Текелі биігінде желбіреген Ту
Текелі биігінде желбіреген Ту
358
оқылды
Осыдан бірнеше жыл бұрын шақырымдарға созылған Қонаев көшесінің оң қапталындағы жасыл желекке бөленген тау бөктеріндегі биік шоқының төбесінде «Көктөбе» бақылау алаңы ашылып, көпшіліктің көзайымына айналған болатын. Текеліліктер алыс-жақыннан келген қонақтарын сол биіктіктегі шағын алаңқайға шығарып, қаланы төбесінен тамашалатып, мақтануға мүмкіндік алған еді. Күні кеше сол бақылау алаңында тағы бір ерекше жаңалық тіркелді. Бақылау алаңшасының тө­рінде биіктігі 12 метрлік ту ор­на­тылған тастұғыр салтанатты түрде ашылды. Айтулы оқиғаға орай ақсақал берген ақ батадан кейін ауыр атлетикадан халық­аралық дәрежедегі спорт шебер­лері Әй­ге­рім Әуелбек пен Ольга Пасту­хова және пауэрлиф­тинг­тан Қа­зақстан спорт шебері За­хар Буй­мов көк байрақты көкке көтерді. Мемлекеттік Әнұран шыр­қалды. Жаңалыққа куә болуға жиналғандарға сөзін арнаған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев: – Бүгін Текелі төрінде көк Туы­мыз көкке өрледі. Қала­мыз­дың көпшілікті өзіне магнитше тартатын ең сүйікті жері Көк­тө­беге келіп, байрағымыздың тұ­ғы­рын қаладық. Мемлекеттік Туымыз мәңгілік желбіресін. Құрылыс жұмыстарын жүргізген қызметкерлердің барлығы теке­ліліктер. Туған жерге абыройын асыруға адал қызмет еткен бар­лы­ғына үлкен рақмет айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Құт қонсын. Барлықтарыңызды құттықтаймын, – деді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қалада 2 жоба жүзеге асырылыпты. Соның бірі – Туға арналған тұғыр орнату болса, екіншісі – бақылау алаңы айна­ласын абаттандыру. Тутұғыр ор­нату жұмыстарын «Нұрғазы құрылыс» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 6 миллион 465 мың теңге. Нысанды салуға еңбекпен қамту орталығы арқылы 5 адам, оның ішінде 3 текелілік жұмысқа тар­тылған. Абаттандыру жұмыс­та­рымен «Девятка» ЖШС айналы­сыпты. Бұл жоба құны 8 миллион теңге болған. Бұл нысанда 12 адам жұмыс атқарған, оның ішін­де 6 текелілік еңбекпен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тауыпты. Екі жобаның да нәтижесі жұрт­шы­лық көңілінен шықты. Келе­шекте де осы бағыттағы жұмыс­тар қолға алынбақ. Теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктікте желбіреген 12 метрлік Ту теңіз деңгейімен есептегенде еліміздегі ең биік Ту болып са­налады. – Бақтияр бауырымыздың халықтың игілігіне жасап жатқан ісіне береке берсін. Бұған мақта­ныш­пен қарау керек, бұл деген – кісі қызығатын дүние. Текелідегі керемет сұлулықты көп адам байқамауы мүмкін еді. Ендігі жер­де көкке өрлеген көк байрақ қалада тұратындардың да, келген қонақтардың да назарын аудару арқылы шаһардың шырайын тамашалап көруге, танып-білуге мүмкіндік сыйлады. Ағайындар аман, төңірек түгел болып, тек тойда кезігейік. Құдай бәрімізге абырой берсін. Өзгелерге жұғыс­ты болсын, – деген, көпшіліктің қуанышына ортақтасып, құтты болсын айта келген «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» және «Көңіл толқы­ны» күйлерін тебіреніспен орын­дап берді. Салтанатты жиында Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері де оқылды.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы