Бердібек Сапарбаев аталған нысанды аралау барысында спорт кешеннің материалдық-техникалық базасына жоғары бағасын берді.
– Спорт басқармасы жеке кәсіпкерлерден тиімді бағада және қазіргі заманғы көпфункционалды кешендер салу жөнінде тәжірибе алу қажет. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар облыс тұрғындарының басым бөлігін спорт инфрақұрылымымен қамтуға мүмкіндік береді, – деп аймақ басшысы баса айтып өтті.Бердібек Машбекұлы облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің қасбетіне айрықша көңіл бөліп жатқанын бұған дейін жазғанбыз. Бұл жолы әкім «Салтанат» ықшамауданындағы №19, 20, 22, 23 көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарын саралады. Сондай-ақ аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
– Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сіздердің үйлеріңізді жөндеп, ретке келтіруге мүмкіндік туып отыр. Бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлуде. Өз кезегінде сіздердің тараптарыңыздан да ортақ жауапкершілік болуы керек. Тұрғын үйдің жағдайын өздеріңіз де бақылауларыңыз қажет. Мен елдің көптеген аймақтарында жұмыс істедім, бірақ қалада ПИК (басқарушы компаниялары) жұмыс істемейтінін бірінші рет көріп отырмын. Сіздерге меншік иелері бірлестігін немесе кондоминиум құру керек,– деді облыс әкімі тұрғындармен кездесу барысында.Жалпы, облыс орталығында жаңғырту жұмыстарын қажет ететін 797 көппәтерлі тұрғын үй бар. Биыл бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 3,4 миллиард теңгеге 80 тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар 24 тұрғын үйді 1,1 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары да жоспарланып отыр. Ал бұл бағытқа қаражат 7 жылға дейінгі мерзімге 0,1 пайыздық мөлшерлемемен қайтарымды негізде бөлінген. Бұл күні Бердібек Сапарбаев №39 мектеп-гимназиясы мен Братская көшесіндегі құрылыс жұмыстарын да көзбен көрді. Жауапты мердігерлерге тиісті тапсырмалар беріп, ең бастысы сапа екенін тағы бір мәрте ескертті. Осылайша, Бердібек Машбекұлы 5 күндік оқшаулаудан кейін жұмысқа жең түріп, білек сыбана қайта кірісіп кетті. Әрине, жата берсең, тірлік тұралайтыны белгілі. Осыны жіті түсінген аймақ басшысының шешімін оң бағалауға болады. Ең бастысы, денсаулығында еш ақау болмай, індеттен аман болса болғаны. Тараздықтар «Сапарбаев Мырзахметов бастаған тірліктер аяқсыз қалмайды деген сөзінде тұрып жатыр. Әрі өз тарапынан да ауқымды жобаларға жан бітіруде» деп қаладағы қарқынды жұмыстарға шексіз ризашылығын білдіруде.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы