Бүкіл арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, аңызға айналған батырларымыздың алдында тұратын Алпамыс батырдың орны ерекше. Сан ғасырлар бойы Алпамыс батыр рухымен ауызданып, өмірінен өнеге, ерлігінен үлгі алып қазақтың қаншама ұрпағы өсіп, жетілді десеңізші. Алпамысты қазақ қана емес, бүкіл түркі әлемі мойындап, мақтаныш тұтады. Өйткені ол – батырлық пен ерліктің символы. Жиделі – Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде батырлық дәурен құрған Алпамыстың тарихы тым тереңде жатыр. Аты аңызға айналып, батырлар жырына арқау болған Алпамыстың жан қиярлық ерлігі, биік адамгершілігі, теңдессіз отансүйгіштігі, туған жері мен еліне деген шексіз махаббаты бүгінгі ХХІ ғасырда ғана емес, болашақ ұрпақтарымызға рухани азық болып, алдағы жүзжылдықтарға жалғасып, қызмет ете береді.
Шүкір делік, кейінгі бес-он жылдың көлемінде Алпамыс батыр аты қайта жаңғырып елдің санасына сәуле шашты. Батыр әруағы кең байтақ қазақ даласын шарлап кетті. «Әп, бәрекелді!» деп бұған қуанғандар мен қолдап-қуаттағандардың қатары геометриялық прогрессиямен өсті десек те болады. Батыр әруағы туған жердің төсінде салтанат құрды. Мақтанышпен айтып отырған сөзімізге дәлел келтірейік: Шымкент қаласында, Жетісай жерінде, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында көрген жанның көзі тоятын, ар-намысын оятатын, ерік-жігерін жанитын, ерлікке бастайтын, отансүйгіштікке баулитын Алпамыс батырдың алып ескерткіштері бой көтерді. Бұл батырға деген халықтың махаббаты, елдің сүйіспеншілігі, ерлікке тағзым, ізгі тілегі еді. Ең бастысы, батыр әруағын ардақтап, құрметтеп, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, бүкіл елге паш етті. Алпамыс батыр аты Жетісай ауданындағы спорт кешеніне, балабақшаға, ауылға және көшеге берілді. Әрине, біз бұған дән ризамыз. Батырдың қаһармандық ерлігін одан ары тереңірек насихаттап, отансүйгіштігін дәріптеп, жас ұрпақтың бойына мықтап сіңіру мақсатында 2017 жылы Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың атына өтінішімізді айтып, ұсынысымызды қоса жолдап хат жазған болатынбыз. Онда Жетісай қаласында орналасқан «100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған № 8 жалпы орта мектебіне Алпамыс батыр атын беруге ұсыныс жасап, оны қолдап-қуаттауын өтінген едік. Обалы нешік, ата-баба мен батырлар әруағын әрқашан ардақ тұтатын Елбасы біздің өтінішімізді жерде қалдырмай, тиісті тапсырмалар беріп, мәселенің тез арада шешілуіне ықпал еткенін еш ұмытпаймыз. Барлық құжаттар дайындалып, тиісті мекемелерден қорытынды алып, батыр аты мектепке әні-міне беріледі деп отырғанда, 2018 жылы Мақтарал ауданы қақ бөлініп, жаңадан Жетісай ауданы бой көтерді. Енді барлық құжатты қайта жасауға тура келді. Жасадық та, жоғары жаққа жөнелттік те. Бірақ әлі күнге дейін тым-тырыс, не болып, не қойғанын айтатын адам таппайсыз. Жарқырап, жалындап басталған істің соңы сәтсіз аяқталып, жалп етіп сөніп қалды. Аудан әкімдігі, облыстық мекемелер жоғары жаққа сілтейді, ал жоғарыда отырғандар жақ ашпайды. Жазған хаттарымызға жауап та бермейді. Осылайша мектепке батыр атын берсек деген үмітіміз ақталмады. Екі жылдан бері мәселе сиырқұйымшақтанып, әлдебіреулердің немқұрайлылығынан созбалаңға түсіп, бітпеуге айналды. Енді бұған не дейсіз? Болып тұрған нәрсені болдырмауға келгенде алдымызға жан салмайтын халық екенімізді көрсеттік. Бәрінен бұрын Алпамыс батыр әруағынан ұят болды-ау деп қынжылып жүрген жанды таппайсыз.
