Бейбітшілік және келісім сарайының лауазымды тұлғалары сотталды, деп хабарлады Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Жедел-тергеу іс-шаралары нәтижесінде ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Бейбітшілік және келісім сарайы» Мемлекеттік коммуналды қазыналық кәсіпорынында (МКҚК) жұмыс жасайтын лауазымды тұлғалардың қылмыстық әрекетін әшкереледі. Аталған лауазымды тұлғалар 2017 жылдың қазан және желтоқсан айлары аралығында тауарларды көтеріңкі бағамен заңсыз мемлекеттік сатып алу арқылы мемлекетке МКҚК атынан аса ірі көлемде залал келтірген», - делінген хабарламада.
Осылайша, тергеу барысында МКҚК лауазымды тұлғаларына үлестес мемлекеттік сатып алуға қатысты жасанды тұлғаға рәсімделген «Astana art creative group» ЖШС анықталды.
Тергеу органдарының сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша МКҚК бас директоры мен оның орынбасары және бөлім жетекшісінің әрекеттері ҚР ҚК 189-абы бойынша сараланды.
Көрсетілген қылмыс үшін ҚР ҚК 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
«30 наурызда. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 соты үкімімен МКҚК бас директоры 8 жылға бас бостандығынан, оның орынбасары (оның әрекеттері ҚР ҚК 361 бабының 4 б., 1 т. сараланды) 3,6 жылға бас бостандығынан, бөлім жетекшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
15 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының апелляциялық соты инстанциясы айыпталушыларға қатысты үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.