Бізге белгілі деректерге сүйенсек, елімізде тек «Астана» футбол клубының 1 жылдық бюджеті 12 млрд теңгені құрайды екен. Бұл тұрғыда аталған комитет ақпараты шындыққа жа- наспайды. Қаржыландыру көлемінің қомақты болуына қарамастан, қазақстандық футболға әлемдік аренада әзірше орын жоқ.
Легионер мәселесі дұрыс жолға қойылатын шығар. Енді қазақстандық ойыншылар да Ресей, Беларусь, Армения және Қырғыз Республикасындағы футбол біріншіліктерінде легионер саналмайды. Қазіргі кезде футболшыларымыздың көпшілігі аталмыш чемпионаттарға ауысып, тәжірибе жинақтап жүр. Бұл – үлкен жетістік. Легионерлерсіз жақсы ойын көрсету, жоғары жетістіктерге жету қиын. Аз болса да сапалы деген шетелдік ойыншыларды командаға алған жөн. Бірақ олардың деңгейі жергілікті футболшылардан жоғары болуы керек. Орташа дейгейлі ойыншылардың керегі жоқ. Олардың орнына өзіміздің футболшыларды ойнатқан дұрыс. Ал жақсы легионерге қай кезде де орын табылады. Бек ТӨЛЕУ, спорт шолушысы: – Депутаттың Мәжілісте жолдаған депутаттық сауалын тыңдап шықтым. Онымен толық келісе алмаймын. Бізге жекеменшік клубтар керек. Ол үшін бизнесмендерді ынталандыру қажет. Салықтық жеңілдіктер, басқа да мүмкіндіктер ұсынылса, футболға қаржы салатындар көбейеді. Кез келген бизнесмен пайда табуды ойлайды. Бұл жағынан біздің футбол әлсіз. Стадионға баратындар аз, ойынды сатып алатын телеарналар жоқтың қасы, жейделер мен атрибуттарды да сатып алмайды. Қазір қазақ футболы толықтай мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылады. Сондықтан сын садағына жиі ілігеді. Нәтиже төмен, жемқорлық жетіп артылады. Осыдан соң қоғамдық пікір екіге жарылып жатады. Бізге халықтың ынтасын оятып, қалталы азаматтарды отандық футболға тартуға ықпал жасау керек. Оған ел Президентінің де көмегі қажет. Футболды басқа олимпиадалық спорт түрімен салыстыруға келмейді. Бұл ойынның көрермені де, айналысатын адам саны да өте көп. Бекерден-бекер әлемдегі бірінші спорт атанған жоқ. Депутат «шетелден легионер мен футболшы шақыруды тоқтату керек» деген ұсыныс айтыпты. Мүлдем жауып тастап, қымтанып отыра алмаймыз. Одан ел футболының деңгейі өспейді. Әзірге мемлекетке масыл болып отырған кезде шектеу болғаны дұрыс, бірақ толық жабуға қарсымын. Әуелі облыстағы футбол клубтарының басшыларын реттеп алу керек. Әкім ауысса, клуб басшылары да өзгереді. Сосын қысқа уақыт ішінде жеп қалуға тырысады. Сондай қателіктен Ertis клубы жабылды. Меніңше, клуб басшыларына ақша берген кезде әуелі инфрақұрылымдарын реттеуді, сосын балалар академиясын салуды тапсырып, нәтижесін талап ету керек. Дидар СЫДЫҚБЕК, SD Family футбол клубының ойыншысы: – Депутаттардың балалар футболы мен инфраструктура, футбол алаңдарының қолжетімділігі жайында айтқан пікірлеріне қосыламын. Өйткені елімізде қыс мезгілінде ойнайтын сапалы алаңдар жеткіліксіз. Жаз мезгілінде де елордамызда жақсы жасыл алаңдар жоқтың қасы. Отандық футболда бұдан өзге де күрмеулі мәселелер қаншама. Солардың жақсаруына көңіл бөлсек екен. Депутаттардың кей пікірімен келіспеймін. Олар әңгіме арасында легионерлерді шақырмау туралы ұсыныс тастапты. Бірақ алдына жоғары мақсат қойып отырған үздік клубтарымызға легионер алдырмау көп жағдайда қиындық туғызады. Өйткені «Астана», «Қайрат» секілді клубтарымыз еурокубоктық додаларға жыл сайын қатысуға мүмкіндік алады. Елордалық ұжым Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңдерінде өнер көрсетіп жүр. Соның арқасында елімізге үздік футбол командалары келді. Осының бәрі сапалы легионерлердің арқасы. Егер легионер қазақстандық футболшылардан бір бас жоғары болса, клубын алға сүйресе, Қазақстанды әлемге танытып жатса, оларға қомақты қаржы неге төлемеске?! Жетістіктерге жету арқылы клуб пайда көрсе, табыс тапса, онда легионерлерге төлеген ақшаның қайтарымы болады. Ел футболын жарнамалайтын футболшыларды да командаға тарту біздің клубтардың дәстүрінде бар. Мысалы, кезінде «Қайрат» сапында ойнаған Андрей Аршавинді, Анатолий Тимощукті көру үшін футболға қаншама жанкүйер келді. Ал басқа өңірлердегі кейбір командалар топырлатып легионерлер алады да, кейін олардың тең жартысы көп өтпей керексіз болып қалады. Яғни, 2-3 айдан соң арадағы келісімшартты үзеді. Ал клубпен 1-2 жылдық келісімшарт жасасқан футболшылар УЕФА-ға хат жолдап, клубтың басшылығына шағымданып, ақшасын толық өндіріп алады. Сондай жағдайлар біздің клубтардың атына кір келтіреді. Әрі бос шығын. Жасыратыны жоқ, еліміздегі легионерлердің көпшілігі Италия, Испания чемпионатындағы футболшылармен бірдей жалақы алады. Алайда бәрі бірдей өзіне артылған міндеттерді ақтап жатырған жоқ. Сол үшін тым жоғары сомаға легионерлерді көптеп алудың да қажеті шамалы. Мұндайда халқымыз «көрпеңе қарап көсіл» деп жақсы айтқан ғой.Абылайхан ЖҰМАШ