Түркістандық жастар марапатталды
Түркістандық жастар марапатталды
278
оқылды
Марапатты об­лыс әкімі, «Nur Otan» пар­тиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмір­зақ Шөкеев табыс етті. Ол марапаттау барысында облыс тұрғындарын Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толуымен құттықтады. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен елі­мізде BizBirgemiz акциясы қолға алынды. Акция Түркістан облы­сында жоғары деңгейде өтіп жа­тыр. Игі істі жүзеге асыруда ерікті жастарымыз елге көмектесті. Ка­­рантинде де жұмыс істедіңіздер. Еңбектеріңізді Елбасы бағалап отыр. Отаншыл, мемлекетшіл азаматтар өздеріңіздей жалынды жастардың арасынан шығады, – деп атап өткен өңір басшысы жас­тардың елге деген жанашыр­лығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев 2020 жылды «Ерік­тілер жылы» деп жариялаған болатын. Өңірдегі еріктілер се­німді ақтап жүр. Осы орайда BizBirgemiz акциясын жүзеге асыруға көмектескен Түркістан облысы «Jas Otan» Жастар қанатының 138 еріктісі де Елбасының алғысха­тымен марапатталды. Салтанатты шарада облыстық «Жастар ре­сурстық» орталығының директо­ры Амалбек Өміртай өңір бас­шы­сына жастар атынан волон­тер­лердің бас киімін тапсырды. Облыстағы 40 мыңнан астам әлеу­меттік аз қамтылған отба­сы­ларға көмекті үлестіруге 600-ден астам қоғам белсендісі, еріктілер атсалысты. COVID-19 дертіне қарсы кү­ресті күшейту және мұқтаж отба­сыларға көмектесу мақсатында Елбасы бастамасымен Birgemiz республикалық қоры құрылды. Бұл қорға «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент қоры, депутаттар, меценаттар, кәсіп­кер­лер қаржы бөлді. Белсенді аза­маттардың қолдауының арқа­сын­да еліміздің барлық аймағындағы жалғызбасты қарттарға, көп­балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және өзге де азамат­тарға көмек көрсетілді. Аталған қор арқылы 470 мың­нан астам отбасына 50 мың тең­геден аударылған. Түркістан об­лысында 40 мыңнан астам отба­сыға азық-түлік берілсе, Түркістан мен Кентау қаласындағы 17 мың­нан астам отбасы 50 мың теңгеден алды. BizBirgemiz акциясы ар­қылы жәрдем көрсету белсенділігі мен отбасыларды қамту көрсет­кіші бойынша «Nur Otan» партия­сының Түркістан облыстық фи­лиа­лы республикада екінші орын­ды иемденіп отыр. «Jas Otan» Жастар қанаты бүкіл ел бойынша 5 мыңнан астам во­лон­терді жұмылдырып, 268 мың­дай отбасыға азық-түлік се­бет­те­рін, бетперде мен ең қажетті зат­тар­ды жеткізіп берді. 100 мың отба­сыға 5 миллион тегін бетперде үлестірілді. Бүгінде Birgemiz қоры есеб­і­нен Мақтаарал ауданындағы то­пан судан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындары үшін 20 жаңа үйлер құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған 340 млн теңге бө­лінді. Жалпы, төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап партия­лықтар еліміздің барлық өңірінен Түркістан облысына азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материал­дары мен жеке гигиена құралда­рын жіберді. Түркістан облысында төтенше жағдайға байланысты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қо­ры жұмыс істеп тұр. Мұқтаж жан­дарды қолдауға бағытталған BizBirgemiz акциясына партия филиалдары, аудан, қала әкімдері, жасотандықтар, партия фракция­сының мүшелері, ерікті жастар және кәсіпкерлер мен депутаттар да атсалысты.  

Тельман БЕЙСЕН