Білімге даңғыл жол салған
Білімге даңғыл  жол салған
5,270
оқылды

Оқу орны қазіргі күнде дуал­ды оқыту жүйесін пайдалана оты­рып, оқу бағдарламаларын үш тілде жүзеге асыруда. Кол­ледж басшылығының айтуынша, олар өздерінің алдына рухани әлеуеті жоғары, заманауи нарық­тық жағдайларға бейім, өз бе­тінше шешім қабылдай алатын, білікті маман даярлау міндетін қойған. Қазір сол жолда елеулі ең­бек атқарылуда. Білім ордасы соңғы 10 жылда экономика, ра­диоэ­лек­троника, есептеу тех­ни­касы, бағ­дарламалық қамта­ма­сыз ету, ақпараттық жүйелер, құқықтану және бизнес салалары бойынша қаншама үздік маман­дарды нарыққа шығарды. Кол­ледж директоры Серік Иксанов­тың бастамасымен радиоэлек­троника және байланыс ма­ман­дығы бойынша техникалық жаб­дықтау жұмысы тұрақты жүргізілуде.

– Біздегі материалдық-тех­ни­калық база студенттердің ер­кін әрі жан-жақты білім алуына мүмкіндік береді. Сол үшін терең интерактивті оқыту әдістерін қолданамыз. Кітапхана қорын да жыл сайын толықтырып отыра­мыз. Сондай-ақ заманауи сту­денттер асханасын да салдық. Са­бақтан тыс уақытта да шәкірт­теріміздің уақыты тиімді өтуі үшін түрлі бастамаларды қолға алдық. Біздің колледжді та­мам­даған студенттердің кейінгі тағ­дыры да алаңдатады. Бұл әсте немқұрайлы қарайтын шаруа емес. Сол се­бепті, 40-тан астам кәсіпорынмен ұзақмерзімді келісімшарттар жасадық. Бұл түлектердің дипло­мын алғаннан кейін тезірек жұ­мысқа орна­ла­сып кетуіне мүм­кіндік береді, – дейді оқу орны басшысы.

Атап айтсақ, оқу орны «Қаз­пошта», «Қазақтелеком», «Базис Телеком», Apple Technology ме­ке­мелерімен тікелей келісім жасас­қан. Өз кезегінде ұстаздар мен студенттер командасы әр­дайым түрлі деңгейдегі жа­рыс­тарға қа­тысып, қанжығаларын майлайды. Бұл ретте былтыр «АЭФ-ке бара­мын» байқауында топ жарған кол­ледж студенті Әйгерім Тасбо­латты айтып өтсек болады. Ол жеңімпаз атанғаннан кейін цифр­ландыру саласын тереңірек зерт­тегісі келетінін айтқан болатын. «Бұл саладағы мәселелер мені қат­ты қызық­ты­рады. Мәселен, біз цифрландыру процесін же­дел­детер болсақ, ол басқа сала­ларға қалай әсер етуі мүмкін? Осы сұрақ мені қатты толған­ды­рады. Ал дамыған елдер 2020 жыл­ға дейін экономика­сының 20 па­йызын цифрлан­дыр­мақшы. Біз де осы деңгейге ұмтылуымыз керек» деген еді ол. Осылайша, колледж студенті былтыр елор­дада өткен XI Ас­тана экономи­калық фо­ру­мы­на қатысу құрме­тіне ие болған. Ондағы әйгілі шетелдік спи­кер­лермен тікелей тілдескен. Әрине, бұл колледж берген берекелі бі­лімнің арқасы екені айқын. Оқу орны басшы­лығы үздік мамандар даярлауды ары қарай жалғас­тыр­мақ. Әсі­ресе, робототехника са­ласы бо­йынша тың жаңалық­тарға ұмты­ламыз дейді олар.