Бояушы, бояушы дегенге...
Бояушы, бояушы дегенге...
612
оқылды
Баяғыдааа бір бояушы бо­лыпты. Есікті де, тесікті де боя­ған­да, керемет бояп қояды екен. Бірде оған көршісі: – Сен керемет бояушысың! Бояп жатқанда, қолдарың билеп жатқандай, немесе, дәәу қамырды илкеп жатқандай! – деп еді, мәз болған бояушы оның да дарбазасын бояп тастады. – Ғажап адамсың! Ғаламатсың! Бояуды керемет түсінесің! Бояулар сенің сырласыңдай! – деді тағы бір көршісі. – Жоқ, бояулар менің қатын­дарымдай! – деп мәз болды бояушы көкеміз. Сол күні ол көршісінің дар­базаларын тегін бояп тастады. Қатты берілгені соншалық, жолдың жиегін де бояп қойды, Ол аздай, құдайыға келген қонақтардың туфлилерін де бояп жатты. – Не істеп жатырсың? – деп ашуланда үй иесі. – Бояп жатырмын. – Сен кімсің өзі? – Бояушымын! – Қонақтардың туфлилері мен гәлоштерін бояғаның, қай сас­қа­ның? Ұят болды ғой? – деген үй иесі оны қуып шықты. Кеудесінен итер­ді. Соның өзінде бояушы оның бетін бояп үлгерді... Енді ол бетін бен­зинмен жумаса, кете қояр ма екен? Бояушы ойланып қалды. Не істесе екен? Бояушы ғой? Бір ақ сақалды кісі кетіп бара жатыр екен, жанына жетіп келді. – Кешіріңіз, сақалыңыз өзіңіз­дікі ме? – Жоқ, кемпірімдікі.. – деп қырсықты анау. – Сақалыңызды бояп берсем болады ма? – Боялған сақал оңады ма? – Бояй салайыншы? – Жындысың ба? – Жоқ. – Бәлоқ! Ол кете берген еді, дайындап қойған көк бояуымен оның сақалын бояй бастады. Анау қашты. Бұл қуып жүріп бояп қойды. – Е, енді міне, көк сақал болды­ңыз, ақсақал, – деп мәз болды бояушы. – Мен сені сотқа беремін! – Сотты да бояп тастаймын! – Прокурорға арыз жазамын! – Прокурорды да бояп тастай­мын! – Астанаға арыз жазам! – Астананы да бояп тастаймын! – Бояушы бояушы дегенге... Бояғыш болсаң, өз сақалыңды боя! Сол екен, бояушы көкем ойла­нып қалды. Иегін ұстады. Жоқ, болмайды, сақал өсіру керек! Үйіне барып, шалқасынан жатты. Иегін сипалап қойып. Қырынбап еді, ертеңіне қарайды. Бір апта жатты. Бір айда сақалы қаулап өсіп шыға келді. Қап-қара сақал! Қуанғаны соншалық, айнадан өзін көріп, жымиып қойды. Сосын, ақ сырды алды да, ал келіп, сақалын боясын! Бояушы ғой?! «Бояушы, бояушы дегенге өз сақалын бояпты» деген осындайдан шықса керек. Біздің атқа мінерлер де сол бояушы сияқ­ты. Бір істі қолға алса, қиялдарына қияр өсіп, әрі қарай дамытып, да­литып, далақтатып жібереді ғой! Мәселен, Тараздағы мектепте бол­ған оқиғаны білесіздер. Дәрет­ханада оқушы бүлдіршінді зорлаған маньякты айтамыз. Сол екен, мек­тептерде бейне бақылаулар кө­бей­ді. Құптаймыз! Дұрыс-ақ! Мектеп айналасында, кіре беріс есік ма­ңайларында болғанын құптаймыз. Ал, әжетханалардың ішінде, тіпі қыздар жуынатын бөлмелерде бей­не бақылау болса, оны мектеп басшылығы кабинетінде керіліп отырып, бақылап отырса, бұған не дейміз? Он сегіз жасқа дейінгі қыз­дар да әжетханада... Ұят емес пе? Масқара ғой? Ал, Павлодар об­лысының прокуратурасы балалар­ды қолдау орталығында тәрбиеле­ну­шілердің конституциялық құқы­ғының бұзылғанын анықтады. Сөйт­сек, Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы бұйрығымен орнатылған екен, бұл бейне камералар! Білім басқар­масының басшысы Дінислам Бо­лат­қанұлы былай ақталады: «Қ­а­зақстандағы балалар үйіндегі тәр­биеленушілердің көрген қорлығы, соның ішінде сексуальдық зорлық-зомбылық фактілерінен жаның түршігеді. Сондықтан да, мен кә­ме­летке толмағандардың істері жө­ніндегі комиссияға барлық жа­бық мекемелерде камералар орнату мәселесін ұсындым. Тіпті, жуыну бөлмелері мен әжетханада, жатын бөлмелерінде де камера болуын қа­ладым». Прокурорлар тексері­сінен кейін бақылау камералары алынып тасталды. Бірақ Дінислам Болатханұлы өз ұстанымын «уқа­лап» отыр... Кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс?  

Мұхтар ШЕРІМ