Мемлекет басшысы қандай маңызды мәлімдемелер жасады? Осыған тоқтала кетсек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанда қазақ тілінің өркен жаюы сыртқы күштерге ұнамайтынын ашық айтты.
– Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Мұны сырт көз – сыншылар да айтып жүр. Олар мұндай үрдіске қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың айрықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны аз болғанына қарамастан, Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады, – деп екпін түсірді Президент.
Ол тілдік проблеманың үлкен саяси астары барына назар аудартты. Бұл істегі асығыстық мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді. Орыс тілінің артында Ресей тұрғаны құпия емес.
– Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі. Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, қызбалыққа салынбай, табанды түрде жалғастыра беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонда не істеу керек?
Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтанышқа айналуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Ел Президенті мемлекеттік қызметке, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру туралы міндет белгіледі.
Екіншіден, қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдері қолдау көреді. Олар мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазымға тағайындалады, мемлекеттік марапатқа ие болады. Тіл білген диаспора өкілінің алдынан зор перспектива ашылатынын аңғарған өзгелер балаларының қазақ тілін білуіне баса мән берері сөзсіз.
– Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын азаматтарға түсіністікпен қарап, тағат-толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай жандар жастар арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн. Төртіншіден, телеарналар бағдарламаларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей телевизиясының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін, топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет, – деген Қ.Тоқаев осы істегі Орталық Азия елдерінің игі тәжірибесін игеруді ұсынды.
Мемлекет басшысы бастауыш сыныптарда қазақ тіліне басымдық беру, ал ағылшын тілін тек 5–6 сыныптардан енгізу қажетін нықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясында айтылған еңбексүйгіш қоғам құру мәселесіне тоқталды.
– Оны шұғыл шешпесе болмайды. Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек. Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Технология заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Еңбек ету өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі! – деді Мемлекет басшысы. Ол жаһандағы жағдайға да тоқтала кетті.
– Әлем өзгерді. Мызғымастай көрінген жаһандану үрдісі пандемияның әсерінен кідіріп қалды. Мемлекеттер өзін-өзі оқшаулауға, «әркім өз күнін өзі көрсін» қағидатына баса мән бере бастады. Халықаралық қатынастарда ұлтшылдыққа бет бұру үрдісі артып келе жатқаны байқалады. Мен мұны 2008 жылы ертерек болжап айттым. Бірақ ол кезде менің тұжырымымды саясаткерлер мен ғалымдар қолдамады. Әлемде өзге баламасы жоқ БҰҰ атына заты сай бірегей халықаралық ұйым ретінде пандемия кезінде аса белсенділік таныта қоймады. Ірі державалар арасында текетірес күшейіп келеді. Аймақтардағы қақтығыстар шиеленісе түсті. Бұл – өңірлік мемлекет ретіндегі Қазақстан үшін қолайсыз үрдіс, – деді Қ.Тоқаев.
Осы ахуалда ел басшылығы ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоймақ.
– Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев көпвекторлы, теңгерімді сыртқы саясатта Ресеймен стратегиялық серіктестікті, ынтымақтастықты нығайтуға және өңірлік интеграцияға баса мән берді. Бұл – дұрыс таңдау болды. Дегенмен, әлемдегі ахуал бір орнында тұрмайды, алпауыт мемлекеттердің геосаяси мақсаты өзгеруде. Осындай жағдайда Қазақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін қорғауға міндетті. Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық одақтың биылғы 19 мамырдағы саммитінде интеграцияны Қазақстанның егемендігіне нұқсан келмейтін жағдайда ғана қолдайтынымызды ашық айттым, – деді Қазақстан Президенті.
Аумалы-төкпелі кезеңде сыртқы күштердің тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласуы ел бірлігіне сына қағуы мүмкін. Алайда әлдебір шетін мәселеге қатысты «жабулы қазан» күйінде қайнаған ашу-ыза, әлеуметтік кернеу де кейбір елде азаматтық соғысқа ұласты. Ел мен жердің тұтастығын сақтау үшін Мемлекет басшысы қазақстандықтардың бейбіт жиын-митингтерге қатысу құқығын жүзеге асыратын қадамға барды.
– Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда «Митингке қашан және кіммен шығатынымды, қарсылықты қай жерде өткізетінімді өзім білем!» деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе, солардың митингке шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамыған, татулығы жарасқан тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең алдымен ел іргесінің беріктігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек. Сонымен қатар мемлекет өз азаматтарының заңды талаптарына құлақ асуға, қаржылық және құқықтық мүмкіндіктер аясында оларға жәрдем беруге міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғамды «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды. Президент енді біздің көзқарасымыз, болмысымыз жаңа заманның талабына сай болуы керегін қадап айтты.
– Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Заманауи технология, роботтар, жасанды зерде дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ. Сонымен бірге ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттер, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кетеріміз сөзсіз. Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруі тиіс! – деп түйді Президент Қ.Тоқаев.