Қалаға айналған қамал
Қалаға  айналған қамал
357
оқылды

Бүгінде кейбір зерттеушілер Арқа төрінде салтанат құрған бас қаламыз – Нұр-Сұлтанның тарихын патша заманынан, яғни сонау 1830 жылдан бастау алады деп жүр. Өйткені дәл сол жылы Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовтың Қараөткел аймағында Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөніндегі бұйрығы негізінде қаланың қазір­гі орнына қазық қағылды. 1830 жылдың 28 мамыр күні бас­тал­ған қала құрылысы 2 жыл­ға созылып, 1832 жылдың 22 тамызында аяқталады.

Тарихшылардың айтуына қарағанда, Есіл өңірінде жатқан осы бір қаланың тарихы тым әріге, керек болса, ашель-мус­тьер заманына кететін көрінеді. Оған Астана маңынан табылған алуан түрлі тас құралдар куә болса керек. Өңір халқы біздің дәуірімізге дейінгі VIII-V ғасыр­ларда егіншілікпен айналысқан. Оған да қала маңынан әлі де табылып жатқан сол заманға қатысты қола орақтар мен топы­рақ өңдейтін құралдар дәлел. Астананың дәл іргесінде жат­қан көне мекен – Бозақ қала­сының орнын тазалап, зерде­леп көрген ғалымдар да бас қаланың тарихы тым тереңде, сонау ғұн дәуірінде жатқанын аңғарып отыр.

Көшпелі салт ұстанған хал­қы­мыздың тарихи тегі санала­тын осы бір Ғұн атты алып им­пе­рияның көсемдері кезінде Сары­арқаның төсінде, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жат­қан Тайтөбенің үстіне қамал салып, оны «Ақмола» деп атап­ты. Ғұндардың тілінде «ақ» сөзі – батыс, «мола» – қамал ұғымын білдірсе керек. Сонда Ақмола атауы «Батыс қамал» деген сөз болып шығады. Бұл ғылыми тұжы­рымды алғаш жазбаша дәлелдеген Византия ғалымы – Прокопи. Оның бұл туралы жазбасы 1939 жылы «Вестник древней истории» журналында басылған дейді ғалымдар. Кейін тарихшы Ғалым Қайратханұлы қытайдың көнежазбаларына сүйене отырып, бұл пайымның аңыз емесін тағы бір мәрте дәлелдеп өтті.

Кейін сол ғұндар соққан батыс қамалдың айналасы жанға, мыңғырған малға толып, өркениет ошағы пайда болады. Үлкен-үлкен қалалардың іргесі қаланады. Солардың бірі деп Нұр-Сұлтаннан қол созым жерде жатқан Батығай қаласын айтуға болады. Өкінішке қарай, Батығайдың бізге бір сілемі ғана аман-есен жетті. Бүгінгі таңда «Хан шатыр» мен болашақта салынады деп жоспарланып отыр­ған «Батығай» жабық қала­сы өз заманында Қорғалжын елді­мекенінің аумағындағы Тәу­ке ханның ордасы болған Баты­ғай қаласының заңды жалғасы деп есептеуге болады. Одан бас­қа да Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі, Бозақ… секілді қала­лар болған екен. Бірақ бүгінде олардан жұрнақ та қалған жоқ. Археолог әрі өлкетанушы Васи­лий Солочинскидің 1955 жылғы зерттеулерінде Ақмола шаһары­ның астында жиырмаға жуық қалашық тапталып жатқаны туралы жазылған.

1832 жылғы 22 тамыз күні тұсауы кесілген бекініс бірте-бірте өз іргесін кеңейте береді. 1845 жылы Ақмола стансасына айналды. 1862 жылғы 23 қазанда Ақмолаға қала мәртебесі берілді. Деректер бойынша, сол шақта шаһарда 4 777 дворян, үй-жаны­мен 1 320 солдат, 1 487 қарулы казак, 130 татар, 1 349 ортаазия­лық, 11 дін иелері, 300-ге жуық қазақ болыпты. Екі май балқы­та­­тын, бір сабын қорытатын, тері илейтін зауыт жұмыс істе­ген. Қаланың негізгі кәсібі сау­да болды. Жиі-жиі жәрмең­ке­лер ұйымдастырылып тұрған.
1852 жылдан әр жылдың жиыр­ма бі­рінші мамырынан бастап онын­­шы маусымына дейін бола­тын «Константинов жәр­мең­­кесі» өткізіліп тұрды.

1868 жылы Ақмола, Көкше­тау, Петропавл, Омбы, Атбасар сияқты бес уезден тұратын Ақ­мо­­ла уезі құрылды. Ал қала­ның өзі уезд орталығына айнал­ды. Жеке елтаңбасы да бекітілді. Бірақ бұл таңба да бізге жеткен жоқ. Ал 1910 жылы түрлі ұлт өкіл­­­­­дерінен тұратын қала тұр­ғын­­дары 13 000-ға жетті. 1916 жы­лы бүкіл облыс халқы­ның саны бір жарым миллион адам болды. Осылайша, шағын ғана қамалдан бастау алған бекініс жарты миллионнан астам адам тұратын облысқа айналды. Сауда нысандары, өндіріс орын­дары құрылды. Білім беру меке­мелері мен банк, аурухана, ме­шіт салынып, тіршілігі қай­на­ған ортаға айнал­ды. 1898 жыл­­дардың өзінде облыста үш қала­­лық, он екі шіркеулік мек­теп және бірнеше ауыл­шаруа­шылық училищесі болыпты. Татар мектебі ашыл­ған. Бұлар­дың бірі бұрынғы орталық ба­зар­­дың жанындағы үлкен ме­шіт­тің орнында 1920 жылға (қы­зылдар өртеп жібер­ген) дейін тұрған.

1913 жылы Ақмолада 40 кә­сіп­­орын болыпты. Бұл кәсіп­о­рын­­дарда 208 адам жұмыс істеді. Сонымен қатар 100 жел диірмен болды. Сол кездері бой көтерген асүйлер мен көрнекі нысандар елорданың ескі орта­лы­ғында бүгінгі күнге дейін сақталған.

Ақмоланың одан кейінгі даму тарихы бәрімізге белгілі. 1939 жылдың қазан айында Ақ­мо­ла облыс орталығы болып бекі­тілді. 1960 жылдың 26 жел­тоқ­санында «Тың игеру өлкесін құру туралы» жарлық шығып, 1961 жылы аты Целиноград бо­лып өзгертілді. 1992 жылы Цели­ноград қайтадан Ақмола болып өзгерді. Ал 1994 жылдың алтыншы шілдесінде Қазақ­стан­ның Жоғарғы кеңесі елор­даны Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы шығарып, тәуелсіз қазақ елінің елордасына айналды.