7 000 отбасы үйлі болады
Бүгінгі таңда үшінші мегаполистегі негізгі құрылыс тұрғын үй салу болып тұр. Баспанаға басымдық берілген. «Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Одан бөлек, Шымкент қаласында 140 мың адам үй кезегінде тұр», – дейді қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов. Оның 40 мыңы жергілікті атқарушы органда кезекте тұрса, 100 мыңы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары екен. Қалалық әкімдік осынау мәселені шешу үшін көпқабатты тұрғын үй салуды барынша көбейткен. Жалпы, қалалық Құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй жұмыстары бойынша 105 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Басқарма басшысының айтуынша, биыл 612 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Олардың ішінде құрылыс басқармасы мен Shymkent ӘКК тапсырысымен және жеке компаниялар есебінен бой көтеріп жатқан үйлер де бар. – Биыл біздің тапсырыспен 212 мың шаршы метр болатын 3732 пәтерлік 59 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 178 мың шаршы метр болатын 2229 пәтерлік 44 үйдің кілтін тапсырады. Үшінші, қала бойынша құрылыс компаниялары өз қаражаттары есебінен 943 пәтерлік 18 үй тұрғызып жатыр, – дейді Ербол Құланбайұлы. Иә, дәл қазіргі таңда Шымкентте 3 ауданда құрылыс қарқынды. Әкімшілік іскерлік орталығында салынып жатқан, биыл тапсырылатын 1 848 пәтерлі 16 көпқабатты тұрғын үйдің 8-і жалға алынатын тұрғын үй болса, 8-і несиеге берілетін тұрғын үй. Яғни, 8 көпқабатты үйге тұрғын үй кезегінде тұрғандар қол жеткізсе, 8-ін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары иеленеді. Тұран шағынауданында 42 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл оның 25-і пайдалануға берілмек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілетін үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шаршы метрі 180 мың теңгеден есептелмек. Shymkent City, «Асар» ықшамауданында да зәулім-зәулім үйлер бой көтеруде. Жалпы, жеке компаниялар есебінен 126 көпқабатты тұрғын үй салынуда.Қалада жаңа шағынаудан бой түзеп келеді
Құрылысы қызу жүріп жатқан тұрғын үйлердің қатарына мегаполистегі жаңа шағынаудан Shymkent City қалашығын да қосуға болады. Қала күні қарсаңында осында тұруға ниетті тұрғындарға заманауи келбетте бой көтеріп жатқан әдемі, зәулім тұрғын үйлердің кілті тапсырылады. Мұнда француз сәулеті стиліндегі 16 қабатты үйлер де бар. Тұрғын үй кешені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ та жоспарланған. Қалашықтағы құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізуде. Көкжайлау, Ақжайық, Нұртас шағын аудандары мен Төлеметов, Қонаев көшелерінің бойынан «Отау-Строй», «А.Р.Т-Құрылыс», BI Group сынды ірі компаниялар өз қаржылары есебінен үй тұрғызып жатыр. «Президент тапсырмасына сай тұрғын үй салуға басымдық беріп жатырмыз. Қаржының басым бөлігі де осы нысандарға бағытталуда. Біздің тапсырыспен салынып жатқан 448 пәтерлік 8 арендалық үйден бөлек, кезекте тұрған жандар үшін екінші деңгейлі үйлерден 669 пәтерді сатып алмақпыз. Осылайша, биыл жалпы тұрғын үй кезегінде тұрғандардың қатарын 1 148-ге азайтамыз», – дейді басқарма басшысы.Дендросаябақта тұрғындар тынығуы тиіс
Мегаполисте 3 ауысымды – 18, апатты жағдайдағы 1 мектеп бар. Шымкент қаласында былтыр 13 мектептің құрылысы басталған. Биыл оның 9-ы пайдалануға берілмек. Үшеуі 1 200 орындық, 3-еуі 600 және 3-еуі 300 орындық қосымша ғимарат. Осылайша, білім ұясының жетіспеушілігі мәселесі біртіндеп шешімін табады. Басқарма басшысы биыл жануарлар бағында тағы бір павильон ашылатынын атап өтті. Теннис орталығы жөндеуден өтуде. Ал дендросаябақта веложол мен жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Ұзындығы 6500 метр веложол мен жұмсақ, аяққа жайлы тиетін аяқжол тұрғындардың тынығуына қолайлы болу үшін атқарылуда. «Онда негізінен халық тынығып, демалу үшін барады. Дәл қазір онда асфальт жол салынған. Асфальт аяқты ауыртады. Біз жаяу жүргіншілер үшін арнайы резина материалдан 3 шақырымдық жол салып жатырмыз. Мұнда тұрғындар қайнаған қала тіршілігінен бір сәтке тынығып қайту үшін келетіндіктен, оларға жағдай жасауымыз керек», – дейді Ербол Ахметов. Мегаполисте биыл пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның бірі – модульдік жұқпалы аурулар госпиталі. Қаратау ауданының «Ақжайық» шағынауданында орналасқан жалпы 200 төсек-орынға арналған ғимаратта 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар. BI Industrial ЖШС құрылысты бір ай көлемінде салып бітірді. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болып саналатын госпиталь коронавирус инфекциясына күдікті барлық пациенттерді қабылдайды. Мегаполистегі бүгінгі жүріп жатқан құрылыстың бірі – көпқабатты үйлердің қасбеттері. Қаланың көркін кетіріп тұрған жаңа үйлердің қасбеттерінің түсіп қалуы қала әкімін бейжай қалдырмады. Қала басшысы кәсіпкерлерді жинап, қасбеттерді жаңарту жұмыстарына ұсыныс жасады. Құрылыс жұмыстарының барлық шығынын кәсіпкерлер көтеретін болып шешті. Осылайша, мамандар жөнделуі тиіс 71 үйдің тізімін жасап, қасбеттерін ретке келтіру жобасы 2 кезеңмен жүзеге асырылмақ болып бекітіледі. Міне, бүгінде бюджет қаражатынсыз шымкенттік меценаттардың көмегімен 71 үйдің қасбеті жөнделуде.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы