«Қорғаныс киімінің ауырлығы сондай қимыл-қозғалысқа ыңғайсыз. Жүріп-тұруда біраз қиналамыз. Сол киіммен еркін қимылдап, науқастарға қол ұшын созуға дайын тұратын әріптестерімді көргенде қуанамын. Соларға қарап, ауырлықты елемеуге, көңілімді басқа нәрсеге аударуға тырысамын. Сөйтіп жүргенде бәрін ұмытып кетемін. Беттегі медициналық бетперденің ізін, денедегі ауырлықты сезбей қалатын сәт туады. Мұның бәрі алғыс білдірген жанды, дертінен айыққан науқасты көргенде ұмытылады. Сондықтан барша әріптестерімді медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын», – дейді Гүлзат Ержанқызы.Иә, олардың жақсылыққа жаны құмар. Мұны біз әлем пандемия құрығына ілінбей тұрғанда-ақ білеміз. Бірақ жанымыз көзімізге көрінгенде ғана денсаулық пен дәрігердің қадіріне жететін жаман әдетіміз бар. Десе де, қоғамда болып жатқан жағдай олардың қызметіне күмәнсіз адал екенін көрсетті. Жұрт үшін түн ұйқысын төрт бөліп, жан аямай күресіп жүр. Індетпен күрес кезіндегі жағдай драма жанрындағы ең үздік фильм сценарийінен де асып түсті. Бұған төтенше жағдай кезінде көзіміз жетті. Үй-ішін, бала-шағасын бірнеше ай бойы көрмей, сіз бен біздің амандығымыз үшін бел шеше жұмыс істеді. Ұйқы қысып қажыса да, бетіне респиратордың ізі түссе де, кеудесінде сағыныш оты маздаса да шегінген жоқ. Қоғамға «Біз сіз үшін жұмыста жүрміз. Сіз біз үшін үйде қалыңыз» деп басу айтты. Бірігіп, санитарлық талапты сақтасақ қана індеттің беті қайтатынын мәлімдеді. Ал дәрігердің отбасы жақыны қашан келер екен деп жол тосты. Мұны біз теледидардағы түрлі сюжеттен көрдік. Ағайын-туыс әңгімесінен естідік. Балалардың анасы мен әкесін сағынғанын жүзінен байқадық. Qazaqstan арнасы түсірген сюжеттің бірінде «Анашым, біз сізді сағындық. Қашан келесіз? Сабағымды оқып, айтқанды тыңдап жүрмін» дегенді естігенде еріксіз көзге жас келеді. Осы сөзді естіген ана жүрегінде тағат болсын ба?! Баласы осылай дегенде құстай ұшып жетер еді-ау. Бірақ ол – дәрігер. Елдің, ұлттың саулығына жауап беретін арда қызметтің иесі. Дәрігерді осынша қиындықты еңсере отырып, алға қарай жүретініне бола ақ халатты абзал жанға теңейтін болар. Жоғарыда індетті майданға теңегеніміз есіңізде болар. Демек, майдан даласын көзіңізге елестетіңіз. Алғы шепте жүргендердің алғашқы болып құрыққа түсетіні, соққы тиетіні белгілі. Сол сияқты медицина қызметкерлері коронавирус жұқтырды. Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаеваның айтуынша, елімізде 1 904 медицина қызметкері вирус жұқтырған. Соның ішінде 30%-ы жұмыс барысында індетке іліккен. Олардың арасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бар. Әріптестерімен бірге індеттің бетін қайтаруға атсалысқан министрдің жағдайына елі алаңдаулы. Вирус жұқтырған барша дәрігердің айығып, қызметіне оралғанын қалайды. Қызметке оралу демекші, медицина қызметкері дерттен айыққан соң, бірнеше күн оқшауланып, сауыққаны жұмысына қайта оралып жатыр. Олардың бойында «екінші мәрте вирус жұқтыру қаупі басым-ау» дейтін ойдың жоғына таңданасың. Қайта науқастың жағдайына, ауруханадағы ахуалға алаңдаулы екенін байқайсың. Осындайда Луций Сенеканың айтқаны еске түседі. «Жазылудың ең негізгі шартының бірі – жазылуға деген құлшыныстың болуы». Дәрігер алдымен дәтке қуат, науқас дертіне шипа болсам дейтін сыңайлы. Ибн Сина не деп еді? «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, өсімдік, пышақ». Әрине, медицина ғылымының білгірі сөзінің жаны бар. Алайда жаңа заман өлшемін ескерсек, дәрігерге сөз, жүрек пен жігер қажет сияқты. Емдейтін дәрі де, құрал да жетіп артылады. Соны ерік-жігерімен меңгеріп, ауруды жүрегімен сезініп, сөзімен емдейтін дәрігер санаулы. Қоғам осындай медицина қызметкерлерінің көп болғанын қалайды. Осы жолы мереке «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне ұқсайды. Анатолий Николаевичтің туған күн кешіне жиналатынындай биыл дәрігерлерге лебіз ерекше. Ұстаз да, кенші де, жоғары шенді қызметкер мен бала да дәрігердің өлшеусіз еңбегін бағалайды. Сый-құрмет көрсетеді. Өйткені олардың қауіппен бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін жанын салып жүргеніне куә. Төл мерекеңіз құтты болсын, біздің сүйікті дәрігер!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