Олардың арасында билік басындағы белгілі тұлғалар да бар. Шенеуніктердің коронавирус жұқтыру қаупі жоғары екені түсінікті де. Өйткені олар қызмет бабымен көпшілік ортаға жиі шығады. Әрі-беріден соң COVID-19 адам таңдамайды, мансабына да қарамайды. Оның мысалы, әлемде мүйізі қарағайдай саясаткерлерден де коронавирус анықталды, бүгіндері олар жазылып, жұмысын істеп жатыр.
Мысалы, наурыз айының соңында Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл ақпарат әлемді дүр сілкіндірді және үркітті. Енді ше, билік басындағы Борис Джонсон сақтана алмаған соң... коронавирус инфекциясының қаупі жиі айтыла бастаған наурызда британ басшысы ұзақ уақыт төсек тартып қалардай көрінді. Алайда ол бір апта өткенде ауруханадан шығып, өмірін сақтап қалған дәрігерлер қауымына алғысын айтты. Көп ұзамай қызметін жалғастырып кетті. Ал сәуір айының соңында Ресей үкіметінің жетекшісі Михаил Мишустиннің коронавирус жұқтырғаны жария болды. Бұл туралы өзі Ресей президенті В.Путинге бейнебайланыс арқылы хабарлады. Бірден ауруханаға жатып, ем алды. 7 мамырда үкімет отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты. 19 мамырда ауруханадан шықты.
Коронавирус жұқтырғандар қатарын Армения премьер-министрі Никол Пашинян және оның отбасы, Франция мәдениет министрі Франк Риестер, америкалық конгрессмен Марио Диас-Баларт, Израиль денсаулық сақтау министрі және «Агудат Исраэль» партиясының төрағасы Яаков Лицман, Гондурас президенті Хуан Орландо Эрнандес пен оның зайыбы толықтырды.
Бұған дейін елімізде Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов коронавирус инфекциясын жұқтырған еді. Ал кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтен де коронавирус табылды.
Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған Премьер-Министр Асқар Мамин, Білім министрі Асхат Аймағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев оқшаулау режимінде болды. Күні кеше COVID-19-ға қайталап өткізген тест нәтижесі теріс шығып, олар әдеттегі кесте бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.
Адам таңдамайтын ауру еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан да анықталды. Бұл жөнінде Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің Twitter парақшасында хабарлады.
«Өкінішке қарай, Елбасының коронавирус инфекциясына тапсырған соңғы сынамасы оң нәтиже көрсетті. Алайда алаңдауға негіз жоқ. Қазіргі кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзін-өзі оқшаулады. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастырып жатыр» деп жазды.
Коронавирустан ешкім сақтандырылмағанын дәрігерлер айтып-ақ жатыр. Сақтық шараларын ұстану аса маңызды. Коронавирус анықталған күннің өзінде тиісті талапты орындау дертті жеңуді жеделдетеді. Әлемдік саясаткерлердің емделіп, қызметіне кірісіп, халықты тәжтажалдан арашалап алу жолындағы күресі сөзіміздің дәлелі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы да таяу күнде ортамызға оралып, қызметін жалғастырады деп сенеміз.