Жетісуды дүбірге бөлеген Манасшылар
Жетісуды дүбірге бөлеген Манасшылар
311
оқылды

«Талдықорған қаласына бірінші рет келіп отырмын. Облыс орталығы өсіп, өркендеп, экономикалық жағынан дамып келе жатқан көрікті шаһарлардың біріне айналады екен. Жақында елдеріңіздің жаңа Президенті сайланды. Құттықтай­мыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Бішкекке келді. Онда Шанхай Ынты­­мақтастық ұйымының XII саммитіне қатысып, Қырғыз Прези­д­ентімен кездесіп қайтты. Қазір қос елдің достық қарым-қатынасы ны­ғайып, саяси, сауда-экономи­ка­лық және мәдени жағынан байланыс өркендеп келеді.

«Алып Алатаудың арғы-бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз – ежелден өрісі бір бауырлас халық. Өз­деріңіз білесіздер, бүгінде ту­ризм­­ді дамытуға мүмкіндіктер қа­рас­тырылуда. Ыстықкөлге Алматы облысынан адам көп келеді. Қазақ­стандық туристерге есігіміз әр­дайым ашық. Қос елдің табиғаты да бір-біріне ұқсайды. Бұл туризмді, әсіресе ауыл, соның ішінде, мал шаруа­шылығын дамытуға ерекше септігін тигізуде. Сондықтан сіздер­мен бірлесе жұмыс істеп, ынтымақ­тас­тығымызды өркендетуге әзір­міз», – деген елші мырза жетісулық­тар­­дың қонақжайлы­ғы­на алғы­с айтты.

– Біз Қырғыз елімен көршілес, шекараласпыз. Қарым-қатынасы­мыз жақсы. Алдағы уақытта сіздер­дің елге барып-қайту жоспарда бар. Жетісуда да туризм дамып келеді. Жыл сайын Алакөлге келушілердің қатары өсуде. Қазір туристердің алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалуда. Осыдан төрт жыл бұрын Алакөлге 146 мың турист келсе, былтыр бұл көрсеткіш миллионнан асты. Алдағы кезде сіздермен ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, өндіріс саласын дамыту үшін бірлесе жұмыс істесек дейміз, – деген облыс басшысы екі елдің салт-дәстүрі де ұқсас екенін, рухани жағынан да қарым-қатынас дами түсетінін айтып, «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – «Манас» атты қазақ-қырғыз зиялылары бас қос­қан форумның маңызына тоқталды.

Ресми кездесуден соң «Ұлы Даланың мәңгілік мирасы – «Манас» қазақ-қырғыз зиялылары­ның халықаралық форумы Талды­қорған қаласындағы Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Түркі әлемінің құндылықтары мен тұлға­ларын дәріптеу мақсатында өткен шараға Қырғыз Республикасының елшілігі, Халықаралық Түркі ака­демиясы, Қазақстанға танымал ғалымдар мен профессорлар, жазу­шы­лар, академиктер қатысты.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құ­рыл­­ған Халықаралық Түркі акаде­мия­сы жыл сайын дәстүрлі түрде қазақ-қырғыз зиялыларының фору­мын ұйымдастырып келеді. Биылғы форумның киелі Жетісу жерінде жалғасын табуы – біз үшін үлкен мерей. Қазақ-қырғыз тарихы­ның тамыры тереңде жатыр. Ежелден бауырлас елдің тұтас тарихына зер салсақ, қаншама ұлы адамдар, ба­тыр­лар мен билер шыққан. Олардың асыл мұраларын сақтап, рухына тағзым ету – ұрпақ парызы», – де­ген Алматы облысының әкімі форум­ға қатысушыларды құттық­та­ды. Пленарлық мәжілісте қонақ­тар кезекпен сөз алып, алғысын білдірді. Екі елдің өкілдері «Манас» жырының жалпы түркі әлеміндегі орны туралы ойларды ортаға салды. Қырғыз Республикасы президенті­нің кеңесшісі Сұлтан Раев мінберге көтеріліп, Талдықорған қаласына кел­геніне өте қуанышты екенін ай­тып, Қырғыз Республикасы пре­зи­дентінің құттықтау сәлемін жеткізді. Шара барысында «Манас эпосу» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Алматы, Талдықорған қалалары мен Кербұлақ ауданында үш күн бойы жалғасқан «Ұлы даланың мәң­гілік мирасы – Манас» атты қазақ-қырғыз зиялыларының ха­лықа­­­ралық III форумы екі елдің еншісі бөлін­бей­ті­нін тағы бір мәрте дәлелдеді.   

Форум Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезовтің үй-музейінен баста­лып, Талдықорған қаласында жал­ғасып, Кербұлақ ауданында аяқ­талды. Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті Дархан Қыдыр­әлі, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қырғыз Рес­публикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан Жазушылар одағының төра­ғасы Ұлықбек Есдәулет, Қыр­ғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Султан Раев, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгел­диев шараның басы-қасында жүрді.

