауда үйіне барғаны, сонымен қатар А.Иманов көшесінде үш жеңіл көліктің соқтығысуына себепкер болып, бюджет қаражатынан көлікті жөндеткені туралы айтылған. Жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру нәтижесінде болған іс-әрекеттердің жасалған уақытына 6 айдан аса уақыт өтіп кеткені және А.Абдуллаев тарапынан Әдеп кодексінің нормалары бұзылғаны өз дәлелін таппаған. Осылайша, кеңес мүшелері жаңақорғандық шенеунікке қатысты қозғалған тәртіптік істі тоқтатты.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы