Көшбасшы феномені
Көшбасшы феномені
178
оқылды
Қазіргі Қазақстанның негізін салған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасы мен бірегей болмысына отандық ға­лымдар да, шетелдік зерт­теу­шілер де әу бастан зор қы­зы­ғу­шы­лық танытып, айрықша көңіл аударып келе жатқаны мә­лім. Мен өз мақаламда осынау маңызды тақырыпты тағы да қоз­ғай отырып, Тұңғыш Пре­зи­дент тұлғасының тұтас ауқымы мен  тереңдігіне, оның мемлекет басшысы ретінде қалыптасуына ықпал еткен түрлі факторды өзара байланыста қарастырып, еліміздің игілігі жолындағы жа­сампаз қызметінің барысында жарқырай көрінген көшбас­шы­лық қасиеттеріне лайықты тал­дау жүргізу арқылы ғана то­лық­қанды баға беруге болатынын айрықша атап өткім келеді.  

УАҚЫТ ТАҢДАҒАН ТҰЛҒА

XX ғасырдың соңында бұ­рын­­ғы алып державалардың бірі  – Кеңес Одағының күйреуі сал­дарын ұзаққа созылатын алапат апат­қа теңеуге болар еді. Сол кез­де бұрынғы кеңестік рес­пуб­ли­калар қатарында Қазақстан да аса сирек бұйыратын тәуелсіздік алу мүмкіндігіне ие болды. Бү­гін­де алыста қалған сонау 1991 жыл­ғы оқиғаның қуанышы жақ­сылыққа деген үмітті оят­қан­мен, ол алдағы болашаққа де­ген сенімсіздікпен, кейде тіпті үрей­мен де, түңілу сезімімен де са­бақтасып жатты. Мұндай тағ­дыр сынға түскен шешуші сәтте би­лік тұтқасындағы білікті бас­шы­ның жеке тұлғасы аса маңыз­ды рөл атқаратыны анық. Тарихтың өзі көрсеткендей, да­мудың түрлі кезеңінде қоғамда қан­дай да бір мемлекет көш­бас­шы­сына деген зәрулік пайда бо­лады. Қазақстан үшін де сол бір аласапыран оқиғалардың ал­мағайып ағымында уақыт ты­нысын анық сезінуге, рес­пуб­ли­ка­ның ішінде және сыртында  бол­ып жатқан қоғамдық-саяси процестердің сипатын айқын бағалауға қабілеті жететін жаңа тол­қынның жаңа басшысы ауа­дай қажет еді. Мемлекетті қайта қал­пына келтіру, егемендіктің маз­мұнын байыту, күрт өзге­ріс­тер­ге ұшыраған геосаяси жағ­дай­да елдің лайықты орнын ай­қындау – осы және өзге де аса күр­делі міндеттер ауқымды стра­тегиялық ойлау жүйесін, да­налық пен салиқалылықты, сон­дай-ақ алға қойған мақ­сат­тар­ға қол жеткізу үшін қажет та­­бан­дылықты талап етті. Ол ай­наладағы оқиғалар барысында аң­тарылып қалатын немесе қа­лыптасқан жағдайдың ығымен жү­ре беретін, бірі келіп, бірі ке­тіп жататын қатардағы өзге көп саясаткерден ерекшеленіп тұ­ратын дара тұлға болуы тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев елдің және халықтың алдындағы аса ауыр жауапкершіліктің жүгін өз мойнына алып, ұлттың рухын ояту, мемлекеттілікті жаңғырту мис­сиясын толық орындай ал­ған нақ сондай көшбасшы бола біл­­ді. Болашақтың бұлыңғыр­лы­­ғына, экономикалық бейбе­ре­кеттікке қарамастан, әлеу­мет­тік дағдарыс туындатқан үрей мен күдікті сейілте алған ол Қа­­­­зақстанның дамуын жалпы өр­кениет және ілгерілеу жолына ба­ғыттап, қо­лайсыз оқиғалар ағы­мын кері қа­рай бұра алды. Жо­ғары ст­ра­тегиялық міндеттер мен бет­бұрысты кезеңнің шексіз мүм­кіндігіне және сол алма­ғайып кезеңнің сипатына сай ке­летін мұндай жасампаздықты тек Нұрсұлтан Назарбаев сияқ­ты тұлғалар ғана жүзеге асыра ала­тын еді. Бұл ретте оның бол­мыс-бітімі, өрісті өнегесі ұла­ғатты ұрпақ үшін ғасырлар бойы мыз­ғымас бағдар бола бермек. Жымысқылық пен қулық қабат­таса жүретін әлемдік процестер барысында ол Қазақстанның бейбіт әрі қауіпсіз дамуы үшін қа­жетті барлық жағдайды жа­сады, жаһандық саясаттың те­геу­рінді тұлғасы ретінде даңқ пен құрметке бөленіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырды. Ол мемлекетімізге басшылық жа­саған отыз жылға жуық уақыт  қа­­жырлы еңбек ету, барлық ре­сурс­­тар мен күштерді жұ­мыл­дыру ке­зеңі болды. Сондай-ақ  бұл мез­гілде тынымсыз ізденіс­тер мен тың жетістіктерге, елеулі жаңа­лықтар мен серпілістерге жол ашыл­ды.  Бұл кезең бүгінде қа­зақ­стандықтар шынайы мақ­тан тұ­татын таңғажайып та­быс­тар мен ғаламат жетістіктерді тар­ту ет­кен нағыз «Жасампаздық дәуі­ріне» айналды.  Терең зияткерлікпен, асқан ең­бексүйгіштікпен және мақ­сат­керлікпен ұштасқан мыз­ғы­мас жігерімен, батылдығымен жә­не табандылығымен таныл­ған Нұрсұлтан Назарбаев тұрақ­ты дамудың негізін қалап, он­да­ған жылдар бойы жас мемле­ке­ті­мізді айқын бағытқа батыл бас­тап отырды. Нұрсұлтан Әбішұлының сая­си көшбасшылығының фено­ме­ні оның көпқырлы қызметінің бү­кіл өн бойында көрініс тауып, ол тәуел­сіз Қазақстанның негі­зін қалаушы, дана стратег, ұлы ре­форматор және қазіргі заман­ның көрнекті саяси қайраткері ретінде ұлт тарихына енді.    

