4-5 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық мұражайда тұңғыш рет «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумы өтті. Форумды қала күніне орай Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Негізгі мақсат – Еуразия жазушыларының шығармаларын насихаттау, халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтып, бірыңғай әдеби кеңістік қалыптыстыру.
Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Наримаш Мұхабеталина биыл форумның ерекшелігін айтты.
– Форум аясында әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық пен кітап бизнесі мәселелер аясында дөңгелек үстел, шығармашылық кездесу, көрме өткізілді. Осыған дайындық барысында көп шаруа атқарылды, – деді ол.
Оның айтуынша, форумға Испания, Үндістан, Египет, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей секілді жиырмадан астам мемлекеттің ақын-жазушылар арнайы келген. Атап айтсақ, халықаралық «Экиваленсиас» журналының бас редакторы, Испания пен-клубының бас хатшысы – Jorge Padron Justo Angel, ОАӘ Жазушылар одағының басшысы Nasser Ali Khamis Obaid Aldhaheri және тағы басқа танымал тұлғалар болды.
Сондай-ақ жиын барысында Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Президент кеңесшісі Мақсат Сқақов сөз алып, ізгі тілегін білдірді.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Еуразияның әр бұрышынан жиналған жазушыларды форумның ашылуымен құттықтады.
– 21 жылдың ішінде астанамыз жаһандық шаралардың алтын ошағына айналып үлгерді. Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзі бар. Әдебиеттің өрісі барша азаматтардың бірге жасаған ісінің нәтижесінде кеңейеді. Рухани жаңғыру аясында бұл міндетті бірге атқарамыз деп ойлаймыз. Бұл форумның көтерген жүгі маңызды, орны зор. Ауқымды форумның елордада өтуі қаланың руханиятын жаңа деңгейге көтереді, – деді қала әкімі.