Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты кеңсе қызметкерлерін 100% қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруды ұсынды. Ал жұмыс реті бұған келмейтін кәсіпорындар сақтық шараларын күшейтуі керек.
«Коронавирус инфекциясына байланысты жағдай нашарлап кетті. Сондықтан, бірнеше ұсынысым бар. Кеңсе қызметкерлерін барынша үйден жұмыс істеуге ауыстыру керек. Еңбек кодексі бұған рұқсат берген және төтенше жағдай кезіндегі тәжірибені ескеріп, кеңседе отырып жұмыс істейтін адамдар 100% оқшауланғаны дұрыс. Ал, қашықтан жұмыс істеу мүмкін емес кәсіпорындар мен ұйымдар қауіпсіздік шараларын күшейтпесе болмайды. Қызметкерлердің дене қызуын үнемі бақылауда ұстап, олардың арасындағы арақашықтықты сақтауы керек, дезинфекцияны да ұмытпаған жөн», - дейді Нұрымбетов.
Ал «Жұмыс беруші коронавирус инфекциясын анықтайтын ПТР-тест талап етуге құқылы ма?» деген сұраққа жауап берген министр бұның заңға қайшы екенін айтты.
«Жұмыс беруші тест нәтижесін талап етіп жатыр деп көп естимін. Бірақ, қазір тесттің бәрі ақылы. Сондықтан, мәселеге дұрыстап қарасақ, еңбек қатынастарын реттейтін заңнамаға сәйкес, жұмысшы өз қаражаты есебінен медициналық тексеруден өтуге міндетті емес. Өндіріске қажетті міндетті медициналық тексерулер бар, оны жұмыс беруші өз есебінен ұйымдастыруы керек. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмысшыға төнетін тәуекелдердің алдын алу – жұмыс берушінің міндетінде», - деді министр.