Семейлік кәсіпкерлер де қолдап отыр
Семейлік кәсіпкерлер де қолдап отыр
256
оқылды
Кездесу барысында облыстың бас санитарлық дәрігері Марат Исмаилов пен Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовпен бірге қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын күшейту жайы талқыланды. Жиында барлық ұсыныс қоғам өкілдерімен және семейлік кәсіп­керлермен бірлесе талқыланып, ортақ келісім жасалды, сонымен бірге бұл күні облыстың бас санитарлық дәрігерінің кезекті №14 қаулысы шығар­ылды. Онлайн жиында аймақ басшысы Семейде коронавирус инфекциясы туралы түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізіліп жатқанын сынға алды.
– Бұл жағдай жауапты органдардың өз ісіне салғырт қарауынан, бақылаудың жоқтығынан, сондай-ақ тұрғындардың тәртіпті сақтамауынан туып отыр, адамдар қарапайым ережелердің өзін өрескел бұзып отыр. Әйтпесе, неге Семей қаласында ғана ауру жұқтырғандар өршіп кетті? Неге Өскеменде, неге басқа аудандарда көбейген жоқ? Себебі олар карантиндік шектеу мен сақтық шараларын мұқият сақтады. Біз санитарлық-эпидемиологиялық қауіп­сіздік талаптары мен тиісті нормаларды сақтағанда ғана аурудың алдын аламыз. Осылай етудің дұрыстығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, – деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімі қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде халықты күнделікті ақпараттандыруды жөнге келтіріп, сақтық шараларын, жұрт арасында түсіндіру жұмыстарын мейлінше күшейтуді тапсырды. Осыған орай, қала әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді. Облыстық Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтқанына сүйенсек, осыдан бір апта бұрын, 12 маусымдағы жағдай бойынша өңірде 234 адамда коронавирус белгілері анықталған. Олардың басым көпшілігі, 155 адам – Семей қаласының тұрғыны. – Тек он күннің ішінде ғана қалада ауру жұқтырған 56 жағдай тіркелді. Бір апта ішінде облыс бойынша ауру жұқтырудың өсу деңгейі 4,1 пайызға жетті, – деді басқарма басшысы. Облыс бойынша Семейдегі эпи­демиологиялық жағдай қиын. Ауруды жұқты­рғандардың 70%-ы Семейде тіркелген. Мұнда көп жағдай бір ошақтан тіркелуде. Облыстың бас санитарлық дәрігері Марат Исмаиловтың айтуынша, 27 үй жағдайында 82 адам ауырған. Оның ішінде 12 адам бір ошақтан, төрт жағдай бес ошақта тіркелсе, үш жағдай алты ошақта, екі жағдай 16 ошақта тіркелген. – Қауіпті індетті таратушылардың арасында ауру белгісі білінбейтіндер көбейіп келеді. Олардың мұндай дертке шалдығуы өзге адамдармен байла­нысқанда ғана анықталады. Қазір Семейде коронавирус жұқтырған 103 адамда ешқандай ауру белгісі байқалмаған. Сондай-ақ қаладағы кәсіпорындарда жаппай жұқтыру жағдайы болды. Мәселен, Семейдегі тері-венерологиялық диспансерде – 37, «Қазполиграф» ЖШС қызметкерлері арасында – 27, сонымен қатар туысқандарымен араласқан 15 адам ауру жұқтырған, – деді Марат Исмаилов. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, қауіпті індеттің күн сайын өсуіне қара­пайым нормалар мен санитарлық-эпи­демиологиялық талаптарды орындамау, қашықтықты сақтамау себеп болып отыр. Дәл осы Семейдегі жағдай облыстың бас санитарлық дәрігерінің №14 қаулысының шығуына себеп болды. Жалпы, облыста 1 512 адам байла-­ныста болған 151 ошақ бақылауда болады. Қазіргі уақытта барлық 1 512 адам анық­талып, оқшауландырылды. Оның 26-сы карантиндік стационарда, 1 486-сы үйде оқшауландырылған. Айта кетейік, қаладағы шектеу шара­ларына семейлік кәсіпкерлер де қолдау танытып отыр. Себебі олар да бірінші кезекте адам денсаулығы мен өмірі тұрғанын жақсы түсінеді. – Облыс басшылығымен корона­вирусқа қатысты өзекті мәселелерді тікелей талқылауымыз біз үшін өте маңызды. Соңғы екі аптада екі рет кездесу өткізілді, екеуі де жемісті болды. Карантиндік шаралардың күшейтілуіне біз де қарсы емеспіз, – деді жиын барысында семейлік кәсіпкерлердің бастамашыл тобының мүшесі Станислав Миталиди. Қоса кетейік, облыста 18 маусымдағы ақпарат бойынша коронавирус инфек­циясын 21 адам жұқтырған. Науқастардың ішінде 11 адам Семейден, 9 адам Өскемен қаласынан және Тарбағатай ауданынан 1 әйел адам тіркелген. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша зертханалық талдаулар 4 семейліктен, облыс орта­лығының 3 тұрғынынан және Тарбағатай ауданының азаматшасынан бұрынырақ КВИ ауруын жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған тұлға ретінде алынды. Қалғандары өз өтініштері бойынша ЖРВИ белгілерімен түскендер. Қазір қауіпті вирусты жұқтырған науқастың барлығы инфекциялық стационарда ем қабылдауда. Олармен байланыста болған адамдарға эпидемиологиялық және медициналық тексеру жүргізу үшін ТКҚСҚБ аумақтық басқармасының мамандары мен медицина қызмет­керлерінен құралған мобильді топ ошақтарға қорытынды дезинфекция жүргізуде. Осы уақыттағы жағдай бойынша облыста коронавирусты жұқтырған 298 адам тіркелген. Сауығып шыққандар саны – 137.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы