2020 жылдың 29 маусымы мен 3 шілдесі аралығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен үшінші рет дәстүрлі Astana Finance Days мамандандырылған қаржы конференциясы өтеді.
«Құбылмалы әлемдегі нарықтар» аталған биылғы конференцияға әлемнің 40-тан астам елінен 10 мыңнан астам қатысушы келеді деп жоспарланған. Сонымен қатар онлайн өтетін шараға қаржы, экономика, заң және өзге де салалардағы отандық және шетелдік сарапшылар, саясаткерлер, бизнестің, мемлекеттік қызмет және ғылыми ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың өкілдерінен құралған 100-ден астам спикер де қатысады.
Халықаралық қаржы конференциясы аясында АХҚО Business Connect ұйымдастыруымен «Халықаралық қаржы орталықтары: пандемиядан кейінгі әлемде ШОБ өсуін қолдау» атты панельді сессия өтеді. Шарада әлем бойынша ең ірі халыаралық қаржы орталықтарының өкілдері пандемиядан кейін экономиканы аяққа тұрғызуда шағын және орта бизнестің рөлі және оны қолдау тетіктері туралы ұсыныстарын жеткізеді.
«Пандемияның бұрын-соңды болмаған ауқымда таралуы әлем экономикасын тоқтатуға қажеттілікті туындатып, біздің сала әлгі шараларды қолдауда маңызды жұмыс атқарды. Короновирус әбден жойылғаннан кейін жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіруіміз қажет», – деп жазады АХҚО баспасөз қызметі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы қысқамерзімді болашақта кәсіпкерлерді қолдай отырып инновацияны ынталандырады. Осы орайда, қаржы орталығы қазіргі таңда шағын және орта бизнес үшін жеке сектордың да мемлекет инвестициясын да көптеп тартуға шақырады.
Сонымен қатар, экономикадағы әлеуметтік және қаржылық тұрақтылықтың бір кілті жалдамалы жұмыскерлердің жалақысының үзілмеуі десек, АХҚО бұл тұрғыда да жұмыс орындарын барынша сақтап қалуға күш салады.
«Орта мерзімді болашақта мемлекеттер инвестицияны ұлғайтып, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды күшейту керек. Оқшаулану кезінде қаржы мен өзге де секторларда цифрлық қызметтердің маңызы одан сайын артқанына куә болдық. Аталған бағыттарды іске асыру үшін жаңа ұсыныстар дайындау үшін бірлескен халықаралық жұмыс топтарын құрдық», – деп жазады қаржы орталығы.
АХҚО мәліметінше, үкіметтер мен қаржылық реттеушілер пандемияға қарсы шараларды бірлесе атқаруды жалғастыра беруі қажет. Бизнес субъектілері алдағы қиындықтарға төтеп беруі үшін қосымша мүмкіндіктер мен нақты қолдауды қажет етеді. Мемлекеттер протекционизмнің өзін өзі жоюшы күшінен бас тартып, экономиканы көтеруде сауда мен инвестицияны өсіру үшін конструктивті және тұрақты жұмыс істегені жөн.
Ал ұзақмерзімді болашақ үшін экономикалық модельді қайта қарап, ұзақмерзімді жаңаша басымдықтарға, инновациялық бизнес модельге, тұрақты экономика мен қоршаған орта және әлеуметтік мәселелерге көңіл аудару керек.
Сонымен қатар, АХҚО Business Connect ұйымдастыруымен «АХҚО-да мәмілелерді құрылымдау» және «АХҚО-дағы фандрайзинг» атты панельді сессияларда «Астана» халықаралық қаржы орталығында жеке компанияларға берілетін көптеген артықшылықтар туралы айтады. Бұдан бөлек, «Қазақстан: ауылшаруашылық жобалары және инвестициялық тәуекелдерді азайту», «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік: тиімді серіктестікке жетудің өзара пайдалы тәсілі» атты сессияларда мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігі туралы ойлар ортаға салынады.
Айта кетейік, биыл COVID-19 пандемиясының асқыруына байланысты дәстүрлі конференция онлайн режимде өткізіліп отыр. Бес күндік шараның кез келген сессиясын конференцияның ресми сайты astanafindays.org сайтына тіркеліп, нақты уақытта көре аласыздар.