– Не жаңалығың бар? – деп сұрады анау.
– Өзіңде на жаңалық? – деп сұрағына сұрақ қойды мынау.
– Естідің бе? Осы Медеу ауданындағы он көшеге элиталы әжетханалар салынады екен.
– Дұрыс қой! Қайта қуанамын.
– Мені таң қалдыратыны әр туалеттің бағасы 96,5 миллион теңгеге салынатыны.
– Қойшы? Керемет шығар? – деп сұрады досы.
– Керемет болғанда, өзі шешіндіреді екен, – деп өтірігін қосып қойды.
– Қалай?
– Туалетке туралап кіресің, бір кезде түймесін басып қалсаң, автоматтандырылған екі робот қол дамбалыңа жармаса кетеді.
– Қорқынышты екен.
– Қорқатын ештеңесі жоқ, түйме, сыдырмаңызды ағытып, дайындап береді.
– Сосын?
– Сосын артыңнан бір теуіп, шығарып жібереді!
– Ой, сен де айтады екенсің, досым!
– Ойнап айтамын. Қайтер екен десем...
– Ойнасаң да, ойлап айтып тұрған шығарсың?
– Ия, оның рас, әр туалеттің сонша миллион теңгеге салынатыны рас деп оқыдым.
– Сонда несімен қымбат екен?
– Білмеймін ғой? Әжетхана ішінде ақылы концерт болатын шығар?
– Ии, сен де айтады екенсің.
– Енді несімен қымбат онда?
Екі достың әңгімесі сізге ұнады ма, ұнамады ма, сенесіз бе, сенбейсіз бе, бұл сіздің құзырыңызда. Ал, біздің айтпағымыз, Алматыда осындай қымбаат әжетханалардың салынатыны рас. Медеу ауданының әкімдігі «Мемлекеттік сатып алулар» сайтында әлгіндей әжетханаларға тапсырыс беріп, талайларды таң қалдыруда. Әкімдік он әжетханаға деп 137,9 миллион теңгесін нысанаға бағыттап қойған көрінеді. «Бұл әжетханалар жақсы, модульді, бұзылмайтын, толығымен металдан болады. Кәріз жүйесі бар жерлерден жалғаймыз. Басқа жерлерде биотуалеттер болады. Біз «Alma Mater» ЖШС – ға екі әжетханаға тапсырыс бердік. Бір айдан кейін республика сарайы мен «Медеу» маңында қойылады. Сосын әкімге көрсетеміз. Егер мақұлдаса, қалғандарын жеткіземіз» – дейді компания басшысы Ерлан Исаев.Жалпы Қазақстанда 260 әжетхана салынатыны белгілі болды. Бір әжетхананың бағасы 23 миллион теңге деп көрсетілген... Мүмкін, алтын жалатылған унитаздар шығар, кім білген?
Қалай болғанда да, мың өлшеп барып, бір-ақ рет кескен жөн ғой деген ойдамын. Дегенмен, әкімдікте бізден де ақылдылар отыр ғой, бір ойлағандары бар шығар? Қай бір жылы Жетісай қаласында осындай өте қымбат көпшілік әжетханасы пайдалануға беріліп, артынан талай сынға ұшыраған еді. Айтпақшы, Шымкентке де осындай әжетханалар керек екен. Қымбат
Әжетханалардың бағасы да қымбат болар бәлкім? Сосын, облыстық туалет, аудандық туалет деген статус берілсе, ә? Қызық болар еді, ә? Бәріне уақыт төреші, кезінде көре жатармыз!