ҮЛКЕН ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫНДА

Жасампаздық дегеніміз – өзі­нің концептуалды  мағына­сы­на сәйкес, асқан еңбексүй­гіш­­тікті, төзімділікті, уақытты, ба­сы бүтін берілуді және ең бас­тысы, бүкіл жұмсалып жат­қан күш-жігеріңнің түпкі мақ­са­тын түсінуді талап ететін ма­ша­қаты мол процесс. Бернард Шоудың сөзімен айтар болсақ, «жа­сампаздықтың бастауы – мақ­сатыңды көзге елестете білу».  Жобалаушылардың кінә­сі­нен болған қондырғының кі­нәра­тын қайтсе де жөндеуге болар, ал сая­си қателіктердің салдары тү­зетуге келе қоймайды. Егемендіктің ұзақ жылғы дәс­­түрі қалыптаспаған, эко­но­­ми­касы біржақты дамыған, хал­қы көпдінді және көпэтносты, қоғамы идеялық бос кеңістіктен арыл­маған Қазақстанды басқару үшін ерекше саяси шеберлік пен асқан ептілік қажет еді. Көрнекті шетелдік сарапшылар бірқатар пос­ткеңестік елдердің қалып­тасуы жолында бой көрсеткен қан­ды қақтығыстар мен азамат со­ғыстарын мұқият зерделей ке­ліп, біздің жас мемлекетіміздің ке­лешегіне де күмәнмен қара­ған-ды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев­тың басқарушылық дарыны, оның кеңестік Қазақстанға же­тек­шілік еткен жылдардың өзін­де қалыптасқан мемлекетшіл әрі стратегиялық ауқымда ойлау қа­білеті, әлеуметтік-экономи­ка­лық және қоғамдық-саяси ахуал­ды егжей-тегжейлі білуі өрес­кел қателіктерге жол бер­мей, пес­си­мистердің жағымсыз болжам­дарының күлін көкке ұшырды.  Адамның адамдығының бас­ты өлшемі еңбек болып сана­ла­тын ауылдағы қарапайым от­ба­сы­нан шыққан ол қажымай-тал­май жұмыс істеп, алдына ай­­қ­ын мақсат, нақты міндет қою­ға бейімделді. Туған ауы­лын­дағы мектепті үздік бітірген Нұрсұлтан Назарбаев 1958 жы­лы комсомолдық жолдамамен Те­міртау қаласына – Қарағанды  ме­таллургия зауытының құ­ры­лы­сына жіберіледі. От көсейтін ме­таллург мамандығы оның ерік-жігері мен мінезін шың­да­ды, өзгелер арасында дараланып тұратын көшбасшылық қасиетін ұштай түсті. Ол жылдарда сталиндік жүйе­­нің өктемдігі әлі толық ба­сыла қоймаған болатын. Бірақ ай­наладағы орта күрт өзгере бас­таған: қоғамдық және мә­де­ни өмір жанданып, адамзат ға­рыш кеңістігіне қарай қарышты қадам жасады, бүкіл ел бойынша алып өнеркәсіп құрылыстары қа­нат жайды. Энтузиазм рухы­мен, жарқын болашаққа деген се­німнен қанаттанған сол кез­дегі көптеген жастар сияқты ол да өз бастамалары арқылы әр­дайым алда болуға талпынып, жан-тәнімен жаңалыққа, алғы шеп­ке ұмтылды.  

Егемендіктің ұзақ жылғы дәс­­түрі қалыптаспаған, эко­но­­ми­касы біржақты дамыған, хал­қы көпдінді және көпэтносты, қоғамы идеялық бос кеңістіктен арыл­маған Қазақстанды басқару үшін ерекше саяси шеберлік пен асқан ептілік қажет еді. Көрнекті шетелдік сарапшылар бірқатар пост­кеңестік елдердің қалып­тасуы жолында бой көрсеткен қан­ды қақтығыстар мен азамат со­ғыстарын мұқият зерделей ке­ліп, біздің жас мемлекетіміздің ке­лешегіне де күмәнмен қара­ған-ды.