Бәрінен бұрын Алпамыс батыр аруағын сыйламай, аяқасты етіп, созбалаңға салып, көзге ілмей, ескерусіз, атаусыз қалып бара жатқаны жанға батады. Әруақтарды ардақтаған елдің абыройы аспандап кететінін білсек те, бәріне көз жұмып қарайтынымыз жақсылыққа апармайды. Бүгінгі таңда болып жатқан барлық келеңсіздіктер мен қиыншылықтар: көпбалалы әйелдердің жанайқайы, шерушілердің көбеюі, атыс-шабыс, жарылыс, әлеуметтік саяси ахуалдың нашарлауы осы әруақтарды төбемізге көтеріп, ардақтай алмай отырғанымыздан ба деп қаласың. Әруақтарды еш ұмытуға болмайды. Олар қашанда бізбен бірге және бізді қолдап-қуаттап, желеп-жебеп жүретін құдіретті күш екенін естен шығармауымыз керек.
Әлемдік тарихтан белгілі, кез келген ел өздері құрмет тұтатын тұлғалардың аттарын ұлықтап, естен шығармауға күш салады. Мысалы, Иван Грозный, Ермак, Наполеон т.б. тағдыры қайшылыққа толы тұлғалардың есімдерін көшеге, қалаға, жоғары оқу орындарына беріп жатады. Бұлай қынжылып отырғанымыздың себебі, бәріне мүмкін нәрсе Алпамыс батырға келгенде қарақұрттай жиырылып, пейіліміз тас емшектей тарылып қалатынын еш түсіне алмай қойдық. Әруақтармен ойнауға, қорлауға, келеке етуге, жағымсыз сөз айтуға, тіл тигізуге тіпті болмайтынын ата-бабаларымыз айтудай-ақ айтып кеткен. Мына бір тарихи мысалды алға тартып көрейік: 1941 жылдың жаз айында атақты орыс ғалымы Герасимов өзінің бір топ нөкерлерімен Самарқанд қаласына келіп, Әмір Темірдің мәйітін ашып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге бел шеше кіріседі. Сонда қаланың атақты ғұламалары, дін басылары келіп орыс ғалымына: «Әмір Темірге тиіспеңдер, аяғы жаман болады, соғыс басталып, қасіретті заман орнайды» депті. Ғалым ғұламалардың сөзін құлаққа ілмей қабірді ашып, ұлы қолбасшының мәйітін ұшақпен Мәскеуге алып кетеді. Айтқандай-ақ, мәйітті ашқан 22 маусым күні түнде фашистік Германия Совет еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, сұрапыл соғыс басталып кетеді. Енді бұған не дейсіз? Әруақтарға тиісіп, қорлаудың соңы осындай зобалаңға ұласқанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Әңгімемізді одан ары жалғайық. 1944 жылы Сталиннің тікелей тапсырмасымен Әмір Темірдің мәйітін Самарқандқа қайта апарып жерлеуді ұйғарады. Мүрдені ұшаққа салып, Мәскеу қаласының үстінен үш айналып ұшып, майдан даласының аспанында біраз қалықтап Самарқандқа бет алып, әйгілі қолбасшыны құтты орнына қайта жерлепті. Адам айтса сенгісіз, сол сағат, сол күннен бастап совет әскерлері немістерді тырқырата қуып, барлық шабуылдары жеңіспен аяқталып Берлиннен бір-ақ шыққан ғой. Міне әруақтың құдіреті, міне әруақтың күші. Ал біз болсақ, әруақтарды елеп, ескергіміз келмейді.
Қысқасын айтқанда, аты аңызға айналған Алпамыс батыр бабамыздың әруағын қолжаулық етпей, тиісті құрметімізді көрсетіп, ардақтай білейік дегіміз келеді. «Әруақ риза болмай, тірінің тіршілігі ешуақытта алға жылжымайды».
Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,
«Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының президенті