Облыста тәтті түбірді қайта өңдейтін екі бірдей кәсіпорынның жұмыс істеуінің арқасында Жетісудың төл дақылдарының бірі – қант қызылшасынан біртіндеп қол үзе бастаған диқандар да стратегиялық маңызы бар техникалық дақылға қайтадан ден қоя бастады. Соның нәтижесінде биыл облыста қант қызылшасы алқаптарының аумағы 16 мың гектардан асып жығылды. Бір Ақсу ауданының өзінде тәтті түбір көлемі 3 167 гектарға жетті.
Алдағы кезде сыйымдылығы 41 млн текшеметрлік «Қызылағаш» су қоймасы іске қосылатынын ескерсек, келер жылдан бастап жалпы егістік, оның ішінде қызылша алқаптарының аумағы айтарлықтай артатыны анық.
Қазіргі кезде «Ақсу» қант зауыты жаңа жұмыс маусымына жан-жақты дайындалып, берекелі болады деп үміттендіріп отырған алдағы күзде іркіліссіз жұмыс істеуге негіз қалауда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін өндірістік қуаттылығы сағатына 10 тонна болатын, «жомды» барынша сығымдап, орамалайтын желіні іске қоспақ. Соның арқасында қалдықсыз өндіріске қол жеткізіледі. Бір маусымда кәсіпорын 300 мың тонна қант қызылшасын қайта өңдеуден өткізіп, 35 мың тона құмшекер алады.
Облыс басшылығының айтуынша, бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Көксу» қант зауытының қатарына қосылған «АқсуҚант» ЖШС кейінгі жылдары облыстың ішкі экономикасының қарқынды түрде алға басуына оң ықпал еткен.
«Мемлекет басшысы былтыр экономиканың 4 пайыздық өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Біздің өңір бұл міндетті асыра орындады дей аламын. Аймақтық жиынтық өнімнің 3 млрд теңгеден асып, өсім 4,5 пайызды құрады. Осы жоғары жетістікте Асу ауданының да айтарлықтай үлесі бар екенін атап өткен жөн. Он жылға созылған мәжбүрлі үзілістен кейін мемлекеттік қолдаудың, облыс әкімдігі мен «Жетісу» ӘКК және инвесторлардың өзара бірлескен іс-қимылы арқасында іске қосылған қант зауытының да оң әсері мол. Кәсіпорынның жұмыс істеуі ауданның экономикалық жағдайын жасартты. Біз сервистік-дайындау орталықтарын құрып, қант қызылшасын субсидиялауды жолға қойдық, жақсы тұқым алып бердік, агротехникалық шараларды тұрақты ұйымдастырдық. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Алдағы кезде де бұл бағыттағы қолдаулар жалғасады», – дейді облыс әкімі.
Қысқа мерзімде кәсіпорын аймақтағы «зәкірлі» қайта өңдеу өндірісіне айналғанын айрықша атап кеткен дұрыс. Зауытқа шикізатты Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарындағы қант қызылшасын өсіретін 200-ден астам ұсақ шаруашылық, осы бағытта жұмыс істейтін 17 сервистік-дайындау орталығы жеткізеді. Маусым кезінде саладағы жұмысшылар саны 500-600 адамға жетеді.
Отандық қант өндірісі саласы тарихында мемлекет қолдауымен қирап жатқан жерінен қайта қалпына келген бірден-бір кәсіпорын – «Ақсу» қант зауыты. «АқсуҚант» ЖШС кәсіпорнының жұмысы жергілікті аумақ пен жақында орналасқан аудандардың тірлігіне серпін берді. Болашақта құрамажем өндірісі жөніндегі желі мен ашытқы зауыты құрылысы есебінен кәсіпорын өндірісін барынша кеңейту жоспарланған. Серіктестікте өндірістік үрдістерді автоматтандыру және шикізаттық схеманы жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізу мүмкіндігі де бар. Егер ойға алғандар орындалса, зауыттың жыл бойы жұмыс істеуіне қол жеткізіліп, аймақ тұрғындарын еңбекпен қамту мәселесі де шешімін табар еді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы