Зағиптарға әлемді көруге мүмкіндік туды – Қазақстандық стартаперлар теңдесі жоқ құрылғы ойлап тапты
Зағиптарға әлемді көруге мүмкіндік туды – Қазақстандық стартаперлар теңдесі жоқ құрылғы ойлап тапты
245
оқылды
Қазақстандықтар зағип жандарға қайта көруге мүмкіндік беретін құрылғы ойлап тапты. Олар әлемде баламасы жоқ құрылғыны өндіріске  жіберу үшін  инвестор іздейді. Sezual стартап командасы ойлап тапқан құрылғы арқылы зағип жанның миына объектілерді 15 метр радиуста көруге мүмкіндік береді. Ғаламда теңдесі жоқ жобаға әлемдік сарапшылар, соның ішінде эхолокация жөніндегі американ сарапшысы Даниэль Киш пен нейрофизиолог дәрігер Вивиана Муччи баға берген. Енді жоба авторлары құрылғыны шығаруға көмектесетін инвесторларды іздеп жүр. Sezual стартап командасының мүшесі Нұрбек Еңсебаев мұндай құрылғы жасау идеясын әріптесі Ғалымжан Ғабдрешов ұсынғанын айтады. Ғалымжан Ғабдрешовті Даниэль Киштің TEDx конференцияларының бірінде айтқан сөзі қанаттандырған. Қоршаған ортаны дыбыс арқылы ерекше дәлдікпен көретін эхолокация жөніндегі сарапшының көпке үлгі екені белгілі. Ал құрылғының баламасы бары-жоғына келсек, Sezual стартап командасының қолында дәлелі бар. Дүниежүзілік банктің бастамасы бойынша, Халықаралық іздеу басқармасы құрылғыға, оны өнеркәсіпте  қолдануға сараптама жасаған. Нәтижесінде, ұйым құрылғының әлемде теңдесі жоқ екенін растаған. Нұрбек Еңсебаевтың  сөзіне қарағанда, құрылғы мен оны қолдануды үйрету 3 мың доллар шамасында болуы мүмкін. Құрылғы  толыққанды өндірісті бастайтын серіктес-инвесторлар табылғанда сатылымға шығады.  Оның айтуынша, егер алдағы 3 айда бәрі дайын болса, өндіріс басталады. Astana Hub баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба жетекшілері қазір аппаратты сынақтан өткізіп жатыр. Sezual стартап командасында барлығы 10 адам жұмыс істейді. Жоба авторлары аталған құрылғыны жасауды 2017 жылдан бастап қолға алған.

Айбике Жанасыл