  Белсенді әрі айналасындағы нәр­сенің ешқайсысына бейжай қа­рамайтын  Нұрсұлтан Назар­баев қоғамдық өмірдің қайнаған қалың ортасына түсті. Ол 1969-1979 жылдары партия және ком­со­мол органдарындағы бас­шы­лық лауазымдарда бола жүріп, Қа­рағанды металлургия ком­би­на­тының, Теміртау қаласының, одан соң бүкіл Қарағанды об­лы­сының аумағындағы өндірістің дамуына, әлеуметтік және эко­номикалық мәселелерге қа­тыс­ты барлық проблемаларды үнемі та­бысты шешіп отырды. 1980 жылдардың орта тұсына қа­­рай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнер­кә­сіп, көлік және байланыс  жө­нін­дегі хатшысы, кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің тө­рағасы болған кезінде ол  рес­пуб­ликаның әлеуметтік-эко­но­микалық өмірінің барлық мә­се­ле­сіне жете қанықты, әрбір об­лыс пен әрбір нақты кәсіпорын­дағы істің жағдайын жақсы біл­ді. Сонымен қатар республи­ка­ның да, тұтастай алғанда, бү­кіл елдің де экономикалық да­муы­ның ахуалына жетік болды. Көп­шілік айтатындай, іскер бас­қару стилі, нақтылыққа бейім­­ділігі және проблеманы ше­шу үшін көмектесуге даяр тұ­ра­тыны оны өзгеден ерек­шелей түсті. Оның көшбасшылық қа­сиет­тері, әсіресе Қазақстан Ком­пар­тия­сы Орталық Комитетінің бі­рін­ші хатшысы, Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің төрағасы болып қыз­мет істеген жылдарда айқын аң­ғарылды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол 1980 жылдардың соңы – 1990 жылдардың басында-ақ есі­мі бүкіл елге кеңінен танымал, өзін бүкілодақтық деңгейде көр­сете алған саяси қайраткер тұл­ға­ға айналды. Ескі өлшем мен көз­қарастан азат, ауқымды ой­лай­тын, өзіне сенімді Нұрсұлтан Әбішұлы қатып қалған ұстаным­дар мен қасаң қағидаларды бұ­зып-жарып, жаңаша пайымдап, жаңа­ша іс-әрекет жасай білетін ұм­тылысы арқылы елден ерек­ше­леніп тұратын.     Өзгеріске, жетілдіруге, жаңа идея­ларды байыптауға талпы­ныс Тұңғыш Президенттің бел­сен­ді болмысына тән қасиеттер еді. Сонымен бірге ол қоғамдық мүдденің әрдайым басым тұруға тиістігін айқын сезініп, сол үшін жаны ауыратын, оны әрдайым қорғайтын. Оның үстіне, сол кез­дегі көп қайраткерден ерек­ше­лігі – жоғары басшылық ал­ды­на өткір мәселе қоюдан қаш­пай­тын әрі уәжін батыл айтып, өз ұстанымын қорғай алатын. Мәскеудегілер Назарбаев­тың осы табанды қасиеттері, бі­лік­тілігі мен батылдығы ту­ра­лы бұрыннан-ақ – 1970  жыл­дар­дан бері білетін еді, өйткені оған талай рет республиканың өнер­кәсіптік әлеуетін дамыту, көп­шіліктің тұрмысы мен еңбек етуіне дұрыс жағдай жасау мә­се­лелеріне жоғары дәрежелі пар­тия қайраткерлерінің наза­рын аударуға тура келген бо­ла­тын. Cыни тұрғыдан ойлай ала­тын ол елдегі артта қалған бас­қару формалары мен әдістерінің уа­қыт талабына сай емес екенін сезді. Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сінің төрағасы бола жүріп, Нұр­сұлтан Әбішұлы респуб­ли­каның әлеуметтік-экономи­ка­лық  дамуындағы қайшылық­тар­ды байқап, оны 1986 жылғы ақ­­­­панда Қазақстан Ком­пар­тия­сы­ның XVI съезінде сынға алып, өткір сөз сөйледі. Қатаң әкім­ші­лік-әміршілік жүйе жағдайында ол ескі әрі қиғаш тәртіпке қарсы шығып, ақырында өзінікі дұрыс екенін дәлелдеп шықты. Мәселен, КСРО халық депу­тат­тарының І съезінде ол баян­дап берген республиканың эко­но­микасы мен қоғамдық өмі­рін­дегі кезек күттірмейтін мә­се­лелерді шешудің идеялық-саяси бағдарламасы зор ықыласпен тың­далып, кеңінен қолдау тап­ты. Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының Пре­мьер-министрі лауазымына лайық ең беделді әрі көреген сая­саткердің бірі болды.  

