Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысының уақытылы төленуін тексеріп, қысқа мерзім ішінде тиісті шаралар қолдануды тапсырды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
1-16 маусым аралығында Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері тиісті мониторинг жүргізді. Олардың мәліметтері бойынша, еңбек демалысына шыққан педагогтердің 93%-ы демалыс ақысын уақытылы алды. Қалған 7%-ына уақытылы төлемегені анықталды.
Жұмыс берушілер мұғалімдерге еңбек демалысының төлемін кешіктіргені немесе төлемегені үшін заңға сәйкес жазаланады.
«Министрлік мұғалімдердің шағымдарын қарастырып, демалыс ақысын төлеу бойынша жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бюджетте жалақыға да, еңбек демалысы ақысына да қаражат қарастырылған. Яғни ақша бар, бірақ кейбір аймақтарда төлемнің уақтылы жасалмағаны анықталды», - деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне еңбекақыны уақытылы төлемеу, оның ішінде мұғалімдерге төленетін демалыс ақысы туралы фактілерді тиісті шара қолдану үшін облыстық мемлекеттік еңбек инспекцияларына жіберуді тапсырды.
«Заңға сәйкес мектептер мен балабақшалардағы педагогтерге жалақы төлеу тікелей ауданның немесе қаланың бюджетінен жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Бюджеттік жоспарлау және төлемдерді ұйымдастыру – қалалар мен аудандар әкімдіктерінің құзыретінде. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының 12-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында айқындалған әлеуметтік кепілдіктерге педагогке 56 күнтізбелік күнге төленетін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы, сондай-ақ күнтізбелік жылда еңбек демалысы кезінде кемінде бір лауазымдық жалақы мөлшерінде денсаулығын жақсартуға берілетін жәрдемақы кіреді», - делінген хабарламада.