Көкшетауда ерлі-зайыпты коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Ата-анасына елордадан қонаққа келген ұлы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлады.
"Соңғы тіркелген қайғылы жағдай Нұр-Сұлтан қаласынан ата-анасына қонаққа келген ұлдың отбасында болды. Қазір ол өзі жансақтау бөлімінде жатыр. Екі күн ішінде анасы мен әкесін жер қойнына тапсырды. Өте ауыр жағдай. Көбісі сенбейді, бірақ қазір ахуал күрделі", - деп мәлімдеді Ақмола облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Блокпосттар қайта қойылды
Көкшетауда 15 маусым кешкі 20:00-ден бастап қала аумағы бойынша жеті блокпост орнатылды. Қалаға кіріп-шығатындар толығымен бақыланады. Бұған соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар санының күрт көбейіп кетуі себеп болған.
Бұдан бөлек, облыс аумағында базарлар, азық-түлік, гигиена және тұрмыстық химия тауарларын сататын сауда орталықтарының, қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты шектелді.
Соңғы мәліметтер бойынша Ақмола облысында коронавирус жұқтырған 205 адам тіркелген, соның ішінде 158-і емделіп шықты. Алты адам қайтыс болды.
Бұдан бөлек, індетке шалдыққан, бірақ ауру белгілері жоқ тағы 69 адам бар. Олар ресми статистикаға қосылмайды.