ЖАСАМПАЗ ЖАҢА МЕМЛЕКЕТ

Алайда тағдырдың ұйғарымы бас­қаша болып, оған өміріндегі басты миссиясы  – Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті ре­тін­де тә­у­ел­­­­сіз елді басқару мәр­те­бе­сі бұ­йыр­­ды. Осы жоғары басқару ор­га­нын­да оның Қазақстан мем­ле­кетінің көрнекті басшысы, сәу­летшісі және негізін салушысы ре­тінде таңғаларлық қуаты мен ерек­ше дарыны толығымен жар­қы­рай көрінді. Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан Республикасының тәуел­сіздігін жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсан әлемнің  саяси кар­тасында алғаш рет пайда бол­ған жаңа мемлекет тари­хы­ның бастапқы белесі болатын. Оның күш-жігерінің арқасында Қа­зақстан одақтың бір кездегі шеткері республикасынан Ор­та­лық Азияның көшбасшысы ре­тінде танылған, қарқынды да­мыған елге айналатынын сол кезде ешкім де көз алдына елес­тете алмас еді. Жаңа мемлекет құр­ған ол зияткерлік және ру­хани-қайраткерлік күш-қуатын аянбай жұмсап, күндіз-түні ең­бек етті, осы орайда өзіне де, үзең­гілестеріне де мейлінше қа­таң талап қойып, ел өмірінің бар­лық өзекті мәселесі бойынша шешім қабылдап, тапсыр­ма­лар­дың орындалу барысын қа­да­ғалап отырды. Қазақстанның кейін­гі замандағы тарихында Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі бас­шылардың ешқайсысына осын­шама ауқымды және осын­шама жауапкершілігі жоғары істі қолға алуға тура келмеген еді. Себебі мемлекетте үлгі бойын­ша «құрастырып ала қоя­тын» ешқандай дайын сызбалар не­месе жобалар болған жоқ. Ол бәрін тек өзінің түйсігіне, жи­на­ған тәжірибесі мен біліміне, ұйымдастырушылық қабілетіне, пі­кірлестері мен халықтың се­німіне арқа сүйей отырып, ал­ғаш рет атқарып шыққан еді. Оның тікелей басшылы­ғы­мен Қазақстан Республикасы өзі­нің мемлекеттік атрибут­та­рына, қазіргі заманғы Консти­ту­циясына ие болды. Көп елдер­де мойындалған билікті бөлу қағидаты Тұңғыш Президенттің күш-жігері арқасында жаңа де­мократиялық мемлекеттік инс­титуттардың өзегіне айналды. Еліміз халықаралық дең­гей­де кең танымалдылыққа және әлем­­нің жетекші мемлекеттері бер­­ген қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізді, мұның өзі көп­жақ­ты сыртқы саяси ынты­мақ­тас­тық­тың маңызды шарты санал­ды. Ұлттық валюта – теңгенің ен­гізілуі өз қаржы жүйемізді қа­лыптастырып, тәуелсіз ақша-не­сие саясатын қамтамасыз ету­ге мүмкіндік берді. Кейінге қал­дыруға болмайтын шұғыл ша­ралар қабылдаудың арқа­сын­да өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы қалпына келтіріліп, қа­лалар мен ауылдар электр қуа­тымен үздіксіз қамтамасыз еті­ліп, мемлекеттің әлеуметтік мін­­деттемелерінің орындалуына жол ашылды.  

СЫН-СЫНАҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Қазақстан мемлекеттілігінің қа­лыптасуындағы сындарлы ке­зең болған алғашқы онжыл­дықта Тұңғыш Президент баста­ма­шы­лық еткен  ауқымды на­рық­тық жә­не институционалдық рефор­ма­лар процесі бастау ал­ды. Фор­масы мен өзгеріс­тері­нің мазмұны жөнінен бұл түбірлі өз­герістердің мақ­сат­тылығы мен жүйелілігі Нұрсұлтан Назарбаевты Жапо­ния­дағы Мэйдзи, Түркиядағы Ата­түрік, АҚШ-тағы Рузвельт, Гер­­ма­ния­да­ғы Людвиг Эрхард, Син­гапурдегі Ли Куан Ю, Қы­тай­дағы Дэн Сяопин сияқты әлемнің көр­­некті реформаторларының қа­тарына қосты. Елбасы мұрын­дық болған ұлттық жаңғырту мен эволюция-лық өзгерістердің та­быс­ты тәжіри­бесін шетелдік сарап­шылар «Қа­зақстан жолы», «Қа­зақстанның даму мо­делі» деп ата­ды. Реформаторлар әрдайым уа­қыттан озып, алда жүреді. Сон­дық­­тан олардың бастамалары кө­біне бірден ұғынылып, қа­был­­дана бермейді, дереу құп­тала қоймайды, кейде тіпті ашық­тан-ашық қарсылыққа тап болады. Нұрсұлтан Назарбаев та ескіліктен арылуды қаламайтын кертартпа күштердің қарсылы­ғын еңсеріп, ағысқа қарсы жүр­ді. Артта қалған бұрынғы үмітсіз әлеуметтік-экономикалық үл­гіге қайтып оралу мүмкін емес­­тігіне және оның қауіп­ті­лігіне сенімді болғандықтан, бә­рін түбегейлі қайта құруды жөн са­на­ды. Нұрсұлтан Назарбаев жан­­кештілікті талап ететін бұл істе өзгеше қабілеті мен қиын­дық­тардың алдында бас имейтін қайтпас қайсарлы­ғын көрсетті. Сонымен қатар ол тиісті ал­горитмге сүйеніп, реформаларды долбармен емес, жүйелі жүргізді. Мемлекеттік құрылыстың ең маңыз­ды мәселелері жөніндегі әдебиеттерді ақтарып, жаңа ілім-білімді санасына сіңірді. Ол дүниежүзіне белгілі рефор­маторлар – Сингапурдің бұрын­ғы Премьер-министрі Ли Куан Ю, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер,  Малайзияның Премьер-министрі Махатхир Мохамад сынды тұлғалармен, сондай-ақ батыс әлемінің экономика жө­ніндегі көрнекті сарап­шы­лары­мен кездескен сәттерінде бұл ел­дерде олардың рефор­малары­ның қалай жүзеге асырылғанына қызығушылық танытып, соның барысында қандай сын-қа­тер­лер мен проблемалар алдан шық­қаны және оның қалай ең­серілгені туралы егжей-тегжейлі сұрастырып отырды. Шетел­дерге сапары барысында на­рықтық тетіктердің қолда­нылуын зерделеді.  Бұл кездесу­лер ойланып-толғануға, іштей байлам жасауға септігін тигізді, ең бастысы, бұдан әрі қарай нақ­ты және орынды іс-әрекет­тер жасауға бағыт сілтеді. Нұрсұлтан Назарбаев рефор­маларды жүйелі жүргізудің күр­делі мәселелерін шешу бары­сын­да тек әл-ауқаты жоғары ба­қуат­ты қоғам ғана демок­ра­тия­лық құн­дылықтарды тиісін­ше қабыл­дай алатынын дұрыс пайымдап, экономикалық дамуға басымдық беру жолын таң­дап алды. Еге­мен­діктің ал­ғаш­қы қиын-қыстау жыл­дарын­да халқы әрең күн кө­ріп жатқан Қазақстан үшін бұл бірден-бір қолайлы қадам еді. Осы­лайша, «алдымен – эконо­ ми­ка, содан соң саясат» фор­му­ласы елдегі бүкіл өзгерістер про­цесінің қи­сынын айқындап бер- ді. 1991 жылы Қазақстан КСРО-дан кенеуі кеткен экономиканы мұраға алып қалған болатын, еліміз шын мәнінде одақтық жоспарлы жүйенің шикізаттық шылауы саналатын еді. Бұрынғы кеңестік республикалардың шаруа­шылық саласындағы байланыстарының быт-шыт бо­лып үзілуі мызғымастай кө­рінетін жүйені терең әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа әкеліп тіреді. Тұңғыш Президент батыл, кейде көпке беймәлім және қатаң нарықтық рефор­малар жасауға тәуекел етті, се­бебі тек осылайша ғана эко­но­ми­каның өсімін қамтамасыз етіп, қоғам тұрақтылығының ті­ре­гі – орнықты орташа тап қа­лып­тастыруға болатын еді. Өзінің халыққа үндеулерінде Тұң­ғыш Президент мына жайт­ты баса айтатын: масылдық пен патернализмнен арылу керек, табысқа жетіп, өркендеу үшін бас­­тамашылық пен жауапкер­ші­лікті өз мойныңа алып, өз күшіңе сенуің қажет. Ол толық­қанды нарық қалыптастыру, жекеменшік институтын қа­лып­тастыру және жұртты кә­сіп­керлікке тарту үшін мемлекет бар­лық жағдайды жасайтынын талмай айтумен болды. Тұңғыш Президент қоғамның дағ­да­рыс­тан шығып, өзінің эконо­ми­ка­лық әлеуетін дәлелдеуі үшін на­рыққа көшу барысындағы бар­лық қиындыққа шыдауы қа­жет екенін айтып, елді осыған ша­қырды. Оның күшті саяси ерік-жі­гері мен тәуекелшілдігі, батыл­дығы мен табандылығы бұрынғы шек­тен тыс орталықтанған әкім­шіл-әміршіл экономиканы қа­зіргі за­манғы нарықтық жүйеге көшіруді тарихи маңызы жа­ғынан ұтымды әрі қысқа мер­зімде жүзеге асыру­ға мүмкіндік бер­ді. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен посткеңестік кеңіс­тіктегі ең та­бысты әрі ауқымды на­рықтық ре­формаларды жүзеге асыру ісін­де көшбасшыға ай­нал­ды. ХХ ғасырда империялар мен одақ­тас мемлекеттерді күйрет­кен басты себептің бірі – этно­са­ра­лық қайшылықтар. Тұң­ғыш Президент осы фактордың ерек­ше маңыздылығын ескеріп, қазақстандықтардың этникалық және діни ерекшеліктеріне қа­ра­мастан, бәрінің құқық­тары­ның тең болуы мемлекеттік сая­­­саттың іргелі қағидатының бірі екенін жариялады. Бұл пос­тулатты берік ұстану Қазақстанға ең ­басты нәрсені – бейбітшілікті, тыныштықты, саяси тұрақ­ты­лық­ты, этносаралық және кон­фес­сияаралық татулықты қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы­лайша, этникалық әралуан­дық елдің стратегиялық артық­шы­­лығының факторына айнал­ды. Бұрынғы кеңестік дер­жа­ва­ның күресінде қалған Қазақ-­стан Тұңғыш Президенттің күш салуы арқасында аса күрделі күйзелісті жағдайдан жаңа са­па­да қайта түлеп, өсіп-өр­кен­деді. Нұрсұлтан Назарбаев атап көр­сеткендей, жаңғыртудың бас­тапқы кезеңінде жан-жақты дағ­­дарысты еңсеру, экономика­ны қалпына келтіру, жаңа саяси жүйе­ні қалыптастыру мәселе­лері шешілді.  

