Афоризм деуге аузым бармайды...
Афоризм деуге аузым бармайды...
310
оқылды
Талап пен Жігер болса, шы­на­шақтай адам да шыңға шығады.

*   *   *

Түс көргенде сағынып ояна­тын адам бары қандай ғанибет.

*   *   *

Біздің қоғамда партияны сы­науға, мінеуге болмайды. Партия да тірі организм. Оның да қа­те­лігін айту керек. Өсеміз десек…

*   *   *

«Әншейіндегі жайшылықта емес – қиын-қыстау қиналғанда Адамгершілікті жоғалтпау Аза­матқа ғана тән.

*   *   *

Бұрын сынақтардан қорқушы ем.. Қазір "сымақтардан" қор­қа­тын болдым... Ақынсымақ, әкім­сымақ...т.т...

*   *   *

Құдайға табынудан да Кө­семге табыну қиын..

*   *   *

Жалған ұран да жәлап­тық­тың бір түрі.

*   *   *

Ұлтқа қызмет ету – Ба­лаң­ды тәрбиелеуден басталады.

*   *   *

Ақыл айту – ақылдылықтың белгісі емес...

*   *   *

Біреулердің басы бар да – көзі жоқ. Біреулердің тілі бар да – сөзі жоқ... Асан Қайгы жер Ұйығын тап­пады.... Ал шындықтың аты бар да – өзі жоқ...

*   *   *

Отанға деген Махаббатты айқайлап айтпайды..

*   *   *

Тәніңді жалаңаштау кез-келгеннің қолынан келетін шаруа. Aл жаныңды жалаңаштау ол азап, ол қорқыныш, ол төменге түсер сатыдай тар жол тайғақ кешу... Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейді... Бұл Aқынның тағдыры.

*   *   *

Режиссер тек қана актер­лардың ғана ұстазы емес, ол көрерменнің де ұстазы...

*   *   *

Депутат болу – данышпан­дықтың белгісі емес...

*   *   *

Ана тіліңді сақтау алдымен Ер азаматтарға байланысты, ал Ұлтыңды сақтау алдымен қыз-келіншектерге яғни әйелдерге байланысты.

*   *   *

Патриотизм – Ұлттық  арнаны көруден басталады.

*   *   *

Үш қиналыс: Қазақтың  жап-жас қыз-жігіттерінің өзге тілде сөйлеп, ана тілін білмегеніне қи­налам, Еңгезердей 4-5 поли­цей­лер­дің шырылдатып әйел мен ке­мпір шалды автозакқа тық­қанына қиналам, Қазақтың бар байлығы шикізат боп шет ел асып, өзіміздің өңдейтін за­водфабриканың жоқтығына қиналам.

*   *   *

Үш мақтаныш:  Қазақ болып туғаныма мақтанам, Бала­ларымды Азамат етіп өсіргеніме мақтанам, қандай қиын кезде де мен Өнерімді, Өнер мені сатпа­ғанына мақтанам.

*   *   *

Үш өкініш – Москвада қал­мағаныма, "Мосфильмнен” кет­кеніме өкінем. Бұрын: Санасыз ғұмырымның саналы уақыттарын көрінген шенеуніктің кабылдау бөлмесінде өткізгеніме, Қазір Санаулы ғұмырымның санасыз уақытын смартфонда өткізе­тініме өкінем

*   *   *

Депутат көп – Дуалы ауыз жоқ.

*   *   *

Жұлдыз көп – жылуы жоқ, Мисстер көп – сұлуы жоқ...

*   *   *

Ауыл бар Анасы жоқ, Ғалым бар, Данасы жоқ...

*   *   *

 Қазір ақшаға сатып алуға келмейтін аз-ақ нәрсе қалды: Ол ақыл, яғни Ой, сонан кейін Бой... Және Құдай берген Дарын...

*   *   *

Артист бар – бойы қысқа... Бойынан ойы қысқа... «Қайрат» бар – қайраты жоқ, Ұран бар –  Ойраты жоқ...

*   *   *

Дәрігер көп – емші аз, мұғалім көп – ұстаз аз. Тобыр бар Тұлға жоқ. Құлақ бар– Құлық жоқ.

*   *   *

Өзім үй қамақта, ал көңіл Космоста...

*   *   *

Массовка тек сахнаға жарас­қан,  ал өмірдегі массовка түптеп келсең кассовка...

*   *   *

Ұятын жоғалтқан Елдің есігін екі ит күзетеді:  Тендер ит пен Гендер ит.

*   *   *

Дүниедегі қиын нәрсе  – Біреу­дің сөзін сөйлеп сойылын соям деп – Өзінің қысылатыны...

*   *   *

Бірде-бір адам қалыс қал­май,  қарсы шықпай қабылдан­ған карарға мен сенімсіздікпен қараймын...

*   *   *

 Ешкімге өкпелемей, біреуді ренжітпесең бұл да Адамдық кітабыңның бір сәтті беті.  

Талғат ТЕМЕНОВ