Коллекторлық фирма ашу қанша тұрады?
Қазіргі кезде бұл сала Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарайды. Ол коллекторлық салада жаңа реформа бастағалы отыр. Жаңалықтар «Кейбір заңнамалық актілерге микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында көрініс тапқан. Мәселен, бұл құжатта қаржылық реттеуші коллекторлық агенттіктердің (КА) жарғылық және меншікті капиталдарының ең төменгі шегін енгізуді көздеп отыр. Өзгерістер не үшін қажет? Меморганның түсіндіруінше, коллекторлық қызметтер нарығында жүйелі тәуекелдер бар. Мысалы, отандық осы нарықта жосықсыз, адал емес қатысушылардың бары анықталды. Олар клиенттерді қорқытып, доқ көрсетумен айналысқан. Сондықтан коллекторлық агенттіктердің заң бұзуына қатысты азаматтардың шағымы көбейіпті. Бұдан бөлек, борышкердің заттарын жоғалтқандары кездеседі. Егер заң жобасын Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойса, бұл саладағы фирмаларға нақты әрі қатаң талаптар енгізіледі. Біріншіден, оның ауданы кем дегенде 50 шаршы метрден асатын, жабдықталған кеңсесі болуы шарт. Бұл борышкерден алынған мүлікті сақтау үшін қажет. Агенттіктің есептеуінше, мұндай үй-жайды ай сайын жалға алу құны 200 мың теңгеден басталады. Екіншіден, компьютерлер түріндегі жабдықтары (әрқайсысының шығыны 100 мың теңге болатын 5 жұмыс орнын сайлау), аудио және бейнетіркеу құрылғылары (200 мың теңгеден 4-5 құрылғы сатып алу), кеңсе жиһазы (500 мың теңге сомаға түседі) болуы міндет. Үшіншіден, білікті 3-4 қызметкерді жұмысқа алуы керек. Коллектор маманның орташа жалақысы 200 мың теңгеден деп есептелді. Бұған қоса, бухгалтері (ең төменгі жалақысы 200 мың теңге), заңгері (ең төменгі жалақысы 200 мың теңге) болуы қажет. Төртіншіден, КА-дан кредиттік бюромен шарт жасасу талап етіледі. Осыған ұқсас нормалар биыл ломбардтарға қатысты қабылданды. Нәтижесінде, бұдан былай Қазақстанда коллекторлық фирма ашу не қолданыстағысының қызметін ары қарай жүзеге асыру үшін 15 миллион теңгеден астам шығын шығару керек болуы мүмкін. «Мұндай талаптар сақталмаса, тәжірибе көрсетіп отырғандай, құрылтайшылары өзі салған азғантай салым құны шегінде ғана шығын тәуекелін көтереді де, нарықта жосықсыз ұйымдардың туындау қаупі өседі. Бұған КА-лардың заңсыз іс-әрекеттеріне шағым санының ұлғаюы дәлел», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.Қиналғанға араны ашылған жолықпасын
Ведомствоның дерегінше, бүгінде Қазақстанда 172 коллекторлық агенттік бар. Алайда соның ішінде тек 5 компанияның жарғылық капиталы ғана 10 млн теңгеден асады. 2018 жылы Ұлттық банкке коллекторлардың іс-қимылына қатысты 230 арыз-шағым түсті. Жалпы, жыл сайын бұл көрсеткіш тек артуда. 2019 жылы Қаржылық реттеу агенттігі тағы 353 шағымды қарады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 123 шағымға немесе 53%-ға көп. Мысалға, Иван Лукьянов өзіне ықпал ету үшін коллектордың жеке деректерін, қанша банк кредиті және микронесиесі барын әлеуметтік желі арқылы жұртқа жария еткеніне қапаланады. Бұл – заңға қайшы. Ал Нұржігіт есімді азамат жұмыс істеуіне «Секьюрити Систем» коллекторлық агенттігі және Әсет деген сот орындаушы кедергі келтіргеніне назаланады. «Альянс банктен несие алғанмын. Басында төлеп тұрдым. Жұмыстан шығуыма байланысты өтелмей, пайызы өсіп кетті. Кейін жұмысқа орналастым. Сонда бухгалтер айлық жіберу үшін банкте есепшот ашуды сұрады. Ал есепшоттарымның бәрін коллектор мен сот орындаушысы жауып тастапты. Жаңасын ашуға бұғат қойылған. Сондықтан коллектордың Нұр-Сұлтандағы кеңсесіне барып, жағдайды түсіндірмек болдым. Берешекті 100 пайыз төлеуді талап етті. Жартысын берейін дегенге көнбеді. 