Әлеуметтік проблемалардың дер кезінде шешілуі – Елбасы саясатын тындырымды жүзеге асырып отырғанның нәтижесі.
«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Ожаев бастаған Партиялық бақылау комиссиясы Мақат және Қызылқоға ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мұнайлы өлкедегі жұмыс сапарының хаттамалық тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.
Іссапар барысында аудандағы бірқатар өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Іссапар аясында Мақат ауданы әкімі Ш.Кейкин аудан халқы тарапынан айтылған проблемалар бойынша атқарылған істер туралы баяндады.
«Бірлік» шағынауданында теміржол үстімен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу қажеті туралы шешімге сәйкес, партия Орталық аппаратына ақпарат енгізу тапсырмасы бойынша, Доссор кенті «Бірлік» ықшамауданы тұрғындарымен кездесу өткізіліп, теміржол үстімен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салудың қажеті жоқ екені шешілді. Келісім бойынша «ҚТЖ» АҚ-ның Атырау филиалымен «Бірлік» ықшамауданында жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі салынып бітті. Бүгінде арнайы жол төселіп, қауіпсіздік белгілері қойылып, пойыз келе жатқанын және жүрер алдында белгі беру қондырғысы мен бағдаршам қойылған теміржол өткеліне халық риза. Аудан тұрғандары мектепке баратын балалары үшін енді қорықпайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Доссор ауруханасына екі жаңа жылу қазандық алу, орнату және іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша, Доссор ауылдық ауруханасына жалпы құны 8,4 млн теңге құрайтын 2 жылыту қазандығы орнатылып, іске қосылды.
Қалған 11 тапсырманың орындалуы биыл қыркүйек-қазан айларына жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Бірлік» шағынауданына ұзындығы 2,2 км кентішілік көше жолдарына асфальт жабындысын төсеуге және ұзындығы 1,8 км болатын жаяу жүргіншілер жолын салу, ұзындығы 2,2 км болатын көше жарығын жүргізу жұмыстарын алдағы айларда орындау жоспарланған.
Доссор ауылдық ауруханасы терезелеріне жөндеу жұмыстарын аяқтау тапсырмасы бойынша, терезе жөндеу жұмыстары маусым айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Мақат кентінде салынып жатқан Жастар орталығы құрылысын аяқтау тапсырмасы бойынша, қазіргі таңда құрылыстың 95 пайызы орындалған. Аталған ғимаратты тапсыру шілде айына жоспарланып отыр. Мақат кентінде салынып жатқан 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын аяқтау тапсырмасы бойынша, қазіргі уақытта құрылыстың 93 пайызы аяқталды. Көгалдандыру, асфальт төсеу және де үйдің ішкі бетін әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың аяқталуы, елімізде енгізілген төтенше жағдайларға сәйкес кейінге шегеріліп, ағымдағы жылдың 30 тамызына жоспарлануда.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы