Қайрат Мәми Парламентте Конституциялық Кеңестің Жолдауын жария етті
Қайрат Мәми Парламентте Конституциялық Кеңестің Жолдауын жария етті
189
оқылды
Конституциялық Кеңес Төрағасы  Қайрат Мәми Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы Жолдауын жария етті. Қ. Мәми атап өткендей, Ата Заңды білу мен бағыну, оны басты құқықтық құжат ретінде құрметтеу – кез келген демократиялық мемлекеттің өзекті міндеті болып қала бермек. Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл толады. Сондықтан бұл Жолдау соңғы бес жылдағы конституциялық құрылыстың нәтижелерін қорытындылауға арналды. Кеңес назар аударғандай, белгіленген кезең қазақстандық мемлекеттілікті нығайту үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. Өткен жылы Қазақстанда Конституция талаптарына сәйкес жоғарғы биліктің байсалды ауысуы және кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Уақыт Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің бір-бірін өзара толықтыратын қызметінің перспективалылығын көрсетті. Осы қызмет Қазақстанның өркендеуі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу сияқты ортақ мақсаттарына бағытталған. Елімізде конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру жөніндегі жұмыс жалғастырылуда. Мемлекеттік және қоғамдық өмірді одан әрі демократияландыру жөніндегі қызмет өрістетілді. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы түбегейлі жаңа Заң қабылданды, оппозициялық қызмет заңнамалық түрде реттелді, саяси партия құру үшін азаматтар саны екі есеге қысқарды, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30  % квота қарастырылды және басқалар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қоғамның түрлі топтарының кең өкілдігімен жаңа саяси мәдениет қалыптастырылуы жүріп жатыр. Конституцияның адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар жөніндегі талабы коронавирустық пандемиямен күрес бойынша бүкіл жұмыстың негізіне қойылды. Конституциялық бақылау органының Жолдауында Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындаудағы оң үрдіс көрсетілді. Мәселен, оның құқықтық ұстанымдарын іске асыру мақсатында алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізудің соттылығы кеңейтілді, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, норма шығару жұмысының барлық сатыларын жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер әзірленді. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жалға алушыларды тұрғын үйден шығару негіздерін жетілдіру бөлігінде "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға өзгерістер енгізілуде. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Республиканың Тұңғыш Президенті - Елбасының Конституциялық Кеңестің құрамына кіруі конституциялық бақылау органын күшейту үрдісін жалғастырғанын ерекше атап өтті. Конституциялық Кеңес елде құқықтық мемлекеттің қағидаттарын нығайту бойынша нақты ұсыныстар енгізді. Кеңес құқықтық саясат саласында жаңа бағдарламалық құжатты бекіту қажет деп санайды. Біртұтас мемлекет жағдайында ол біркелкі құқық шығармашылық және құқық қолдану тәжірибесін қамтамасыз ету маңызды деп есептейді. Бұл әсіресе, өткен ғасырдың 90-шы жылдары қабылданған заңнамалық актілер үшін өзекті. Кеңес оларды конституциялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мұқият талдауды және, қажет болған жағдайда, жаңа редакцияда қабылдауды ұсынды. "Электрондық Үкімет" инфрақұрылымының қарқынды дамуы барабар құқықтық база құруды талап етеді. Конституциялық Кеңес ұсынымдарының бір бөлігі адам құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты. Бұл азаматтық процеске қатысушылар құқықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайту, атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың білікті заң көмегіне құқығын іске асыру; азаматтардың құқықтарын шектеудің әділдігі мен мөлшерлес болуын қамтамасыз ету; меншік иелерінің өздерінің мүліктік құқықтарын толыққанды жүзеге асыруы үшін жағдай жасау; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібін заңнамалық регламенттеу және т. б. Конституциялық Кеңес заңнамалық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында бүкіл нормативтік-құқықтық базаға терең ревизия жасауы уәкілетті органдардың маңызды міндеті болып табылады деп есептейді. Конституциялық заңдылықты нығайтудың маңызды шарты ретінде азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру  белгіленді. Ол үшін құқықтық тәрбиенің мемлекеттік бағдарламасын бекіту ұсынылды. Қ.Мәми тараптардың істе қолданылатын заңның конституциялылығын тексеру туралы өтініштерін соттардың қарауының тәртібін, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңды жетілдіруді ұсынды. Бұл республика Конституциясының жетекші рөлімен елдің құқықтық жүйесін дамыту және адамның конституциялық құқықтарының кепілдіктерін нығайту үшін қажет. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойы - бұл ең алдымен Ата Заң нормаларын жан-жақты ұғынуға, конституциялық құндылықтарды өмірге енгізу бойынша қосымша шараларды әзірлеуге себеп", - деп қорытындылады өз сөзін Конституциялық Кеңестің Төрағасы.