Ерлік үнсіз жасалады
Ерлік үнсіз жасалады
473
оқылды

Ұлттық академиялық кітапха­на­ның директоры Үмітхан Мұңал­баева Арыстағы бір кітап­ха­нада күзетші болып істейтін аза­маттың әрекетіне сүйсініс біл­дірді. «Жұрт жан-жаққа бас сау­ға­лап жатқанда, әлгі азамат кітап­ха­на терезелерін ашып, ғимаратты қираудан сақтап қалыпты», – дейді ол.

Сол сияқты Арыстағы банкте күзетші болып жұмыс істейтін Пернехан Бекмырзаев жан-жақта жарылыс болып жатқанда, жұмыс орнын тастап кетпепті. «Біз тәртіп бойынша басшылықтың рұқса­тынсыз ешқайда кетпеуіміз керек. Банктің жұмысы – өте жауапты. Сондықтан да жарылыс болып жатқан кезде, қауіпті білсем де, өз жұмыс орнымда болып, басшы­лық­тан нұсқаулық күттім. Өйткені менің орнымда болған әрбір адам осылай істейді, жалпы кәсіпке деген адалдық болуы қажет», – деген сөзіне талайлар риза болып жатыр.

Президент сайлауы кезінде республикалық қоғамдық штаб құрамында Түркістан қаласында болдық. Облыс орталығында жаңа құрылыс алаңдары көбейген. Құрылысшылармен кездесу ке­зінде күннің ыстықтығы әсер етті ме, жоқ, өзінің денсаулығы сыр берді ме, бір жас жігіт көз алды­мызда құлап кетті. Сол кезде три­бунада тұрған Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев дереу жүгіріп барып, жалма-жан қиналып жатқан жігітке көмек көрсетті. Құрылысшы жігіттің жағын ашып, ары қарай кетіп бара жатқан тілін суырып, бетіне су сеуіп есін жиғызды. Артынан естідік: әлгі жігіттің келіншегі Бақытжан ағамыздың телефонын тауып алып, ризашылығын білдіріп, алғыс айтыпты.

Азаматтар мұндай ерлікті мақтан үшін жасамайды. Жағ­дайға қарай әрекет етеді. Кейде біз ерлік тек майдан даласында жасалатындай көреміз. Күнделікті өмірде қанша адам өзінің азаматтық парызын өтеп жатады. Бұл – шын мәнінде, сүйсінерлік әрекет.

Айтайын дегеніміз: бұрын кеңестік кезеңде азаматтық қор­ғаныс деген сабақ өтетін; сонда түрлі төтенше жағдай кезінде қалай әрекет жасау амалдары үйретілетін; тәуелсіздік тұсында сол азаматтық қорғаныс мәселесі қағыс қалып қойды. Қазіргі таңда бір керек нәрсе болса, осы азаматтық қорғаныс сабақтары шығар деген ойдамын.

Алғашқы медициналық жәр­дем жасау, тосын жағдайда ұйым­шылдықпен әрекет ету, адам өмі­ріне жауапкершілікпен қарау де­ген мәселелерді ешкім күн тәр­тібінен алып тастаған жоқ. Сон­дықтан Қазақстан мектепте­рінде жаппай азаматтық қорғаныс са­бақтары өткізілсе, ұлт ұтылмайды. Жамандыққа жұтылмайды.