Орташа алғанда, бір депутаттық орынға бес адам үміткер болып тұр. Бұл жөнінде кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. Үміткер ұсыну мерзімі 12 шілде күні сағат 18.00-ге дейін жалғасатынын ескерсек, үміткерлер саны көбеюі мүмкін.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, ұсыну кезеңінің соңғы қорытындылары жеке отырыста қарастырылады. Аталған отырыс кезінде Сенат депутаттығына үміткерлерге бұқаралық ақпарат құралдарына өз бағдарламаларымен шығу тәртібі түсіндірілді.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның айтуынша, заңға сәйкес мемлекет Сенат депутаттығына сайланатын кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу үшін қаражат тең бөлінуіне кепілдік береді. «БАҚ-қа шығу үшін кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. ОСК-ның кандидаттарға БАҚ құралдарына шығу үшін қаражат бөлу қағидалары бойынша тиісті қаулыға сәйкес кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу тәртібі мынадай: теледидардан 15 минут, радиодан 10 минут, мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан артық емес», – деді ол.
Сонымен қатар Сәбила Мұстафина кандидаттар өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа немесе желілік басылымдардағы, телерадио арналардағы жарияланымдар көлемін өздері бөлетінін жеткізді. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жариялы іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі. Осылайша, ОСК өз қаулысымен Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарын 450 000 теңге көлемінде белгіледі: теледидардан, радиодан бағдарламамен сөз сөйлеу және мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау үшін – 300 000 теңге, сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін – 70 000 теңге, ал көлік шығындары үшін 80 000 теңгеден қарастырылған.
Бұдан бөлек, Сенат депутаттығына кандидаттардың сайлау қоры болады. Аталған қор туралы ақпаратты түсіндірген Сәбила Мұстафина кандидаттың сайлау қорының жалпы сомасы – заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақының екі жүз есе мөлшерінен аспауы тиіс кандидаттың меншікті қаражаты. Бұл – 8 500 000 теңге. Ал Қазақстанның азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес жүз еседен артық аспауға тиіс, яғни 21 250 000 теңгені құрайды.
«Белгіленген мөлшерден тыс түскен ақшалай қаражат сайлау қорына есептелуге жатпайды. Ол қаржы қорға енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен жабылады», – деді С.Мұстафина.
Есте болса, осы жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы қаулысы шыққан еді. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимде отырысы өтіп, онда сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шаралар жоспары бекітілген. 13 маусымнан бастап Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталды. Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптар жария етілді.