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫМЕН

Еліміз үлкен жолдың бас­тауында ғана тұрған болатын, Тұңғыш Президент мұны анық түсінді. Жүйелі, ауқымды ой­лай­тын ол әрдайым уақыттың көз­ге көрінетін көкжиегінің ар­­ғы жағына үңілуге тырысты, оқи­ғалар мен процестер ба­рысын бірер жыл ертерек, тіпті он­даған жылдар бұрын болжап-бі­ліп отыруға дағдыланды. Тұңғыш Президент мем­ле­кеттік істер, протоколдық іс-ша­ралар, кездесулер мен іс­са­парлар барысында дамуға қа­тыс­ты мәселелердің бәрін кеңі­нен талдауға, мүмкіндіктерді ба­ғалап, сын-қатерлерді сара­лау­ға және өз елінің перспек­ти­валарын айқындауға әрдайым уа­қыт бөліп отырды. Кіші Се­не­каның «Қай айлаққа баратынын білмейтін кеме үшін ешқашан жел оңынан соқпайды» деген сөзі сол тұста Қазақстан бастан ке­шіп жатқан сәттің маңыз­ды­лығын айқын аңғартатын еді. Жаһандық бәсекелестік нар­ы­ғында елдің бұдан былайғы даму векторы ұлттық экономиканы жаң­ғырту, ырықтандыру ың­ғайын­да болуы тиіс екені анық-ты. Қазақстан осы жылдарда Тұң­­­­ғыш Президенттің қажырлы зият­­керлік ізденістерінің арқа­сын­да жоспарлаудың ұзақ мер­зімге арналған страте­гия­лары­нан бас­тап, нақты іс-әрекеттерге дейін­гі өзара үйлескен бір құры­лым­­­­ға байланған тұтас жүйесін құру­ға қол жеткізді. Мән-маңы­зы ба­тыл байламға негізделген «Қа­зақ­стан – 2030» стратегия­сын­да ел­дің ғаламшардағы бәсе­кеге ең қабілетті елу мемлекеттің қа­тарына қосылуы бағдарланды. Алғашында күмәнмен қабыл­дан­ған бұл стратегия мерзімінен бұ­рын орындалды. «Қазақстан ба­рысы секіріс жасады»: эко­но­миканың тұрақты өсімі қамта­ма­сыз етілді, нарық жолына ба­­­тыл қадам басқан эко­но­ми­ка­ны жаңғырту басталды. Кәсіп­кер­лік сала экономикалық даму­дың шешуші факторының біріне айналды. Азаматтардың әлеуметтік тұрмыс деңгейі өсті, тұрақты орташа тап қалыптаса бастады. Экономикалық және саяси реформалардың жүйелі үйлесімі азаматтық қоғам инс­титуттары – саяси партиялар­дың, үкіметтік емес ұйымдар­дың, мемлекеттік емес БАҚ-тың одан әрі дами түсуіне ықпал етті. Елорданы Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіру ел­дің өзгеруін стратегиялық ба­ғыт етіп ұстаған бетбұрысты қа­дам болды. Жаңа әкімшілік жә­не саяси орталықты тыңнан салу бүкіл Қазақстанның, эко­номика мен қоғамның барлық са­ласының дамуына зор ықпал еткен муль­тип­ликативті нәтиже берді. Ре­фор­малар жеделдеді, мем­ле­кет­тік билік нығайды, ха­лық­аралық ынтымақтастық жан­данды. Ға­сырлар тоғысын­да­ғы аса қыс­қа мерзімде  жүзеге асқан, ауқымы жөнінен теңдесі жоқ, инно­вация­лық бағдары жө­нінен аса батыл бұл мегажоба – Тұң­ғыш Президенттің Қазақ­стан қоға­мын топтастыру мен бі­рік­тіру бағытындағы рух кө­те­рер қуатты бастамаларының бірі. Жаңа елорда тәуелсіз Қа­зақ­станның символына,  Тұң­ғыш Пре­зиденттің страте­гия­лық көз­­­қарасының, саяси жі­гері мен еңбегінің жүзеге асуының, қа­зақ­стандықтардың ар­манының орындалуы мен үмі­тінің ақ­талуы­ның көрінісіне ай­налды. Жаңа астанаға қарап бой тү­зе­ген өңірлік орталықтардың бә­рі жаңарып-жасарды. Әсіресе, Тұң­ғыш Президент жарлығымен 2018 жылы Түркістан облысы­ның әкімшілік орталығы мәр­те­бе­сіне ие болған көне шаһар Түр­кістан айтарлықтай үлкен өз­герістерді бастан кешті. Нұрсұлтан Әбішұлының қай­­раткерлік қызметінің тағы бір маңызды қыры – тәуелсіз Қа­­­­зақстанның басшы кадрлары­ның жаңа шоғырын қалыптас­тыр­ғаны. Осы жылдар ішінде ол Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев бастаған, елдің Үкіметін, өңірлерін басқарған, алғашқы дипломаттарымыз бар көрнекті мемлекет қайрат­кер­лері тобын тәрбиелеп шығару­мен бірге елдегі билік транзи­ті­нің конституциялық заңнама ая­сында үйлесімді түрде жүзеге асы­рылуын қамтамасыз ете ал­ды.  

