Негізі адамдардың маңдайында: «Жақсы адам», «Таза адам! «Ұры адам», «Жемқор адам», немесе: «Қанішер», « Қатын алғыш», «Алаяқ», деп жазылып туылса? Оой, онда қызықтың көкесі болар еді! «Ұры адам» деген жазуы бар пендеңіз ұрлыққа өмірі бармаса керек. Маңдайында жазулы тұр, біліп қояды ғой.
«Қатын алғыш» деген жазуы бар жігіт үйлене алмаса керек...
Ер жеткенде, қызбен таныса бастағанда:
– Мен сені өмір бойы сүйіп өтемін! – дейді.
– Шын айтып тұрсыз ба?
– Ия, жаным!
– Алдамайсыз ба?
– Алдасам, арыққа құлап өлейін!
– Қойыңыз, жаман екен ойыңыз, енді болмайды біздің тойымыз!
– Неге?
– Өйткені, саған сенбеймін! Пешенеңізде: «Қатын алғыш адам» деген жазу тұр ғой?
– Оой, қателесіп жазылып кеткен ғой.
– Сонда қалай?
– Негізі, мен егіздің сыңарымын. Сыңарыма «Отаншыл азамат» деген жазу кетіп қалыпты. Ол менікі болатын.
– Қайдағыны айтпаңызшы, сау болыңыз!
Міне, көрдіңіз бе? Жолы болмайтын еді! Маңдайында «Маньяк» деген жазуы бар адамды көрсеңіз, құшақтасып көріспейтін шығарсыз? Сонадайдан көрінгеннен тұра қашасыз ғой? Сондықтан, пешенемізге жазылатын тағдырлар о бастан көрінбей жазылады! Адам оны білмейді. Қашан қайтыс болатынын білмейтіні сияқты. Ал, Қазақстан республикасы қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақовтың пешенесіне сұмдық нәрсе жазылған. Көөп сөйлемдер жазылған. Маңдайынан орын жетпеген соң, беттеріне, сосын арқасына жазылған. Ол кезінде кім еді? Адмирал!
Мен, мен, мен едім,
Мен гарнизонда жүргенде,
Екіленген ер едім,
Атағымның барында,
Ырылдаған бөрі едім,
Қай бастықтан кем едім?
Мықтылармен тең едім! – деп жүрген адмирал ғой!
Неге дейсіздер ғой? Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін алты жылға сотталды. Ақмола гарнизонының әскери соты оны «вице адмирал» атағынан айырып, 42 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Бүгінде түрмеде отырған адмирал аш екен. Өйткені, өзін «судан таза, сүттен ақпын» деуден тайынбай, осы күнге дейін нәр татпаған. Аштық жариялап отыр. Егер, адмирал кінәсіз болса, онда оны соттаған сотың да, тергеушілері де құрдымға кетті деген сөз! Кімге сенеміз сонда?