Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 1991 жылдан бері 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, олардың бәрі оралман мәртебесін алған.
Бұл еліміздегі халықтың – 6 пайызы. «Биыл 1 маусымдағы есеп бойынша республикамызға 3 245 отбасы, 6 361 этникалық қазақ көшіп келді. Қандастар мен қоныс аударушылардан тұратын жалпы саны – 2 224 адам. Оның ішінде, 631 отбасы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына қоныстанды», – деді Біржан Нұрымбетов.
Айта кетейік, биыл Президент 13 мамырда көші-қон процестерін жетілдіру туралы заңға қол қойды. Заңда қандас ұғымы енгізілді. Осыған сәйкес, этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болмағаны басты өлшем болып саналады. Атажұртына оралған қандастарымыздың тұрақты тұруға рұқсат алу үшін де, Қазақстан азаматтығын алу үшін де құжаттарды бір уақытта ұсыну құқығы бар.