Көне Таразға жаңаша көрік
Көне Таразға жаңаша көрік
290
оқылды
Соңғы он­­жылдықта көне шаһар­дың келбеті сан алуан күй­ге енді. Алайда терең­нен та­мыр тартқан тарихи бол­мысын жоғалтқан емес. Енді өңір тізгінін Бердібек Сапарбаев қолға алғалы­ облыс орталы­ғын­дағы көп­қабатты үйлердің қас­бетіне айрықша көңіл бө­лініп, жаңаша жаңғыруда. Бүгінде Тараз қаласында «Тұр­ғын үй жөндеу – Тараз» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі ауқымды жұмыстар жүр­гізуде. Серіктестік көпқабатты үйлердің қасбеттеріне тарихи тұлғалар мен орындардың су­реттерін салды­рып, тұрғы­ндар­дың таңданысын тудыруда. – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыс орталығындағы Төле би, Абай, Жамбыл, Тәуке хан даң­ғыл­дарының бойындағы 35 тұрғын үйдің сыртына безендіру жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Бас­тап­қыда 41 үйді әрлеу жос­пар­ланса, қазір 6 үйдің қасбеті безен­дірілмейтін болып шешілді. Дәл қазір 18 үйді әрлеу жұ­мыстарын аяқтадық. Жоба то­лы­ғымен Тараз қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарына жауапты мердігер компания­лар­дың демеушілігімен жүзеге асу­­да, – дейді «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Мырзалиев. Ал көпшіліктен оң бағасын алып жатқан муралдарды жас су­ретші Айтан Елебаев салып жатыр. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі. – Бұл менің алғашқы жобам емес. Бұған дейін Түркістан те­міржол бекеті маңындағы ғима­раттардың сәулеттік келбетіне өзімнің қолтаңбамды қалдыр­ған­мын. Ал Тараз қаласындағы үй­лер­дің сыртына мурал салу бо­йынша конкурсқа қатысып, же­ңім­паз атандым. Осылайша, қазір «Астана» ықшамауда­нын­дағы 4 үйдің сыртына Нұр-Сұл­тан қала­сындағы сәулетті ны­сандардың бейнесін бейнелеуге тапсырыс алдым. Туындыларым көпшіліктің көңілінен шығып, өткен-кеткен­дер алғысын ай­туда. Алдағы уа­қытта енді қа­ладағы басты даң­ғылдардар бойындағы көпқабатты үйдердің сыртына Абай және әл-Фараби сынды тұл­ғалардың бей­несін бейнелейтін боламын, – дейді талантты жас суретші. Осылайша, көне Тараз ша­һары жаңаша кейіпке еніп жа­тыр. Қазірдің өзінде көзге таң­сық кө­рінген дүниеге біреулер таңырқай қараса, екіншілер дән риза бо­луда. Бұл да болса Са­парбаевтың артынан қалар бір құнды дүние болары хақ. Одан бөлек, мұны тарихи тұлғаларға көрсетілген құрмет пен кейінгі ұрпақты ұлы­ларды ұлықтауға бастаған тәрбие құралы деп бағалаған жөн.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы