Еңселі театрдың елордаға тартуы

Еңселі театрдың елордаға тартуы

«Астана операға» , елордалық көрерменді таңдаулы қойылым­дарымен қуантуға Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театры гастрольдік сапармен келіп кетті. Алматылық театр труппасы биыл 85 жыл­дық мерейтойын тойлап жатыр. Опера мен балет десе ішкен асын жерге қоятын жандар үшін П.Масканидің «Ауыл абыройы», Р.Леонкаваллоның «Паяцы», Дж.Россинидің «Күлбикеш» опералары, Л.Минкустың «Дон Кихот» және П.Чайковскийдің музыкасына Б.Эйфманның «Анна Каренина» балеттері қойылды. Гастрольдің қала күнімен орайласа кеткені жоғары талғамды көрерменге еселенген мерекелік көңіл күй сыйлады.

Бірінші болып көрермен назарына бір бөлімді «Ауыл абыройы» және «Паяцы» опера­лары ұсынылды. Оның алдында өткен баспасөз мәслихатында театр ұжымы осы маусымдағы жұмыс­та­рын қорытындылап, гастроль үшін арнайы іріктелген қойылым­дар турасында ой бөліскен еді. Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрының басшысы Ая Қалиева­ның айтуын­ша, жыл өткен сайын театр беделі биіктеп келеді. Елі­міз­дің ең көне театрының сынын сақтау жолында көп жоба атқары­лып жатыр екен. «Бүгінде нота­лық кітапханамызды цифр­лан­дыру жобасын қолға алдық. Бұл – Қазақстан бойынша бірегей, теңдессіз кітапхана. Осы жерде отандық композиторлар­дың алғашқы партитуралары мен клавирлері сақталған. Мұндай бастама керек-ақ. 85 жылда театры­мыздың сахнасында 300-ден астам қойылым қойыл­ған. Соның ішінен іріктеп, гастроль­ге таңдау жасау оңай емес. Ойлана келе соңғы екі жылда қойыл­ған­дарына тоқта­дық. Көпшіліктің көңілінен шыққан сүйікті спек­такль­деріне енді елордалық көрер­мен баға береді», – деді театр директоры.

Пьетро Масканидің «Ауыл абыройы» және Руджеро Леон­каваллоның «Паяцы» бір бөлімді операларының алматы­лық театр­дағы премьерасы 2018 жылы өтті. Елорда тұрғын­дары мен қала қонақтарына махаббат, құштар­лық, қызғаныш, сатқындық пен өлім туралы оқиғалардан сыр шертілді. 1890 жылы Римде жазыл­ған «Ауыл абыройы» дра­масы композиторға әлемдік атақ әкелген еді. Оқиға ХІХ ға­сыр­дың соңында сицилиялық ауыл­да өрбиді. Операның атауын­да мыс­қыл бар, себебі, оның түгел дерлік қаһарманының қылығын абы­рой­сыз деуге болады. Басты пар­тия­ларда Сантуцца рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева, Туридду – Нұржан Бажекенов, Лючия – Елена Никонова, Альфио – Евгений Шагаров, Лола – Оксана Давыденко. «Паяцы» операсы шындықтан қашып, жөн-жосықсыз рөлдерді сом­дайтын, ал ақиқатқа тап бол­ған кезде мүсәпірлігін байқа­мау үшін мән-мағынасыз күйін қайта жалғастыратын күлдіргі кезбе актер­лердің өмірін керемет бей­не­лейді. Актерлерге келер болсақ, Канио бейнесінде – Балуан Бер­ке­нов, Недда – Зарина Алтын­баева, Тонио – Александр Сме­та­нин, Беппо – Дархан Жолды­баев, Сильвио – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Трегубен­ко сомдады. Қоюшы дири­жер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрі­баев, бас режиссер – Лоренцо Ма­риа­ни (Италия), режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина, хормейстер – Абай атындағы МАОБТ бас хормейстері Әлия Темірбекова.

6 шілдеде көрермен назарына Абай атындағы МАОБТ бас балет­мейстері, Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Түткібаева­ның қойылымында әлемдік хорео­графияның жауһары Л.Мин­кустың «Дон Кихот» балеті ұсынылды. Сонымен бірге, Дж.Россинидің үздік опера­ларының бірі «Күлбикеш» сах­наланды. Танымал вене­циялық композитор либреттошы Я.Фер­реттимен бір­ге Ш.Перроның ханзаданы кезік­тірген кедей қыз туралы ерте­гісінің желісін күлдір­гі операға айналдырған. Авторлар әңгімені жаңа кейіп­керлермен, кездейсоқ болатын оқиғалармен, жа­лын­­ды әзіл-сықақ, күтпеген қызық­тармен толықтырған. Дж.Рос­сини кейіпкерлерді түрлі күл­кілі жағдайларға қалдыра отырып, адами әлсіздікті әжуалайды.

Гастроль Ресейдің Ха­лық артисі, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, РФ Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты Борис Эйфманның қойылы­мын­дағы әйгілі «Анна Каренина» балетімен мәресіне жетті. Атақты балетмейстер қойылымның музыкалық материалын ұлы орыс композиторы П.Чайковскийдің түрлі шығармаларының үзін­ді­лерінен жинақтаған. Күрделі демеулер, формалар мен пози­ция­лардың саналуандығы, корде­ба­леттің өзгеше геометриясынан құралған жарқын спектакль Л.Толстой романының нәзік психо­логиясын аша түсті. Басты пар­тияларда Анна Каренина рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахме­дова, Врон­ский – Азамат Асқаров, Каре­нин – Дәурен Жеңіс, Кити – Малика Елшібаева өнер көр­сетті.

 

Айша ЕРСҰЛТАН