– Бұл жолы біз балабақшаларда жүргізіліп жатқан ішінара жөндеу жұмыстарымен таныстық. Балалар ойнайтын алаңдар тозып кеткен болатын. Мердігер компания жұмыс жүргізіп жатыр. Ең бастысы – жұмыстың сапасы. Сондықтан оның қалай істеліп жатқанын үнемі бақылап отырамыз. Құрылыстың жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуын, құрылыспен айналысып жатқан жұмысшылар жалақысының дер кезінде берілуін қадағалаймыз. Әзірге жұмыстың қарқыны жақсы. Құрылыс жұмыстарын жүргізудегі кейбір кемшіліктер, сын-ескертпелер айтылды. Баспалдақтар мүжілгенін, асфальттар жарылғанын байқадық. Алдағы уақытта тиісті орындарға айтып, қадағалауын тапсырамыз, – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай.
Келісімшарт бойынша құрылыс материалдары Алматы қаласынан алынуы тиіс. Егер Алматы қаласында болмаған жағдайда Алматы облысынан жеткізіледі.
– Қазір біз күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Тек бүгін бес нысанның жұмысымен танысуға рейдке шықтық. Нысандарды аралағанда жұмысшылармен тілдесіп, олардың жергілікті адамдар екеніне көз жеткіземіз. Отандық құрылыс материалдарын пайдаланып жатқанын бақылаймыз. Нысандарға кейбір ескертпелерді айттық. Алдағы уақытта тағы да бақылауда ұстаймыз. Біз нысандарды аралау барысында кейбір құрылыс материалдарының отандық өнім емес екенін байқадық. Оны мердігер компания өкілі де жоққа шығарған жоқ. Бұл мәселенің ақ-қарасын анықтап, тиісті шаралар қолданамыз, – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының Алатау аудандық филиалы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Нурия Ниязова.
Нысандарды аралау барысында еңбекшарты бойынша барлық санитарлық нормалар сақталғанын байқадық. Карантин режиміне сәйкес бәрі де бетпердемен жүр. Дезинфекциялық құралдар да жеткілікті.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