Осыдан бір жыл бұрын басталған игі бастама биыл әдемі жалғасын тапты. Бұл күні домбырамен ән де айтылды, өлең де оқылды. Театрдың дәстүрлі «Сырласу бұрышында» еліміздің айтулы ақындары, әншілері, театр артистері өнерлерін ортаға салды.
– Мынау сырласу кеші деген жақсы дәстүр екен. Расында соңғы кездері бірімізге біріміз жақындай бермейтін, жұмысбасты боп кеттік. Жазушылар, артистер, музыканттар өз алдарына жұмыстарын істеп жатыр. Солардың ішінде жарқ етіп шығатын ұлы әншілер, ұлы орындаушылар домбыра күнімен құттықтап жатса, домбыра шерткен адам жаныңа ләззат сыйлап, өзіңнің қазақ екеніңе қуансаң ғажап емес пе? Жанына әнді серік еткен адам ешқашан жаман болмайды. Қуансаң да ән айтасың, мұңайсаң да ән айтасың, домбыра тартасың. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін – деді театрдың режиссері Есмұхан Обаев.
Бұл күні дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман Мейрамбек Жанболатовтың «Ән – домбыра», Секен Тұрысбектің «Домбыра досым» әндерін, «Алатау серілері» тобы «Молдабайдың әнін» орындап көпшілікті бір серпілтті. Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әбубәкір Қайранмен бірге Қайсар Қауымбек сынды кейінгі толқын ақындар жырдан шашу шашты.
Сырласу кеші салихалы әңгімеге жалғасып, алдағы уақытта да осындай кештерді дәстүрлі ұйымдастырып отыру керегі сөз болды.
Тап осы күні Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының 93-маусымы мәресіне жетіп, жақында ғана тұсауы кесілген «Қобыланды» спектаклімен жабылды. Режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың жаңа үлгіде қойған «Қобыланды» спектаклі аз уақыт ішінде көпшіліктің жүрегіне жол тауып үлгерді. Спектакльдің қоюшы-суретшісі – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мұрат Сапаров.
Бұл маусымда Әуезов театры көрермендеріне «Ғасырдан да ұзақ күн» (Ш.Айтматов), «Анна Каренина» (Л.Толстой), «Ұлым, саған айтам...» (Б.Беделхан), «Сүйікті менің ағатайым» (А.Чехов), «Қобыланды» (М.Әуезов) сияқты 5 жаңа спектакль және жалпы көлемде 206 қойылым ұсынды. Шет ел шеберлерінің қатысуымен өткен Республикалық Практикум, Мұрат Сапаров, Ғазиза Әбдінәбиева, Мұрат Нұрәсілов, Торғын Тасыбековалардың мерейтойлары, сондай-ақ Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Мүлік Сүртібаев пен Айкен Мұсабековаларды еске алу кештері, «Сырласу бұрышында» өткен Жанель Мақажан, Еркебұлан Дайыров, Бекжан Тұрыс, Мейрамбек Тағановпен кездесулер, республикалық деңгейде өткен «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» мерекесі, «Қара шаңырақ – 2019» фестивалі, «Музей түні» шарасы өтті.
Дағыстан Республикасында Каспий жағалауы елдері арасындағы тұңғыш ұлттық театрлардың Халықаралық фестивалінде «Сүйікті менің ағатайым» қойылымы «Үлкен формадағы үздік спектакль» атағын алып, бас жүлдені иеленді. Венгрия Республикасының астанасы Будапешт қаласында өткен Имре Мадача атындағы V Халықаралық театр фестиваліне «Қорқыт» спектаклімен гастрольдік сапарға барды.
Осылайша, театр тағы бір маусымын абыроймен қорытындылады.