4 балаға алимент төлеймін. Жаңа жұмыстағы айлығым 200 мың, оның 110 мыңы алиментке кетеді. 50 мыңы пәтер жалдауға қажет. Қалған 40 мыңды берейін десем «толық төле, әйтпесе есепшотыңды ашқызбаймыз» деп табандайды. «Жұмыс істемесем, берешегімді қалай төлеймін» деп тұнжырайды Нұржігіт. Теңге құнсызданып, дағдарыс созылып, ел тұрмысы төмендеген сайын коллекторлардың табысы мен жұмысы да көбейе беретінге ұқсайды. Ендеше коллекторлар тізесі батқан, әбден ашынған, өмірден түңілген азаматтар саны да өседі деген сөз.Коллектор – былықты бұрып әкетер арна
Қолданыстағы заңнама бойынша коллекторлық фирмалар жарғылық және төл капиталы көлеміне қарамастан, тіркеуге қойыла береді. Салдарынан, бір топ спортшы не бұрынғы құқық қорғау қызметкері бірігіп, бірер мың теңгеден ортаға тастап, осындай фирманы тіркете салады. М.Әбілқасымова ұжымы 15 миллион теңгелік жаңа талап коллекторларды қаусатып кетпесіне сенімді. Себебі олар көрсететін қызмет анағұрлым қымбат тұрады. КА-лар банктерден, микроқаржы ұйымдарынан, компаниялардан қарызды талап ету құқығын сатып алады. Бұл ретте өндірілген борыш сомасының 25%-ына дейінгісін өзі қанжығалайды. Мәселен, еліміздегі белгілі коллекторлық ұйым жалпы сомасы 8 миллиард теңге өндіргенін мақтан тұтады. Кейбірінің жетістіктері одан да ірі. Бизнес түгіл, қарапайым адамдар да өзінен қарыз алып бермей жүрген адамдарды енді коллекторға тапсыратын болған. Ол аса қиын емес көрінеді. Бұл үшін жергілікті беделді коллекторлық агенттіктердің біріне қоңырау шалсаңыз жеткілікті. Бірқатары тіпті өз сайты арқылы байланыс формасын толтыруды ұсынады. Содан кейін мамандар өзіңіз қалаған уақытта хабарласып, мәселені реттеу бойынша кәсіби әрі тегін кеңес береді. Одан әрі коллектор қызметіне жүгіну-жүгінбеу жайында шешім қабылдайсыз. Рас, сізбен сөйлесе сала, коллектор әлдебір байғұсты сілкілеуге тұра ұмтылмайды. Заңға сәйкес, ол сөзіңізге сенумен шектелмей, сіз ұсынған құжат негізінде терең талдау жүргізіп, айғақтарды зерделеп, істі жұмысқа қабылдап алу шарттарын ұсынуы керек. Ақырында өзара келісім бекітілсе, онда коллекторлық фирма сіздің ісіңізді жүргізіп, аяғына дейін жеткізу үшін өз мойнына міндеттеме және толық жауапкершілік алады. Ірі КА-лар борыш өндірумен шектелмейді, сонымен бірге клиенттің ісін, корпоративтік қақтығыстарды заңгерлік сүйемелдейді. Ұрланған лизинг заттарын тауып, иесіне қайтарады. Кейбірі алаяқтық жолмен немесе күш көрсету арқылы тартып алынған ақшаны кері алып берумен де шұғылданады. Мәселен, букмекерлік кеңседе ақша тіккен, жеңіске жеткен, бірақ ірі ұтысын ала алмай жүрген адамдар да коллекторларға жүгініп жатады. Жалпы, бүгінде коллектор деп жүргеніміз ағылшынның collector, яғни жинаушы, коллекционер деген ұғымынан туындаған термин. Осы кәсіп иелері пайда болғанға дейін Қазақстанда, кеңес кезінен бері «коллектор» деп кәріз-канализациядан лас сұйықтық пен былықты бұрып әкетуге арналған кең каналды атайтын. Қалай болғанда, ағайын арасына коллектор кірсе, қарым-қатынас бұзылды дей беріңіз.Айхан ШӘРІП