Жастар – ел тірегі
Жастар – ел тірегі
413
оқылды

Елбасы кітапханасының музейінде «Жастар – ел тірегі» көрмесі өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы елордалық Суретшілер одағымен бірлесіп, жас суретшілер арасында өткізген байқаудың жеңімпаздары анықталды.

Көрменің негізгі міндеті – «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сын­­дағы Елбасының жасампаз идеяларын іске асыру. Төрт айда кәсіби және әуесқой жас сурет­ші­лер «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында сурет салды. Олар Қазақстан тарихындағы аттары аңызға айналған тұлғалардың бей­нелері мен аға буынның жетіс­тік­терін қылқалам тілінде баяндады.

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов жеңімпаздарға шығармашылық табыс тіледі.

– Елбасы кітапханасы мемле­кет­тік мереке қарсаңында жыл сайын жастар шығармашылығын қолдап, түрлі көрме мен байқау ұйымдастыруды дәстүрге айнал­дырды. Жастар жылында «Жас-тар – ел тірегі» шығармашылық бай­­қауының бірінші кезеңі де мәре­ге жетті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен суретшілер атса­лысты. Жастардың ықыласы өте жоғары болғанына қуаныш­ты­мыз. Көр­ме­ге қатысқан үміткерлердің ав­тор­лық жұмыстарына қарасақ, әлем­ге әйгілі Ерболат Төлепбай, Амандос Ақанаев, Қазыбек Әжібе­ков Сембіғали Смағұлов секілді майталман суретшілердің көлең­ке­сінде қалып қоймай, өзін­дік қолтаңбасымен, ешкімге ұқса­майтын айрықша мәнерімен өзге­ше екенін байқауға болады. Көңілі мен сезімін түрлі бояумен шебер жеткізе білген дарынды жастарға сәттілік тілеймін, – деді Әмірхан Рахымжанов.

Байқауға Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Бұқар жырау, Дина Нұр­пейісова, Бауыржан Момышұ­лы сияқты тарихи тұлғалар бей­не­лерімен қатар заманауи таны­мал есімдер: Роза Бағланова, Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген бейнеленген шығармалар да ұсы­ныл­ған.

«Кескіндемеден» Алмас Орақ­баев, «Графикадан» Бейбіт Әсем­құл жеңімпаз атанды. Байқауға қатысушылар сыйлық иеленді.

– Байқауға Димаш Құдай­бер­ген­­ді бейнелеген туындымды ұсын­­дым. Жалпы, суретші өз зама­нын­дағы азаматтарды бейне­леуі керек. Тума таланттың бірі – әнші Димаш Құдайберген. Қазақстанда ғана емес, әлемде орны бар тұлға. Карти­нам­ды «Ақ жауын» деп ата­дым. Себебі, «Ақ» деген сөз бір жа­ғынан Димаштың тазалығын білдірсе, екінші жағынан халықтың Димаш­қа деген ақ пейілін біл­ді­ре­ді. Димаш­тың әндері адамның жүре­гі­нің түбінде жатқан тылсым сезім­ді оятады, мен үшін Димаш­тың әнін тыңдағанда балалық шақ­­тағы ақ жауын жауғандағы се­­зім келеді», – деді жеңімпаз Бей­біт Әсемқұл.

 

Майра БАҚЫТ