Кербұлақ ауданында ұйым­дас­ты­рылған «Манас» фестиваліне келгендер негізгі шара басталмас бұрын Шоқан Уәлиханов жерленген жерге ат басын тіреп, құрбандық ша­лып, құран оқытты. Шоқан ескерт­кішіне тағзым етіп, Шоқан Уәлиханов атындағы музей ұжымы дайындаған көрмемен танысты.

– Шоқан Уәлихановтың жатқан жері мен ескерткішіне тәу етіп, оның атындағы музейді тамашалау­ды армандап жүруші едік. Міне, бү­гін соны көріп, көңіліміз кеңіп қал­ды. Өткен тарихына осындай құр­метпен қарайтын қазақ бауыр­ла­ры­мызға құрметіміз арта түсті, – дей­ді көрші елден келген манас­шы­лар.

Шанханай ауылының тұсын­дағы кең жазыққа қатар-қатар қазақ үйлер тігіліп, манасшыларға арнал­ған далалық сахна құрылыпты. Осы тұста түрлі ұлттық спорттық бәсе­ке­лер ұйымдастырылды.

Шараның алғашқы сөзін алған Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі:

– Бүгін біз Жетісу жерінде қа­зақ-қырғыз бауырмалдығының өшпес үлгісін салған Шоқан Уәли­ха­новтың рухын әспеттеп отырмыз. Әсіресе, қырғыз тарихы мен мәде­ние­ті үшін Шоқан Уәлиха­нов­тың, кешегі Алаш зиялыларының, кейін­гі қазақ қаламгерлерінің сіңір­ген еңбегі аз емес. Шоқан «Манас» жы­рын қағазға түсіріп, күллі әлемге танытып, жыр бүгінге жетті. Тезек төре мен Жантай хан, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл, тағы да басқа арыстарымыз ағайын­дықтың үлгісін паш етті. Алаш зия­лы­лары кешегі қырғыз зиялыларына жол көрсетіп, елдік туын көтерді. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтма­тов кешегі Кеңестік идеоло­гия Ма­нас жырын бай-манаптың мұра­сы ретінде әдебиеттен сызып тастамақ болғанда қорғап қалды. Біз бүгін сол асыл мұраларды өз қаже­ті­мізге жара­тып отырмыз. Сондық­тан ұлылары­мыз­­ды ұлықтау – пер­зент­тік боры­шы­мыз. Осындай игі­лікті іс Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ла­сын­дағы тапсырмалар ая­сын­да атқа­ры­лып жатқанын айтпай кетуге бол­майды. Елбасының баста­ма­­сы­мен құрылған халықаралық түркі ака­демиясы осындай игілікті істерді қа­шанда қолдауға дайын, – деп толғады. 

Бұдан соң сахна төріне көтеріл­ген Баянғали Әлімжанов, Назаркул Сейдиракманов, Рыспай Исаков, Замир Баялиев, Камил Мамадалиев, Тилек Асанов сияқты танымал қыр­ғыз-қазақ манасшы­лары өнер­ін көрсетті. Манасшы Баянғали Әлімжановтың жырын тыңдаған қырғыз ағайындар тәнті болды.

– Шоқан Уәлиханов пен манас­шыларға арналған симпозиум біздің елде бірінші рет өтіп жатыр. Бұл – үлкен рухани оқиға. Осы арқылы бауырлас екі елдің рухани әлемі жақындай түседі. Мұны алдағы үлкен істердің бастамасы деуге де болады. Ары қарай жалғаса береді деген ойдамын. «Манас» жырын әкем­нен үйрендім. Басында «Алпа­мыс», «Қобыланды» жыры­мен сусындап өссем, кейін келе Мұхтар Әуезовтің аудармасы бойынша құрастырылған «Манас» жырын жаттап, жырлауға кірістім. Кейін «Манас» жыры бойынша фильм түсі­рілді. Қырғыз­стан­да өткен фес­ти­­вальдерге, тағы да басқа шара­лар­ға қатысып, бүгінде манасшылардың қатарынан көрініп жүрмін, – деді Баянғали Әлімжанов.

«Манас» жыры – мәңгілік мұра. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жыр­ды айтатындардың да, тыңдайтын­дардың да азайып бара жатқаны анық. Сондықтан осы дәстүрді қайта жаңғырту керек. Сонымен қатар осы күнге дейін манасшыларға арналған бірде-бір марапат болма­ған екен. Сондықтан осы реткі фес­ти­вальде бірінші рет манасшы­лар­ға Халықаралық түркі академия­сы­ның ат­ы­нан «Түркі әлемінің манас­шы­сы» деген атақ тағайында­лып, фес­ти­вальге қатысқан манас­шы­­ларға сертификаттар тапсыры­лд­­ы. Келесі форум күзге қарай Қыр­ғыз­­станның Ыстықкөл атырабында өтеді.

 

Болат Абаған,

Алматы облысы