Нұрсиланың шегірткелері
Нұрсиланың шегірткелері
475
оқылды
Міне: Шырылдауық шегіртке Ыршып жүріп ән салған. Көгалды қуып гөлайттап, Қызықпен жүріп жазды алған.   Жаздыгүнгі жапырақтың Бірінде тамақ, бірінде үй, Жапырақ кетті, жаз кетті, Күз болған соң кетті күй.   Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ, Өкінгеннен не пайда? Суыққа тоңған, қарны ашқан Ойын қайда, ән қайда? Осылай, шырылдауық ше­гірткені бәріміз жек көріп кеттік. Сол шегіртке кәсіпкер Нұрсила Ахметбектің түсіне тегін кірді. Шәй ішіп отырған еді, пырылдап ұшып келіп, тізесіне қонды. Сосын былай деді: – Нұрсила Ахметбек мырза сіз боласыз ба? – деп сұрады ше­гіртке. Нұрекең оған бір түрлі қарады. Сөйлеп кеткеніне таң­да­нысын білдіргісі келмей, шә­йі­нен бір ұрттады да, асықпай жұтып, көзін жұмды. Сосын көз­дерін асықпай ашып, ше­гірткеге бажырая қарады да, тіс­тене сөйледі: – Ал, өзің кімсің? – Шегіртке апайыңмын. – Қалай, менен үлкенсің бе? – Ия. Бізде бір сағатымыз бес жылға есептеледі. – Кәрі қақпас екенсіз ғой? – Сіз бізді олай мазақтамаңыз! Бізді әншілерге теңедіңіз! Не жаздық біз сізге? – Осыны айтуға келдіңіз бе? – Ия. Далада бір миллион шегіртке тұр. Сап түзеп. Үйіңізге басып кірсек, қайда қашары­ңыз­ды білмей қаласыз! Нұрекең қарқылдай күлді. Шегірткеден қорқып та тұрған жоқ, оның қыр көрсетуі күлкісін келтірді. Қазір ғой, шапалақпен тізесіне салып қалса, мыжылады да қалады. – Шегіртке ханым, мен шы­рылдап жүріп ала жаздай ән салған, фонограммамен халықты алдаған әншілерді сіздерге те­ңедім. Онда тұрған не бар? Мен олардың түр-түсін шегірткеге ұқсатып, құйрығың бар, қанатың бар, тұмсығың бар деп жатқан жоқ­пын ғой. Мен тек сіздердің әрекеттеріңізге, жалқау­лық­та­ры­ңызға, адал іс атқармайтын­дықтарыңызға теңедім. Ия, ия, әншілерді солай ұқсаттым. – Аа, бізді адамдарға ұқсатты ма деп қалсақ. Біз кейбір арам­тамақ адамдарға ұқсағымыз кел­мейді. Қазір заман өзгерді, бе­керге ала жаздай «гөләйттамай­мыз», егістіктерге қаптап, дән жейміз, жапырақ жейміз, сол үшін бізді улап та жатасыздар. Адамгершіліктеріңіз нөл екен ғой? Қалай өмір сүреміз енді? Дегенмен, сізге рахмет, бізді елеп, әншілерге теңедіңіз.Сау болыңыз! – Пәкә, пәкә... Ол қолын бұлғап жатып, оя­нып кетті. Негізі кәсіпкер Нұр­сила Ахметбектің телебағ­дар­ла­маның бірінде әншілерді ш­е­гірткеге теңегені рас. Әншілер де өре түрегеліп, оны сотқа бе­ре­тінін мәлімдеген. Ал, оны әлеу­меттік желіде «Жарайсыз Нұр­сила! Дұрыс айттыңыз!» деп қош­­­тағандар да, «Мұнысы несі? Ән­ші­лердің бәрі шегіртке емес қой?» деп сабырға тоқтағандар да, «Әй, мұныңыз не?» деп оқты көзін оқтағандар да болды. Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман? Мы­на коллажға Нұрекең өкпелей қой­мас, өзінің «сүйікті» шегірт­кесі ғой?  

Мұхтар ШЕРІМ