Оған республикалық және өңірлік телеарналардың, мерзімді басылымдардың тілшілері, блогерлер мен телеграм арналардың авторлары қатысқан болатын.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушылар мен жеңімпаздарға Палатаның заң шығару қызметін дәріптегені және еліміздің күн тәртібіндегі мәселелерді ақпараттық тұрғыда ілгерілетудегі ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.
«Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде журналистердің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні ресми түрде бекітілді. Бұл қадам – түрлі оқиғалар мен елімізде қолға алынған реформалар туралы халыққа шынайы және жедел хабар тарататын мамандарға деген құрметтің белгісі. Қазіргі күрделі уақытта журналистер дәрігерлермен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және еріктілермен бірге коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүр. Олар қауіп-қатерге қарамастан, азаматтардың дәлелді әрі дәйекті ақпарат алуы үшін аянбай жұмыс істеуде. Отандық журналистердің қызметі әрдайым жоғары бағаға лайық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы «Аманат» және «Туған ел» байқауларына ұсынылған еңбектердің кәсіби деңгейде дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, сессия барысындағы заң шығару қызметі, сенаторлардың сауалдары мен көптеген парламенттік шара мазмұнды телевизиялық сюжеттерге, жан-жақты сараптамалық мақалаларға, репортерлік зерттеулер жасауға арқау болған.
Байқауға келіп түскен материалдарды сараптау комиссиялары мұқият талдап, өз бағасын берді. Комиссия құрамына Сенат депутаттары, белгілі жазушылар мен журналистер енгенін айта кеткен жөн. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, бірнеше арнайы марапаттар да тағайындалды. Сөйтіп, «Аманат» байқауының гран-при жүлдесі Qazaqstan телеарнасының тілшісі Оңғар Тоқановқа, бірінші орын «Информбюро» ақпарат агенттігінің тілшісі Жадыра Жолмұхаметоваға, екінші орын «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Лаура Түсіпбековаға, үшінші орын Zakon.kz порталының тілшісі Татьяна Ковалеваға бұйырды. Ал «Туған ел» байқауының бас жүлдесін Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Азамат Қасым иеленсе, бірінші орынды «Еуразия» бірінші арнасының «Сенат online» тележобасының ұжымы, екінші орынды «Хабар 24» телеарнасы тілшісі Мирлан Алтынбек, үшінші орынды Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің тілшісі Әмірболат Хусаян иеленді. Сонымен бірге, байқау комиссиясының шешімімен блогерлерге, танымал жарияланымдардың авторлары мен ерекше ақпараттық материалдарға арнайы марапаттар тағайындалды. Арнайы марапатқа ие болған азаматтар қатарында әріптесіміз Айхан Шәріп те бар. Дегенмен шараны ұйымдастырушылар COVID-19 індетінің таралу қаупі сейілмеуіне байланысты журналистермен дәстүрлі кездесу және лауреаттарды марапаттау рәсімін 2020 жылдың күзіне ауыстыру туралы шешім қабылдады.