– Стигматикаға ерекше тоқталып өткім келеді. Өкінішке қарай, қоғамда COVID-19 жұқтырған адамдарға деген теріс көзқарас бар. Маған сеніңіздер, олар да қарапайым, сіз бен біз сияқты өздерінің құқығы бар азаматтар! – деп жазды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан әлеуметтік желідегі парақшасында.– Осыдан бірнеше күн бұрын ауыр науқасты ауданнан қалаға тасымалдаған кезде біраз адамдар жедел жәрдем көлігін паромға кіргізбей қойды. Олар кез келген адам ауырып қалып, өздері де науқастың орнында болуы мүмкін екенін түсінбейді. Науқас өзі ауырып, секем алып түрғанда, адамдар оны алапес ауруындай қабылдап тұрған күйді жақсы түсінемін, елестетіп тұрмын. Дегенмен, науқас көлікте жеке қорғаныс құралдарында болды және басқаларға қауіп төндірмеді. Осы үшін кейін паром арнайы рейс жасап, жедел жәрдем мен науқасты қосымша бірнеше жүз шақырым болатын айналма жолмен сандалтпай, Бұқтырма су қоймасынан өткізді. Тұрғындардан туыстары мен достарын және барлық науқастарға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуді сұраймын, – деді ол.
Дәрігердің желідегі жазбасына байланысты жұртшылық пікірі екіге жарылғанын айта кеткен орынды. Бірі «бұл неткен сұмдық, адамдар тасжүрек болып барады» десе, енді біреулер «Толығымен келісемін. Коронавирус жұқтырған ауруларды аудандардан тікұшақпен жеткізу мәселесі неге қарастырылмаған? Халықты әбден үрейлендіріп тастаған... Ертең аурумен бір паромда болған деп олардың барлығын оқшаулаулары да әбден мүмкін...» деп жазба қалдырған.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы