Праймериз білгірлерді партияға әлеуметтік желілер мен көшеден тартуға мүмкіндік береді
Праймериз білгірлерді партияға әлеуметтік желілер мен көшеден тартуға мүмкіндік береді
275
оқылды
Америкалық сарапшы Джесси Джейн Даффтың The Washington Times басылымында жарияланған мақаласы Қазақстан билігі мен «Nur Otan» партиясының ұстанған саяси бағдарын әлемдік қауымдастықтың назардан тыс қалдырмағанын байқатады. Мұны «сырт көз- сыншының» ұстанымы ретінде бағалаймын. Әрі сарапшы еліміздегі өзгерістерді жіті қадағалап қана қоймай, әділ  бағасын беріп отыр. Жалпы праймериз тәсілінің дамыған елдерде кеңінен қолданылатыны белгілі. Бірақ Қазақстан жағдайында праймериз алғаш рет жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар праймериз тәсілін қолдану мен елдегі саяси реформалар, демократияландыру үрдісін тереңдету көзделген саяси мақсаттың кешенді екендігін байқатуда. Меніңше, бұл жағдай сарапшылардың назарынан тыс қалмайтыны содан болса керек. Егер еліміздегі саяси өзгерістерді талдайтын болсақ, Джесси Джейн Дафф атап көрсеткендей реформалар қоғамның барлық салаларын қамтымақ. Праймеризге әйелдердің қатысуын қамтамасыз ету, жастарды тарту саяси үдерістерге жаңа леп берері сөзсіз. Айталық күні бүгінге дейін белсенді әйелдер өздеріне қатысты мәселелерді наразылық шерулері арқылы билікке жеткізуді көздесе, праймериз олардың  қайраткерлік қабілеттерін саяси ортада танытуға мүмкіндік береді. Әрі партияішілік іріктеу елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселерді нақты білетін және оларды шешу жолдарын ұсына алатын азаматтарды әлеуметтік желілер мен көшеден партия ішіне, нақты саясатқа тартуға мүмкіндік береді. Ал жастарға арнайы квотаның бөлінуі олардың саяси белсенділігін арттырмақ. Жастар белсенді болған жағдайда қордаланған мәселелерді шешудің креативтік тәсілдері де молынан ұсынылары анық. Мұның барлығын шетелдік сарапшылар бақылап отыр. Сол себепті Елбасы саясатын жалғастырып, өзгерістерді эволюциялық жолмен жүзеге асыруды көздеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының бастамасын қолдайды. Оның үстіне партияның праймеризі демократиялық процестерді тереңдету жолындағы жалғыз қадам емес. Еліміз парламенттік оппозицияның қалыптасуына негіз болатын құқықтық нормаларды бекітіп, партия құру талаптарын жеңілдетті. Азаматтардың шеруге шығу талаптары да жеңілдеді. Мұның барлығы саясаттағы шынайы бәсекелестікті арттырып, шын мықтыны анықтауға ықпал етуі тиіс. Ең бастысы мұндай өзгерістерге дайындық ерте басталғаны көңіл қуантады. Өйткені өзгерістер байыппен, баппен жасалуы керек. Қазақ асығыстықты құп көрмеген халық.

Еділ ОСПАН, «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты