Ақмола облысында коронавируске шалдыққандар саны өсті. Бұл туралы облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Облыс орталығында қауіпті дерті жұқтырғандардың үшеуі бір отбасының мүшелері – 1976, 1999 жылғы ер адамдар және 1965 жылғы әйел. Сонымен қатар, тағы үш адамнан медициналық көмекке өздігінен жүгінгеннен кейін анықталды. Олар 1965, 1975 жылғы ер адамдар мен 1979 жылғы әйел. Науқастар дене қызуы, тамақтың жыбырлауы және тыныс алудың қиындауына шағымданған», - дейді ведомстводан.
Бұдан бөлек, Целиноград ауданында 1980 жылғы ер адам, Сандықтау ауданында 1965 жылғы әйел және Шортанды ауданында 1958 жылғы ер адам мен 1989 жылғы әйелде анықталды. Бұлар да діргерлердің көмегіне өздігінен жүгінген.
«Науқастарға бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес медициналық көмек көрсетіледі. Үйде эпидемияға қарсы дезинфекциялау, сондай-ақ, науқастармен байланысты болған адамдары анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізіледі», - дейді Ақмола облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Осы ретте, Ақмола облысында қазіргі таңда COVID-19 жұқтырғандардың саны 205 адамды құрайды. Оның ішінде 141 адам жазылып үйлеріне жіберілген.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясының таралауы жиілеп кетуіне байланысты Көкшетау қаласында 7 блокпост қайтадан қойылып, карантиндік шектеу шаралары күшейтілді.