Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева карантин шаралары қай кезде күшейтілетінін хабарлап, азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.
"Қазіргі кезде науқастардың күн сайынғы өсімі инфекцияның нақты динамикасын көрсете алмайды. Сондықтан басқа да көрсеткіштер ұсынылды. Соның бірі – репродуктивті әлеует. Ол бір науқастың инфекцияны қанша адамға жұқтыра алатынын көрсетеді. Егер осы көрсеткіш 1,3-тен жоғары немесе 1,15 шамасында болса, шектеу шараларын күшейту керек", - деді Ақтаева онлайн брифингте.
Оның айтуынша, карантинді күшейтудің тағы бір көрсеткіші – аурухана орындарының тапшылығы. Стационардағы барлық орынның 70-90 пайызы толып қалса, карантин шаралары күшейтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова стационар орындарының 90 пайызы бос емес екенін айтқан болатын.