Биыл алтыншы шілдеге орай Нұр-Сұлтан қаласының орталығында мемлекеттік Ту көтерілді. Бұл елорда күнін атап өту шараларының басталғанын білдіреді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. «Туған жерге туыңды тік» деген даналықтың мән-мағынасы осында. Себебі, біз қасиетті топырағын қадір тұтатын, туын әрқашан биік ұстайтын елміз», – деді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы – елордамыз халқымыздың жарқын болашаққа деген ұмтылысын айқындайды. Бас қаламыз «бір ел, бір халық» болып жұмылған еліміздің жүрегі. Ел астанасы бүгінде халықаралық жиындар өтетін аса маңызды геосаяси орталыққа айналды. ЮНЕСКО ұйымы елордамызды «бейбітшілік қаласы» деп атады. Ел астанасының қазіргі даму қарқыны айрықша. Бұл – ең алдымен, Елбасымыздың теңдессіз еңбегі, дана халқымыздың ынтымақ бірлігінің арқасы. Біз қаланың беделін одан ары арттыра береміз», – деп Тоқаев мырза Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының бас қаланы салудағы ерен еңбегін атап өтті.
Қазір елордамызда еңселі ескерткіштер баршылық. Бірақ солардың ең алғашқысы – Кенесары ханның ескерткіші. Қоладан құйылған және өңделген гранитпен қапталған осы ескерткіш Есіл өзенінің жағалауындағы әдемі жерде орналасқан.
Ескерткіш тұғырының биіктігі – 5,3 метр, ат үстіндегі хан мүсінінің биіктігі – 6 метр, жалпы салмағы 10 тоннадан астам, қола – 8 тонна. 2001 жылғы 11 мамырда ашылған. Авторлары – мүсінші Нұрлан Далбай, сәулетші Шота-Аман Уәлиханов.
Кенесары Қасымұлы – Абылай ханның немересі, қазақтың соңғы ханы. Ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі.
1841 жылы қазақ руларының ақсүйектері мен сұлтандары Кенесары Қасымұлын ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Ол дауларды шариғат жолымен шешетін билер сотын қайта құрды. Кенесары Ресей Патша үкіметі күштеп жойған хандық билікті қалпына келтіруге талпыныс жасады. Бүкіл өмірін ел тәуелсіздігі жолында сарп етті. Қазақ халқының бостандығы үшін арпалысты.
Елбасы осы ескерткіштің идеясын өзі беріп, жобасын да өзі бекіткен болатын. Елдік ерекшеліктерімізді әйгілеп тұратын ескерткіштерді тұрғызғанда Мемлекет басшысы неге Кенесары ханды таңдады?
Кенесары – Ақмола, Қараөткел бекіністерін алуда, мұздай темір құрсанған отарлаушы патша әскеріне жалаң қылышпен қарсы шапқан тарихи тұлға. Шамасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жастары қайсарлық көрсету жағынан Кенесарыдан үлгі алсын деген ұстанымда болған тәрізді.
Астанамыздағы Кенесары ханның ескерткіші бүгінгі қазақ баласын өршілдікке, күрескерлікке, ұлт мұраты жолындағы табанды қайсарлыққа шақырып тұрғандай көрінеді. Азаттықтың айбыны секілді!..