Нұрсұлтан Әбішұлының қай­­раткерлік қызметінің тағы бір маңызды қыры – тәуелсіз Қа­­­­зақстанның басшы кадрлары­ның жаңа шоғырын қалыптас­тыр­ғаны. Осы жылдар ішінде ол Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев бастаған, елдің Үкіметін, өңірлерін басқарған, алғашқы дипломаттарымыз бар көрнекті мемлекет қайрат­кер­лері тобын тәрбиелеп шығару­мен бірге елдегі билік транзи­ті­нің конституциялық заңнама ая­сында үйлесімді түрде жүзеге асы­рылуын қамтамасыз ете ал­ды.

  ХХІ ғасырдың екінші он­жыл­дығы адамзаттың жаһандық трансформация дәуіріне қадам басуы­мен есте қалмақ. Соның барысында әлемде адамдардың тығыз қарым-қатынасына және ақпарат алмасу жылдамдығының артуына байланысты «цифрлы өркениеттің» негізі қаланып, сая­сатта, экономикада, бизнесте жә­не мәдениетте жаңаша жағ­дай қалыптасты. Сонымен қатар әлем­дік дамудың пропор­ция­сын­дағы сәйкессіздік күшейді, дамыған және дамушы мем­ле­кеттер арасындағы ресурстарға, технологияларға қолжетімді­лік­тің теңсіздігі артты. Тұңғыш Пре­­­­зидент елдің жаңа сын-қа­тер­­лерге бейімделуіне, жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін ны­ғайтуға қажеттіліктің зор еке­нін көре біліп, «Қазақстан – 2050» стра­тегиясына баста­машы бол­ды. Қазақстанды әлемнің ең да­мыған отыз елінің қатарына қосуды мақсат тұтқан бұл бағ­дар­лама арқылы экономиканы, саяси және қоғамдық салаларды бай­ланыстырып, елді жүйелі жаң­ғырту қолға алынды. Мем­ле­кеттік аппаратты жаңғыртуға, аза­маттық және құқықтық инс­титуттардың жұмысын жетіл­діру­ге, экономиканы одан әрі индустрияландыруға бағыт­талған Институционалдық бес реформа мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары бұл процестің құ­рам­дас бөлігіне айналды. Со­ны­мен бірге елде индустриалды-ин­новациялық даму бағдар­ла­масын жалғастыру нәтижесінде мыңнан астам жаңа өндіріс орны құрылып, инновациялық эко­номиканың жаңа салалары мен сегменттері қалыптасты. Тұңғыш Президент бастама­шылық еткен, өзгерістердің қи­сынды буынына айналған саяси реформа тек мақсат қана емес, жедел өзгеріп жатқан әлемде мем­­лекеттің, билік инсти­тут­тары­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ұмтылыстың нәти­жесі еді. Бұл мемлекеттік бас­қару жүйесін суперпрези­дент­тік модельден президенттік-пар­ламенттік үлгіге транзиттеудің бас­талғанын аңғартатын. Осылайша, өзара байланыс­ты концептуалды қадамдар ар­қылы  Қазақстанды орнықты да­мудың жаңа сапалы деңгейіне шы­ғару үшін ауқымды инсти­туцио­нал­дық тұғырнама қалып­тас­тырыл­ды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, қа­зіргі жағдайда жеке адамның ғана емес, соны­мен бірге бүкіл мемлекеттің де бәсекеге қабілеттілігінің фак­торы болып саналатын адами ка­пи­талдың сапасы, индивид­тер­дің біліктілігі мен машығы бұл процесте шешуші рөл ат­қарады. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевтың ойынша, елді трансформациялау бағытында жүріп жатқан процеске қоғам­дық сананың өзгерісі де ілесіп отыруы тиіс-тін. Ол әлденеше рет атап көрсеткендей,  Қазақ­стан жаһанданудың ағыны күш­ті тасқынында жұтылып кетпей, әлем­дік прогресс даңғылымен іл­ге­рілей отырып, өзінің дербес ерек­шелігін сақтай білуі керек еді. Оның бұл мәселеге ерекше на­­зар аударуын тек сыртқы куль­турологиялық факторды ес­кергендігі деп қана емес, халқы мен елінің болашағы ту­ралы ойлауы және өзінің ішкі ру­хани интенциясы деп түсін­діру­ге болады. Ел басқарған жыл­дарының бәрінде де ол өзін ту­ған тілінің, халқының мә­де­ниеті мен тарихының нағыз пат­риоты ретінде көрсетті, бұл мә­селелер әрдайым оның жіті на­зарында болды. Мұндай сер­гек  көзқарас халықтың рухани өр­леу процесін байыпты ғылы­ми және институционалды тұр­ғы­дан негіздеу бағытындағы жүйе­лі және ұзақмерзімді шара­лармен дәйектелді. Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» жал­пыұлттық идеологиясында көрсеткен рухани мұраны, ұлт­тық кодты, ұрпақтар сабақ­тас­тығын сақтап қалудың маңыз­ды­лығы туралы қағидалар елі­міз­дің жас ұрпағы үшін ұлағатты үн­деуге айналды.  

БІТІМГЕРШІЛІК БЕЛЕСТЕРІ

Тұңғыш Президент  тәуелсіздік ке­зеңінің басынан бері сыртқы саясат саласына барынша мән берді. Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұтымды дипломатия елдің ұлт­тық мүддесін ілгерілету бары­сын­дағы басты тетіктің бірі бол­ды. Қазіргі заманғы көпполярлы әлем­дік тәртіптің ахуалын ескере оты­рып, ол халықаралық кезде­сулер мен байланыстарды жолға қойды, көпвекторлы ынты­мақ­тастық пен прагматизм қағи­дат­тары негізінде сыртқы саяса­ты­мызды айқындады. Түрлі ұсыныс жасалып, уәде бе­рілгеніне қарамастан, ол қауіп­сіздікті  ядролық қару ие­лену жо­лымен емес, жауапты мем­ле­кет құру арқылы қам­та­масыз ету­ді жөн көрді. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең үлкен сы­нақ орны – Семей ядролық пол­игонын жауып, еліміздің бей­бітсүйгіш саясатын сөз жү­зінде емес, іс жүзінде көрсетіп, на­­ғыз тарихи актіні жүзеге асыр­ды. Оның қажырлы еңбегінің ар­қа­сында қалыптасқан сенімді инф­­­рақұрылымның, тығыз ха­лық­аралық ынтымақтастық пен се­ріктестіктің нәтижесінде Қа­зақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Өзінің барлық көр­ші­сімен сындарлы, сенімді қарым-қа­тынас орнатты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет ше­ка­ра­сын барлық жағынан шегендеп, ха­лықаралық деңгейде мойын­далды. Бұл – мемлекет құру жо­лын­дағы айрықша маңызды бе­лес саналатын аса зор және ше­шуші жетістік. Тұңғыш Президенттің екі­жақты мемлекеттік ынтымақ­тас­тықты, халықаралық іс-әре­кетті жолға қою мен дамыту ба­­ғытындағы прагмативті қада­мы өзара тиімді келісімдерге қол жеткізілуін және экономикаға миллиардтаған қаржы көлемінде инвестиция тартылуын қам­та­масыз етті. Нұрсұлтан Назарбаев Еура­зия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің басты дем берушісі және ұйымдастырушысы болды. Құрлықтағы мемлекеттердің кең ауқымдағы экономикалық интег­рациясы қажет екеніне мейлінше сенімділік танытқан ол өз идеясын жүйелі түрде нақты жүзеге асы­руға кірісті. Оның институцио­нал­дық көрінісі – тауарлардың, қызметтің, капитал мен жұмыс кү­шінің еркін қозғалысына арнал­ған қуатты интеграциялық бір­лестік – Еуразия экономи­ка­лық одағы болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіп­сіздікті қамтамасыз ету сала­сын­дағы, сондай-ақ өзара се­нім­ге негізделген, ынты­мақ­тас­тық пен серіктестікті нығайту бағытындағы жаңа халықаралық құрылымдар қалыптастырудағы өзекті бастамалары еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтты. Оның геосаяси процестердің өзара тәуелділігі мен байла­ныс­тылығы туралы терең пайым­дауы Қазақстанның көптеген сын-қатерлер мен қауіптерді айналып өтіп, теңгерімді саяси бағыт ұстанып, табысты ілгері­леуіне септігін тигізді. Ал өңір­дегі шиеленістер мен қай­шы­лықтарды шешу ісіндегі белсенді бітімгершілік күш-жігері бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған деген шынайы құрметі мен сенімін оятты.  

***

Көптеген саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің мойын­дауынша, Тұңғыш Президент – жаһандық ауқымда ойлай біле­тін, аса танымал әлемдік дең­гейдегі көшбасшының бірі. Бей­бітсүйгіш және баршаға құ­­шағы ашық, жарқын бола­шақ­қа көз тіккен Қазақстан – тұлға ретіндегі ұлылығы мен тер­еңдігіне уақыт пен өмірдің өзі биік бағасын берген Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің жемісі.

Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы